Әйелі күйеуіне сыпайы сөйлеуі тиіс

31 шілде 2021 7009 0
Оқу режимі

Мұсылман әйелдің жүзінің жылылығы сияқты, сөзінің де жылылығы иманының белгісі. «Иманы бардың белгісі, тілінен тамар шырасы» деп Шортанбай ақын айтпақшы, сыпайы сөйлеу – мұсылмандық әдебі. Мұсылман әйелдің еріне ілтипатпен тіл қатуы ерлі-зайыптының арасындағы сыйластықтың артуына себін тигізбек. Үйіне шаршап-шалдығып жеткен күйеуіне әйелінің тәтті тілімен, сүйкімді қылықтарымен шаршағанын ұмыттырып, көңілін жаулай білгені неткен керемет десеңізші. Мұндай бақытқа ие болған еркек сырттан шаттық іздей ме?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мұсылман ер кісі жұбайына сүйіспеншілікпен қарағанда әйелі де оған сүйіспеншілікпен қараса, Алла Тағала екеуіне де рақымдылық назарымен қарайды. Күйеуі әйелінің қолынан ұстаған кезде екеуінің де саусақтары арасынан күнәлары төгіледі», – деп баяндайды. Хадистен көріп отырғанымыздай, ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарап, құрметтесе, сыпайы сөйлеп, жылы шырай танытса – онда мұндай шаңырақты Алла Тағала да назарына алып, рақымдылығына бөлеп, нәсібін арттырмақ.

Сондай-ақ, мұсылман әйел күйеуіне бұйрық беруден бойын аулақ салып, сыпайы да, жылы сөйлеуге әдеттенуі керек. Ертеректе апа-әжелеріміздің ерінің атын да атамай, «отағасы», «қожайын» деп атағанын өзімізге үлгі етсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Мұсылман әйел күйеуіне жекіп ұрыспауы, бостан-босқа тартыспауы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінікі дұрыс болса да, өзгелермен таласып-тартыспаған адамға жәннаттың шетінен үй берілетініне кепілмін. Қалжыңдап болса да, өтірік айтпаған адамға жұмақтың қақ ортасынан үй берілетініне кепілмін. Сондай-ақ мінез-құлқын көркейткен адамға пейіштің төрінен үй берілетініне кепілмін», – деген[1].

Хадисте айтылғандай, өзіміздікі дұрыс болған күннің өзінде де егесіп, сөз жарыстырудан аулақ болған жақсы. Жалпақ тілмен айтқанда «Екі елі аузына төрт елі қақпақ» қойып, өзінің нәзік тұлғасына лайықты орнын білгені жөн. Әйел заты еркекпен ерегісіп абырой таппақ емес. Оның орнына айтпақ болғанын кейінге қалдырып, ыңғайы келгенде жаймашуақ әңгімелесу арқылы түсіндірген тиімді.

Мағауия ибн Қарра әкесінен риуаят еткен деректе: «Бірде Омар ибн әл-Хаттабтың жамағатқа арнаған құтпасында «Аллаға иман келтіргеннен кейін ер-азамат жақсылықтың ең көбін жасаушы – көркем мінезді, өзі ұнататын және бала туатын әйел. Ал Аллаға күпірлік келтіруден кейін тілі ащы, мінезі нашар әйелден өткен жамандық жоқ. Алламен ант етемін, олардың ішінде олжа ретінде алынбайтын, өтемақы ретінде құтылуға лайық әйелдер бар» деп айтқан[2].

Дінімізде қарғыс айтуға тыйым салынған. Алда-жалда ерлі-зайыптылардың арасында көңілдеріне қаяу түсіп, ұрыс-керіс туа қалғанда өш алу мақсатымен айтылатын сөздердің алғашқы легінде қарғыс жүреді.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйелдерге былай дейді: «Уа, әйелдер, садақа беріңдер, Алладан үнемі кешірім тілеңдер, себебі мен тозақтықтардың көбінің әйелдер екенін көрдім». Сол әйелдердің ішінен біреуі: «Уа, Алланың елшісі, тозақтықтардың басым көпшілігі неліктен біз боламыз?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер қарғысты көп айтасыңдар және күйеулеріңе алғыстарың жоқ», – дейді[3].

Әйелдің күйеуін, балаларын қарғауы өзі мініп отырған ағашты кескенімен бірдей. Қарғыс тиіп олардың басына жаманшылық келген күнде ең алдымен әйелдің өзі қиналады. «Құрып қалғыр», «қараң батқыр», «одан да өле қал» деген секілді қарғыс сөздердің кесірі бірінші болып әйелдің өзіне тиеді.

Әйел ашулы сәттерінде де күйеуінің алдында өзін-өзі ұстай білуі қажет. Сонда абыройы төгілмесі анық. Осы тұрғыда Айша анамыздың (р.а.) әдептілігін тілге тиек етуге болады. Ол әрдайым асыл жарының алдында әдептен озбайтын. Бұны мына хадистен көре аламыз. Хазірет Айша анамыз былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) маған «Мен сенің ашулы екеніңді я болмаса көңілді екеніңді дереу біле аламын», – деді. «Оны қайдан білесіз?» – деп сұрағанымда, «Маған риза болған кездеріңде: «Жоқ, Мұхаммедтің Раббына ант етейін» дейсің, ал ашуланған сәттеріңде: «Жоқ, Ибраһимнің Раббына ант етейін» дейсің», – деп жауап қатты. Сонда мен: «Дұрыс айтасыз, Уа, Алланың елшісі. Алайда мен тек қана сіздің есіміңізді атамаймын», – дедім[4]. Көріп отырғанымыздай, Айша анамыз күйеуіне ренжіген сәттерінде де оған әдепсіздік танытпаған. Атын ауызға алмау арқылы ғана ренішін сыпайы түрде білдірген. Бірақ өмірлік қосағының атын жүрегінен еш өшірмеген. Өзі де «Тек қана есіміңізді атамаймын» деу арқылы ақыл-естен адамды жұрдай ететін ашулы сәттерде де күйеуіне деген сүйіспеншілігінің жүрегінде сол қалпы сақталатынын меңзеген еді.

Шәмшат Әділбаева


[1] 75 Тирмизи, Бирр, 58
[2] Байһәқи, Сүнән, VII, 82-бет
[3] И. Жанан, Хадис ансиклопедиси, X-т., 94-б
[4] 78 Бухари, Никаһ, 108

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру