АҚЫРЫ ӘРУАҚТАР БІР АУНАП ТҮСКЕН ЕКЕН...

06 маусым 2024 1613 0
Оқу режимі

«Әруақ қолдасын!» мәселесі бірнеше аптадан бері қоғам арасында дауға айналып отыр. Тынатын түрі жоқ. Негізінен, ақиқатына келгенде, дау шығаратындай да мәселе емес еді. Қазақ әдебиетіне үңілсеңіз, бабалар сөзіне көз жүгіртсеңіз, «әруақ қолдасын», «Қызыр қолдасын», «әулие-әнбие қолдасын» деген сөз тіркестерден аяқ алып жүре алмайсыз. Ауылда бата берген қарияның аузынан әлі күнге дейін осы сөздерді естисіз. Ал біз мына жақта бүкіл бабамызды мүшрікке шығара сап, әдебиетіміз бен мәдениетімізді мансұқтап отырмыз. Бабаларымыз бұл сөзді қолданса, сөздің төркінін біліп қолданған шығар? Біз ғой сөздің төркінін білмей, дүбара бір ұрпақ боп, бүйректен сирақ шығарып жүргеніміз.

Әуелі, қазақ «әруақ» деп кез-келген дүниеден озған жанға емес, Аллаға дос болған, Құдай жолымен жүріп, осы жолда жан тапсырған әулие құлға айтқан. Бұған пайғамбар, әнбиелерден бастап, барлық Алланың сүйікті құлдары кіріп кетеді.

Екіншіден, «қолдау» деген сөзді «Құдайға ғана тиесілі, басқаға таңуға болмайды» деудің қажеті жоқ. Сөздің аясын тарылтып, тек бір мағынада ғана қолданып, тікелей ғана түсіну – «буквализм» дертіне шалдыққан уаһһабизм және соған ұқсас топтарға тән бір әдет. Қазақ сөздің аясын кең тұтқан, соның себебінен ойлау өрісі де кең болған халық.

«Қолдау» сөзі тек Аллаға ғана тиесілі қолданатын сөз» дегеннен арылуымен керек. Бұл сөзді күнделікті қолданып жүр емеспіз бе? «Мені қолдаңыз», «Мені қолдап дауыс беріңіздер», «Сізден қолдау тапқым келеді» деген сөздерді күнделікті қолданып жүргеніміз ақиқат. Бұл кезде Аллаға серік қосушылық емес екен де, әруаққа келгенде серік қосушылық па? Әруақ та, адам да Алланың жаратқандары емес пе? Егер «қолдау» сөзі Аллаға серік қосушылық дейтін болсақ, онда адам үшін де қолданбауымыз керек еді. Сондықтан да, сөздің қолданысы деңгейіне қарай әртүрлі мағынада келе береді.

Бұл барлық тілде де солай. Мәселен, түріктерде де «сыйыну» (sığınmak - сығынмак) деген сөз бар, мағынасы біздікіндей «паналау», «арқа сүйеу» дегенді білдіреді. Осы сөзді түріктер әртүрлі деңгейде әртүрлі қолданады. Мәселен, “yağmurdan eve sığındım”, яғни «жаңбырдан үйге «сыйындым» десе, «жаңбырдан үйді паналадым» дегені, “İngiliz sefaretine sığındım”, яғни «Англия елшілігіне «сыйындым» десе, «елшілікке саяси пана іздеп бардым» дегені, “Şeytanın şerrinden Allah’a sığındım”, яғни «шайтанның жамандығынан Аллаға сыйындым» десе, «шайтаннан келетін жаманшылықтан Алланы паналадым» дегені. Міне, бір «сыйыну» сөзі үш жағдайда, үш түрлі деңгейде қолданылып тұр. Мұндай мысал Құранда да, яғни араб тілінде де бар:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ ۚ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

Осы аяттағы صلّى сөзі «намаз оқу», «дұға ету» деген мағынаны береді. Егер сөздің аясын тарылтып, тек бір ғана мағынада қолдансақ, онда «Аллаһ Тағала да, періштелер де Пайғамбарға намаз оқиды, ей мүминдер сендер де оған намаз оқыңдар» деп аударуымыз керек болады. Ал бұл ақылға қонымсыз, күпірлікке, серік қосушылыққа алып келеді. Сондықтан да, ғалымдар «соллә» сөзі Аллаға қатысты қолданғанда, «Алланың Пайғамбарды кешіруі», періштелерге қатысты қолданғанда, «періштелердің Пайғамбар үшін Алладан кешірім сұрауы», мүминдерге қатысты қолданғанда, «мүминдердің Пайғамбарға салауат айтуы» деп, бір сөздің үш деңгейде үш түрлі мағынада қолданылатынын айтқан. Ендеше кейбір жырларымызда кездесетін «аруаққа сыйыну» (Пірім менің Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай, (Жамбыл)) дегенді де Алланың деңгейінде қолданылатын, құлшылық мағынасындағы сөз деп қабылдамауымыз керек. Әйтпесе, көптеген бабаларымызды кәпірлікке шығарып жібереміз.

Ал енді «әруақ – өлген ғой, ал адам – тірі, сондықтан да адамнан қолдау, жәрдем сұрауға болады» дегіңіз келсе, біздің дінімізде адамға «өлген» деген сөз қолданылмайды. Абай: «Мені (жан) мен менікінің (тән) айрылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», – дейді. Біз сондықтан да дүниеден озған адамға «қайтты», «Аллаға қайтты», «Аллаға қауышты» дейміз. Ал Аллаға қауышқан адам, шын мәніне келгенде, Алланың құзырына бізден гөрі жақын деген сөз. Оның үстіне сөз Алланың әулие құлдары жайлы болуда. Ал олар жайлы Құранда: «Алла жолында өлтіріліп, шейіт болғандарды өлі деп ойлама! Керісінше, олар тірі әрі Раббыларының дәргейінде ризық-несібеге бөленуде», – делінген (Әли-Имран, 169-аят).

Енді осы жерде біз бұл дүниедегі адамға: «Ей, Самат, маған жәрдем ет!», – десек, Аллаға серік қосушылық бола ма, жоқ па? Сіз «жоқ» дейсіз. Себебі, сіз жәрдем сұрап тұрған Саматтағы қуаттың, қабілеттің, ақылдың, күштің, байлықтың Алладан келіп тұрғанына сеніп тұрып жәрдем сұрап тұрсыз. Егер «Саматтағы ақыл, қабілет, күш, байлық, қуат Алладан емес, Саматтың өзінен, мен сонысына сеніп, жәрдем сұрап тұрмын» десеңіз, міне, онда сіз шын мәнінде Аллаға серік қосушысыз. Немесе «Мына дәріні ішіп едім, шипа тауып кеттім», болмаса, «Ей, дәрігер, ауырып тұрмын, мына ауруымнан жазылуға жәрдем ет» деген сөзді күнде қолданамыз. Бұл сөздің де астарында «шипа беруші Аллаһ, дәрігер де, дәрі де бір себеп» деген сеніміміз жатқандықтан да бұл сөзіміз Аллаға серік қосушылық емес деп қабылданады.

Осы секілді сөздер күнделікті қолданысымызда өте көп. Бұл сөздеріміз Аллаға серік қосушылық болмаса, неге әруақ мәселесіне келгенде бұл сөздерден шошимыз? Әруақтың қолдауы, медет беруі, желеп-жебеуі де тек Алланың ғана қалауымен, әулиелерге берген қуатымен, қасиетімен, қабілетімен емес пе? Біз дүниелік мәселелерге келгенде басқа стандартпен қараймыз да, руханиятқа келгенде неге басқа стандартқа ауысып кетеміз? Аллаһ Тағала қолдаймын десе, ол уақыт та, мекен те, кеңістік те, себептің жынысын да талғамайды. Біреуге жәрдемді дәрімен де, дәрігермен де, біреуге өрмекшімен де, көгершінмен де, біреуге бұл дүниелікпен де, о дүниелікпен де, біреуге көзге көрінетінмен де, көрінбейтінмен де беруі мүмкін. Оның үстіне жанымыз қысылғанда да медицинаға жүгініп, «Медет иә Сина!» деп жүрміз ғой.

Ал енді әруақтардың естуі, дұға етуі мәселесіне қатысты дау жоқ шығар. Пайғамбарымыздың (ﷺ) соғыста қаза тапқан мүшріктермен сөйлескендігіне, қабірдегілерге сәлем бергендігіне, олардың «уағалейкумсалам», яғни «Алланың саған сәлемі болсын!» деп сен үшін дұға етіп жауап беретіндігіне ешкім қарсы уәж айта алмас. Бұған дәлел хадистер жеткілікті. Пайғамбарымыздың, Хазіреті Омар мен Әбу Бәкірдің қабіріне барып тұрып «Уа, Алланың Елшісі, Уа, Омар, Уа, Әбу Бәкір!» деп тұрып амандасып та жүрміз ғой.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың рухымен де, денесімен де көкке көтерілген «Миғраж түні» бірқатар пайғамбарлардың әруақтарымен кездесіп, сөйлесіп, олардың Пайғамбарымыз бен үмбетін қолдап, біздерге жаны ашып, 50 уақыт намазды 5-ке түсірткізуі, «жәннат бақшалары құнарлы, үмбетің құрма бағын ексін» деп, арнайы зікір үйретуі – бұның бәрі әруақтың қолдауы емей немене? Аллаһ Тағала сол намазды бәрібір бес уақытқа түсетінін біліп тұр, біле тұра араға Мұсаны салмай-ақ, әу бастан 5 уақыт етіп Пайғамбарымызды біржолата кері жөнелте салмады ма?

Тағы бір мәселе Пайғамбарымыздың: «Кімде-кім иен далада бір нәрсесін жоғалтса немесе қандай да бір жәрдемге мұқтаж болса, «Ей, Алланың құлдары! Маған жәрдем етіңдер» десін. Өйткені, көзге көрінбейтін Алланың құлдары бар. Ақиқатында, бұл тәжірибемен айқын болған бір ақиқат», – деген хадисі бар. Бұл хадисте Пайғамбарымыз біздерге «Ей, Алланың құлдары» дегізбей-ақ, тікелей «Алладан жәрдем тілеңдер» деуіне болатын еді ғой. Бірақ Пайғамбарымыз Алланың құлдарынан медет тілетіп отыр? Демек, Аллаһ Тағаланың қалауымен, рұқсат етуімен Алланың бірқатар құлдары жәрдемге себеп бола алады деген сөз.

Сахабалардың өмір тарихында да «Йа, Мұхаммадаһ!» (Уа, Мұхаммад!) деп Пайғамбар атын ұран еткен жағдайлар бар. Мәселен, Халид Уәлидтің Ямама соғысында «Уа, Мұхаммадаһ!» деп ұрандатқанын, Хазіреті Омардың кезінде халықтың жұтшылықтан қиналып, дәл осылай Пайғамбардан медет тілегенін Табаридің, Ибнул Әсирдің, Ибн Кәсирдің, Ибн Муфлихтің еңбектерінен көруге болады.

Қысқасы, бұл мәселенің беті ақыры ашылған екен, енді теріс түсінікте жүрген кейбір «әруақшыл» және «әруақсыз» қазақтарға бұның тәртібін, жөнін, жобасын дұрыс түсіндіру ғана керек.

Оның да жөні: «Құдайсыз қурай да сынбайды! Әруақ та, әулие де, басқасы да тек Алланың ғана қалауымен, рұқсатымен, қуаттауымен ғана болады. Әуелі осы сенім мен иманды жүрекке берік орнату керек. Ал қалғаны тек себеп қана», – деп түсіндіру.

Өткенде біреу «тәңіршілдердің сенімінде әруақ бар, Аллаһ жоқ, уаһһабилердің сенімінде әруақ жоқ, Аллаһ бар» деп еді. Бізге енді екеуінің ортасында бір жол барын көрсетіп, екі жақты да орта жолға тарту ғана қалып тұр.

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру