АҚЫЛДЫ АДАМ ДҰШПАНЫМЕН ҚАЛАЙ СӨЙЛЕСЕДІ?

10 қазан 2023 2539 0
Оқу режимі

Кез келген адамның бәсекелесі болады. Ол – ақиқат. Қазақ аяқтан шалуға тырысып бағатын адамдарды "дұшпан" деп атайды. "Үйренген жау атыспаққа жақсы" дейді халық. Дұшпанымен айғайласу ешкімге абырой әкелмейді. Әліптің артын бағуды құп көретін ақылды адамдар бәсекелесіне қалай жауап қайтарады екен? 

Егер сізді біреу ұнатпаса, ол "нашар адам" деген сөз емес. Барлық адамға бірдей ұнау мүмкін бе? Сіз сияқты ойлауға ешкім міндетті емес. Сондықтан өзге адамның пікірін құрметтеп үйреніңіз. Ақылды адамдар өзін ұната бермейтін жанның пікірін үнсіз тыңдап, одан қорытынды шығаруға тырысады.  Байқағаныңыздай, бірінші ереже – үнсіздік.

Ал екінші әрекет – төзімді болу. Сізді жек көретін жан үнемі жаныңызға жара салумен болады. Өйткені ол сізді ұнатпайды, сіз отырған жерге барғысы келмейді, сізді көргісі жоқ. Бірақ өмір болған соң, кездесуге, сөйлесуге тура келіп жатады. Сондай сәтте ақылды адамдар төзімді болуға тырысады. Бұл оңай емес, әлбетте. Бірақ төзімді болсаңыз, жүйкеңізге салмақ аз түседі. 

 Үшінші ереже – сыпайылық. Дұшпаныңызбен сөйлесуге мәжбүр болдыңыз. Сыпайы сөйлеңіз. Егер оған қатты сөйлеп, дауысыңызды көтерсеңіз, ол да сізді балағаттап тастауы мүмкін. Ақылды адамдар бәсекелесімен мейлінше сыпайы сөйлесуге тырысады. 

Төртінші ереже – жүйкені мықты ұстау. Ақылды адамдар үздіксіз дамып отырады, кітапты көп оқып, үнемі ізденумен жүреді. Психологиялық кітаптар адамды кез келген ситуациядан дұрыс жол табуға баулиды. Егер жүйкеңіз мықты болса, көңіліңізге жақпайтын әрекетті қалыпты қабылдай аласыз. Ұрыс-керіс шығарып, айғайлап, өз жүйкеңізге өзіңіз салмақ салудан аулақ болыңыз. Ақылды адамдар жүрек пен жүйкені сау сақтауға тырысады. 

Бесінші ереже – өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле. Дұшпаныңыздың ашуыңызға тиген әрекетін ой елегінен өткізіңіз. Неге ол үнемі осылай жасайды? Неге оған ұнамайсыз? Неге ол сізді жек көреді? Неге ол жанды жеріңізге тие береді? Мәселенің бәрі өзіңізде шығар? Алдымен өзіңіз өзгеріңіз. Оны түзеймін деп әуре болғанша өз жүрегіңізге үңіліңіз. Ақылды адамдар өзгеруден қашпайды. 

Алтыншы ереже – терең тыныстау. Жағымсыз оқиға болған кезде үзіліс алыңыз да, терең тыныстаңыз. Бұл – психология ғылымы миға пайда әкелетінін дәлелдеген ғаламат әдіс. Сенбесеңіз, орындап көріңіз. Ақылды адамдар ашуға мінбестен бұрын бір рет ауаны көбірек жұтып, сабырға келеді. 

 Жетінші ереже – қашықтық. Ақылды адамдар өзіне ұнамайтын жандардан алшақ жүргенді құп көреді. Ол өз жөнімен жүре берсін, сіз өз жолыңызды табыңыз. Қайта кіретін есікті қатты жабуға болмайды. Ешкім алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Бәлкім дұшпаныңызбен болашақта туыс болып қаларсыз? Балаларыңыз бір-бірін ұнатып қалса ше? Тағдырдың қандай тосын сый дайындап қойғанын білмейсіз. Сондықтан қатты сөз айтудан тыйылып, көбіне одан аулақ жүріңіз. 

Сегізінші ереже – өсек айтпау. Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын білесіз. Сондықтан әңгіме ол туралы болғанда, өсекке араласпаңыз. Өмірде жаман адам, жақсы адам деген ұғым жоқ. Ең жаман адам дегеннің өзі – біреудің баласы. Демек анасы үшін одан жақсы адам жоқ. Ешбір ана өзінің баласын "нашар адам" деп есептемейді. Дұшпаныңыз жайлы жағымсыз пікір айтып, абырой таппайсыз. Ақылды адамдар "сырттан өсек айту" деген жаман әдетке жоламайды.  Дұшпаныңыздан биік болыңыз. Сонда жүрегіңіз тыныштық табады. 

 

 

 

Пікірлер Кіру