АР, НАМЫС ЖАЙЛЫ ИСЛАМДА НЕ АЙТЫЛҒАН

27 маусым 2024 1867 0
Оқу режимі

Ар, намыс дегеніміз барлығынан да биік ұғымдар. Қазақ халқы «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деп ар, ұят мәселесін жаннан да биік қойған.

Бұл намыс үшін, ар үшін жанды құрбан ету деген сөз. Ар, иман егіз ұғымдар. Ар мен имен тұрған жерде парасат та, ақыл да, жігер де тұрады. Барлығы иман мен арға келіп тіреледі. Хакім Абай атамыз да бұл жайлы өз өлеңдері мен қара сөздерінде жеріне жеткізе айтқан.

Халқымыз: «Ерді - намыс өлтірер, қоянды - қамыс өлтірер» деген. Яғни ер азамат намысты, арлы болу керек деп, аталарымыз ұрпақтарына өсиет еткен.

Қазақтың ар мен намыс туын биік ұстаудың нәтижесінде бабаларымыз өз елін, кең даласын сақтай білді. Тұтастығы бұзылған жоқ, туы жығылған жоқ. Ол қазақтың қанына сіңген намыс пен иманның арқасы. «Өлімнен ұят күшті» дейді, бабаларымыз. .Бұл нақыл күні бүгінге дейін өз құныны жойған жоқ. «Жарлы болма, арлы бол» деген бабалар сөзін әр ұрпақ есте бекем сақтау керек. .

Ислам ғұламалары да ар мен иман, намыс жайлы көптеген ғибраттар қалдырған. «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген хадистен осыны байқауға болады. (Бухари, Риқақ 23)

Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық,»-деген. Міне, исламдағы ар мен ұят ұлтымздың нақылдарымен өзара ұштасып жатыр.

Ардақты пайғамбарымыз:(с.ғ.с) былай деген: «Ұят-иманнан, ал иман жәннатта болады. Бұзық сөз-дөрекіліктен, ал дөрекілік тозақта болады». (Тирмизи) Иман мен ар жәннатқа тән деген сөз болса керек.

Пайғамбарымыз(с.ғ.с) өзінің бір хадистерінде тағы да ұят туралы: «Иманның 60 бұтағы бар. Соның бірі ұяттылық» деген. «Ұятты болу – иманнан». Тағы да «Иман және ұят ажырамайтын егіздер, бірі жоғалса екіншісі де кетеді» – деген. Бұл асыл тағылымдар әркімнің көкірек көзінен берік алуы тиіс.

Қасиетті Құранда «Нұр» сүресі 19-аятында «Расында сондай мүміндердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге: дүние, ахиретте күйзелтуші азап бар».деп ескерткен.

Әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала «Кітаптан саған уахи етілгенді оқы және намазды орында. Шын мәнінде, намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Ал Алланы еске алу-аса ірі нәрсе» дейді. (Әнкабут сүресі, 45-аят) Адам баласы Ұлы Алланы ескен алу арқылы барлық күнәлардан тыйыла алады, және ар мен ұятқа берік бола алады деген сөз.

Ардақты пайғамбарымызда (с.ғ.с) ар мен намысты иманның туы еткен. «Расулулла (с.ғ.с) бейпіл сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін. Әрі сендердің абзалдарың мінез-құлығы жақсы болғандарың» дейтін. (Бухари, Муслим)

Ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл-Фараби: «Ар-ождан алдындағы адалдық - өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты» деп өсиет қалдырған екен.

Ар мен ұят, иманымыз түгел болып Ұлы Жаратушының мейріміне бөленейік! .

 

Ибраһим қажы ҚАРНАҚБАЙҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру