АТАЛАР СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ

22 қараша 2023 3143 0
Оқу режимі

Бірде қалың топ арасында тар жолды жиектеген екі қартпен қатарласып қалдым. Шамалары тоқсанға жетер-жетпес, ажырамас үшін алақандарын айқастыра мықтап ұстап алған бір-бірінің қолдарына көзім түсті. Ақ жаулығына оранған қарт әжей аракідік Алланы айтып, күбірлеп қояды. Өздері бір-бірін сүйемелдеп, бірін-бірі демеп, қалт-құлт еткен күйде жетекшілерінен бір елі қалғылары жоқ. «Әй, шал, жетіп қалдық» деген әжейдің күш-қуатының әлі де баршылығы байқалады.

Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде болады емес пе, ақ самайлы қазақы тақиядағы жүрісінен шаршаған қарт жұбайын жұбатқан әжеге бір адам: «Қарттарым-ау, аман есенсіздер ме, әлі қол ұстасып жүрсіздер, бұл деген бақыт қой. Қосағыңмен қоса ағар деуші еді үлкендер, сол батаға кенелген екенсіздер. Аман болыңыздар әрдайым, Алла өмір берсін сіздерге», – деп тамсана сөйледі. Бұл сөзге көңілдері көлдей болған қарттар сол арада арқа-жарқа жүректерімен батасын беріп жатты. Негізінде, «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген мерген қазақ едік. Бүгінде сол бата бар ма, ол қажет пе, оған зәру ме, оны ескере ме деген ой туды.

Бала кезімізде үлкендердің қабағынан қорқатынбыз. Үлкендердің алдын кесу, қарсы келу, сөзіне құлақ түрмеу, ақылын тыңдамау, жөнсіз ренжіту, қарғыс есту мүлдем болмаушы еді. Үлкеннің көзі мен сөзінің өткірлігінен болар, үйге бір қария келе қалса, анамыздың етегі қорған-тын. Құрметтілігін даралайтын олардың ақ сақалдары еді. Дегенмен, абзал аталардың теңдессіз талғамдағы әрбір асыл сөздері бәрімізді тәнті ететін. Саналы ғұмырынан алынған сырлы әңгімелері баршаны ұйытатын. Ұлағатты батадан тұратын  игі дұғаларына жұрт құштар келетін.

«Жөн сөз – көңілді өсіреді, жөнсіз сөз – үмітіңді өшіреді» дегендей, ол дәуір батаның заманы еді. Ықыласын өрнектеген аталар кітап тілін білмесе де, асып-тасыған білімі болмаса да, ақ батасынан жаңылмайтын. Өйткені, жамандықты жанына жуытпаған, жақсылыққа ұмтылған жандар болатын. Сондықтан болар, ойлары алғыр, сөздері дөп келетін.

Дегенмен, «Түсі игіден түңілме» деген әке-шешеміз түзу жолда жөнді ақыл беретін әулиенің, мейірімі тасыған, жүзі жылы, иманы күшті діндардың, ел аузындағы шешеннің, сабыры салмақты басшының, рухы мықты батырдың, еліне сыйлы еңкейген қарттың, жұртына қадірлі ақсақалдың дуалы аузына қарататын. Сол игіліктегі баталар халыққа ерекше құдіретті, сенімге күш беретін қастерлі жолдама еді.

Ата сөзі дарып мол,

Ақ уызға арып бол.

Абылайдай алып бол,

Шоқан сынды жарық бол.

Абайға ұқсап милы бол,

Құрманғазыдай күйші бол.

Ақандайын сері бол,

Қажымұқандай ері бол.

Сәкен сынды сұңқар бол,

Бағың жанып әрдайым,

Жақсыларға жақын бол.

Бәрінен де құлыным,

Аман бол, қалқам, аман бол! – деген бабалар ұрпағына жарты ғасырды дәріптеп, тәй-тәй басқан қадамдар мен ойға алған дүниеге игі жақсыларды үлгі ететін.

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген өсиетпен өскен біздер, батадан бақ даритынын сезетінбіз. Сол уақыттың өрендері ақылдан парасатты, төзімнен қайратты, жүректен нұрлы, өмірде ілкімді болып өсті.

Ал, қазіргі тұрмыс билеген заманда тағдырын уысында ұстап, тура жолынан адасқандарға батаның қадір-қасиеті жоғалған тәрізді. Тарам-тарам болған мұңынан арыла алмай, мешітке келеді. Сонда, мешіт молдасынан бұрын, әуелі ата-ананың батасын алуды ұсынамын. Алайда, қазіргі үлкеннің пейілі тарылды ма, арадағы арна жоғалды ма, іштегі ниет таусылды ма, әйтеуір ертеден жалғасын тапқан ата салтының әлсіз күйі байқалады.

Бата – көңілдің көзін ашатын, атадан жалғасқан гауһар тас. «Жақсы сөз – жарым ырыстан» тәлім алған бабалар мұрасы. Адамзат рухына серпіліс беретін имандылықтың насихаты. Себебі, батаның басы дұға, бойы ғибрат, аяғы тілек, қалыбы тәрбие, негізі сенім. Ал, сенім адамды ешқашан өлтірмейді. Дұға қаза мен тағдырды өзгертсе, бата адамға үміт беріп, ғұмырын ұзартады. Біреулер батаны діни наным-сенімге немесе өнерге теліп жатады. Оны ақыл – кеңестен тұратын аталар ғұрпы десем болады, бірақ өнер емес. Өйткені, батаның жөні мен жолы бар. Әлемнің көпшілігінде мұндай бата беру жоралғысы жоқ.

Бата бісмілләдан басталып, Ұлы Алланың мейірім шапағатына ұласқаны жөн. Тастақ жерді басқан тағасыз аттай, бата беруші кібіртіктемей, сөзінде иман нұры мен салмақты ой, ұтымды ақыл болғаны жөн. Түсінікті түрде мағынасы болғанымен, ұйқастың болуы шарт емес. Мәтіні үнемі өзгерісте болғаны жақсы. Яғни батаның сөздері қайталанбай, бай тіліміздің өренді сөздерімен түрленіп жатса игі. Төрт немесе алты шумақтан тізілуі, қара өлеңге жалғасуы міндетті емес. Жаттанды ұран, жалаң сөз, құрғақ тіл шынайы батаға жатпайды. Ол жүректен иірілетін тұнық сөз. Естіген жанды рухани ләззатқа, жүрегін қуанышқа бөлейтін, алдына мақсат қоятын дәрежеге көтеруі тиіс.

Батаны тілекпен шатастырмау керек. Тілек – кез келген жердегі кез келген адамның ниеті мен алғысы. Ал, бата өмірді көркемдейтін дұға, жанға шипа, жүрекке дауа, көңілге ем, сенім қаруы. Көбіне қазақта сәби туылғанда, сүндетке отырғанда, оқуға барарда, жастар үйленгенде, алыс сапарға аттанғанда, тіпті қиналғанда бата алып жатады. Ол дұрыс, алайда тал бір жерден көгереді. Жастайынан батамен өскен бала батагөй болғандай, батаның рухы әрдайым әркімге әркез қажет-ақ. Ал, тыңдаушының құлағы қырағы болып, жүрегі қабылдаса, ары мен намысы оянады. Сол түста сәті түскен іс тәрізді, дер кезінде салынған ем ретінде бата сананы жаңартады. Ал, құр тыңдаудан өмір өзгермейді, дүние көгермейді, адам көктемейді.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға бір сахаба келіп: «Дұға мен тілегім әрдайым қабыл болу үшін не істейін?», – дегенде, «Жеп-ішер ас-суыңды тазала», – депті. Бұдан Аллаға адал, жаны тақуа, жүзінде иманы, тілінде тәспісі, жүрегінде зікірі, шындық пен әділдікті қалаған, өтірік пен өсекке араласпаған, рухани таза адамның батасы қабыл екенін байқау қиын емес.

Кейбір баташылдардың Алламен байланысы, ойында жігері, сөзінде сенімі, бойында тазалығы болмай жатады. Одан басқа, кейінгі кейбір азын-аулақ баталардың сиқы әзіл-қалжың мен күлкі, тіпті сықаққа айналып, тым қатты мақтаудың аяғы жағымпаздық, соңы қарғыспен аяқталып жатады. Мәселен,

«…Алла сені оңдасын,

Саған жамандық ойлаған,

Екі дүниеде оңбасын, – деген сөздермен нәлеттейді. Діни тұрғыда, қарғыстың екі ұшы, яғни өзіне қайтатын жағы да болуы мүмкін. Дегенмен, өткенімізді ұмытпайық. Бүгінгі өнген ұрпағымызды ата сөзімен өсіріп, бабалар бұлағын ұғындырайық. Даналар өсиетімен тәрбиелеп, ұлылар жолына бағыттайық. Ата деп келген ұрпағына ақсақалдарымыз бұлақты батасын бере жүрсін…

 

Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру