АҚ БАТА - АТА СӨЗІ, ТАРИХ КӨЗІ

01 сәуір 2024 1834 0
Оқу режимі

Қазақ дәстүрінің бір парасы - "Ақ бата" деп аталады. Ақ бата - адам өмірінің барлық саласын түгел қамтитын ғұмырлық өлшемдері мен шешендік түңкелі сөз өнерінің ең көне үлгісі. Халықтың ақыл - нақылынан туған парасатты ойларының шешен тілмен жарқырап жеткен ұзақ ғасырлық жемісі. Ұрпақ өсіру, тәртіпті етіп тәрбиелеу барысындағы озық отбасы үлгісі, білім жауһарының даналық жинағы деуге болады.

Ақ бата - адам рухын бйікке көтереді, жарқын өмірге, келісті келешекке қарай жетелейді. Таза, адал тіршілік өткізуге жебейді. Істеген істің оң болуына үлкен ықпал жасайды. Болашаққа болған сенімін бекемдейді. Асқақ арман - мұратқа талпындырады, жүрегін таза ұстауға тәрбиелейді. Айналасына мейрлі болуға баулиды, иманын сақтап, ибасын ақтап, кісілікті, кішпейіл, арлы азамат болудың, даңғыл сара жолына салады.

Ақ бата - ұлағытты ұлы сөз. Шешен шежіре сөз. Бағы замандарғы дана бабалармыз, ақ басты аталамыз, ақ жаулықты аналармыз, ақ шылауышты әжелерміз, Көшбастаған көсемдеріміз, сөз бастаған шешендеріміз, батыл, батыр, балуандармыз, сұңғыла ақын - жыраулармыз, бұлбұл көмей әнші - күйші, биші, сал - серілерміз, құралайды көзге атқан сұр мергендерміз, шешімі шие болған дауды дар айырған, басынған жауды қақ айрған би шешендерміз, бармағынан бал тамған өнерлі шеберлерміздің бәрі балаларын ақ бата бақытына бөлеп өсіре жүріп, өздері де, сол батаның бал сөзді бесігінен тәрбие алып өсті емес пе?!

Ол жайлы қазақ халқының ертегі, аңыз - әңгімелерінде, көркем әдбиет үлгісінде, тарихи жазбалары мен тарихи шежірелерінде өте көп кездеседі. Жанды жағымды мысалдармен жан тебіреніп, ойды оятып отырып айтылады. Атам қазақ "Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас", "Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді", "Жақсы сөз - жарым ырыс" деген сөзді жайдан - жай айтпаған.

Ақ бата - жас буын ұрпақтарды отанын, халқын сүйуге, ел мен жерін қорғауға, ғылымды да ілімді, білімді де білікті, өнерлі де өнегелі, ибалы да иманды, арлы да ақылды, адамгершілікті де әдепті, мәдениетті де мәйекті, батыр да батыл, көсем де шешен, жетелі де жетілген нар азмат болуға баулитын өткір де шешен өлең сөз, терме сөз үлгісінде айтып, кереметтей өнеге көрсетеді.

Бата сөзінің бір ғажабы - Бата алған адам бата сөзін естіген жерден - ақ сергіп, жігерленіп, рухтанып, ұлыланып кетеді.

Ақ бата жалаң ұрпақ тәрбиесіне ғана арналмаған. Ол қоғамдағы дүйім жұртқа, сол жұрттың тәлім - тәрбисіне арналған. Жетімді жебеп, жесірді сүйеп, әлсізге көмек көрсетіп, жылағанды уатып, қайғырғанды жұбатып, қисалғанды түзеп, құлағанды тұрғызып, жазықсыз жаза көргендерді қорғап, қол үшін беріп қолдап отырады. Заманның заңғар ұлы тұлғаларын мақтап, шындықты жақтап, ақихатты ақтап, ел бірлігін сақтап, ел іргесінің сөгілмеуіне, сырт жауды басындырмауға үндеп, жігер беріп отырады.

Бата сөзі бал тамған бақытты сөзден бас құрап айтылады. Мазмұны өте терең болады. Ұйқасты сұлу сөзден ой құрап, обыразды жеткізіледі. Сол арқылы бата алған адамның жан дүйесін күн шұғыласындай жарқыраптып, көңілін көкке көтереді. Уайымынан айырады.

Қазақ дәстүрінде ақ батаны - ақ сары бас қой сойғанда, көк қасқа тай шалғанда, атан өгіз атап, ақ түйе қарнын жарып, дүбірлі ұланасыр той жасағанда, екі жас бас қосып, некеге отырып той өткізгенде, балаға ат қойғанда, баланы бесікке салғанда, қырқынан шығарғанда, ат мінгізгенде, ақ дастархан жайғанда, ұл баланы сүндеттегенде, қыз баланың құлағына сырға таққанда, құда түскенде, алыс сапар алғанда, қан майданға аттанғанда, жолаушы жүргенде, отау бөлгенде, енші бергенде, жұрт жаңалағанда, қоныс аударғанда, аты бәйгеден келгенде, соғым срйғанда, ту бие шалғанда өмірдегі бар қуанышты, сүйіншілі істердің бәрін ақ бата алудан, ақ бата беру дәстүрінен бастайды.

Қазақ дәстүріндегі ең көп атқарылатын керемет дәстүрдің бірі де бір егейі осы ақ бата беру дәстүрі болып табылады.

Бір кезде Бөлтірік шешенге Шәңкі қарыт мынадай бата беріпті:
Астыңдағы ақ боз ат,
Астыңда жүріп арысын.
Құлаң шәшті қой көзді,
Таңдап алған сұлу жар,
Қаыңда жатып қарысын!
Осы батаны естіген Бөлтірік шешен "Бар топса - топсам босап, өн бойым шымыр - шымыр етіп, жүрегім қуаныштан жарыла жаздап тұрды" деген екен. Міне, ақ батаның күші мен өмірге дем берушілік қуаты деген осы.

Ақ бата кейде жеке адамға берілсе, кейде жалпы қауымға да арнай беріледі:

Уа, ұлы құдірет, тілегімді қабыл ет.
Халқымды даласымен сақта,
Елімді данасымен сақта,
Азаматты санасымен сақта,
Сәбиді анасымен сақта,
Биені тайымен сақта,
Қатынды байымен сақта.
Жаманның наласынан сақта,
Пәлеқордың жаласынан сақта,
Ақыр заман тауқыметінен сақта
Дұшпанның табасынан сақта,
Сайқалдың қаласынан сақта,
Өмір бойы жазылмайтын,
Жүректің жарасынан сақта.
Шерменде болған науқастан сақта,
Жоқшылық , таршылықтан сақта,
Алланың қаһарынан сақта.
Ұрпақтың азғынынан сақта,
Қыздың ұятсызынан сақта.
Жер көшкен зелзаладан сақта,
Тау көшірген топан судан сақта.
Патшаның кәріннен сақта,
У тілдің зәрінен сақта.
Халқымның басынан бағын алма,
Ұлыларымның аяғынан шалма,
Уә, ұлы құдірет, тілегімді қабыл ет
Аллаһуәкбар!!!
Деп дүйім жұртқа, жалпы қалыққа бата берсе, жас балаларға да мөлдіретіп бата береді:
Ақ тілектен ақтарып,
Ақ батамды берейін.
Ақ атамның ақ сөзін,
Ақ мерей ғып төгейін.
Ақ апаңның ақ сүтін,
Ақ арыңмен ақтай бер.
Ақ пейілді қазақтың,
Ар-намысын сақтай көр.
Ақ бесігін тербетіп,
Ақ ұл етіп өсірсін.
Ақ тілек дарып өзіңе,
Пәледен тәңір кешірсін.
Ақ пайғамбар қолдасын,
Ақ періште оңдасын.
Ақ жол жатсын алдында,
Ақ семсер алғызсын қолыңа.
Ақ сөйлетсін досыңды,
Ақылды етсін өзінді,
Көреген етсін көзіңді,
Шешен етсін сөзіңді.
Ел бастайтын ер етсін,
Әуелі таза сері етсін,
Мұратыңа жеткізсін.
Басыңа келген пәлені,
Жаратқан алыс кеткізсін.
Нұрға бөлеп жүректі,
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті,
Қуантып тастап кетейік!!
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер мен білімге икемді болсын.
Бәйтеректей қаулап өсіп,
Өршіл де өркенді болсын.
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын!
Айналайын, балашым,
Аман болсын анашың.
Аман болсын әкең де,
Ағатайың, апаң да.
Өзің тәтті балдай бол,
Тамыры терең талдай бол.
Биік заңғар таудай бол,
Жемісі мол баудай бол.
Өмір жолын таңдай біл,
Туралықты қолдай біл.
Оқуда зерек бол,
Ұйқыда сергек бол.
Істе шебер бол,
Тұйықта көсем бол.
Ойда мәнді бол,
Тойда сәнді бол.
Үлкенге тең бол,
Кішіге кең бол.
Ел үшін жауыр бол.
Достарың сүйсінсін,
Дұшпандарың күйінсін.
Құлқынға елікпе,
Мақтанға желікпе.
Өмірің ұзын болсын,
Уайымың аз болсын.
Аллаһуікбар!!

Бата осындай тәтті тілек сөдермен ғана беріледі. Кейде сараң байларға сөгіс ретінде берілетін баталар да болады:

Баяғыда бір сараң байдың аулына бір ділмәр жігіт келген екен. Әншейін, қүр шай қүйып, соған бата сұрапты. Сонда әлгі жігіт:

- Жас етке жайдағы бата,
Сүрі етке ойдағы бата.
Құр шайға қайдағы бата?
Аллаһуакбар!

Бір қарау бай ақ түйенің қарны жарылған күз күніңде жолаушы қарияға мал соймай, қыстағы сүрі етін асып беріп, бата сүрайды. Сонда қария:

Мынауың жас ет емес сүрі ет ғой,
Бұл сүрің күзге дейін жүр екен ғой. Қарынбайды екеу деп естуші ем,
Бірі өлсе де береуі тірі екен ғой, - деп бата берген екен.

Жылқышы, Тоңғақ дейтін екі бай құдаласыпты. Олардың тойына келген Бықыш той табағының тым орта екенін көріп, былай деп бата беріпгі:

- Шыққан жері Жықаң,
Келген жері Тоқаң.
Келінге құтты болсын айта келген
- Алпыс жастағы Бықаң.
Мұны ет деп әкелдің бе?
Бет деп әкелдің бе?
Болмаса сөк деп әкелдің бе?
Бай болсаң да күніңді,
Кедейге бермесін.
Сараң пейіліңнің артынан,
Жан баласы ермесін!! - деп бата берген екен. Осы баталардың барлығы тар пыиғылды кеңейту, қысқа алақанын ұзарту үшін берілген бата.

Батада осындай сынды тәрбиелік мән болады. Бата дәстүрлерде қоғамның үйлесімді дамуына үлкен үлес қоса алатын өркениет негіздері жатды. Біз соны түісуміз керек әрі дәстүрді бұлжытпай атқарумыз тиіс. Сонда ғана дәстүр сабақтастығын ұрпақ сабақтастығына үзбей ұластыра аламыз.

Қазақта үлкендерден бата сұрау - ежелгі салт. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында "баталы құл арымас, батасыз құл жарымас" деген қазақ халқының батаның киелігіне деген сенімі жатыр. Батаны көбінесе аузы дуалы кісілерден, жақсылардан, көп жасаған қариядан, атақты батырдан, шашасына шаң жұқпайтын шешеннен, арқалы ақындардан, ойшыл озық ғалымдардан сұрайтын болған.

"Бата" сөзінің төркіні - Құран кәрімнің бірінші сүресі "Фатиханың" атауынан туған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде ең күшті дұға "Фатиха" сүресі дейді. "Фатиханың" өте көп қасиеттері бар. "Бата - Құранның анасы, сөздің сарасы" деп түйеді. Демек бата дегеніміз - ислам дініндегі дұға. Себебі халқымыз да бата жасағанда міндетті түрде екі қолын жайып, аяқтағанда "әумин" деп бет сипайды.

Ал бұл - Пайғамбар сүннеті арқылы келген жақсы дәстүр. Қазақ халұының ұлы дәстүрлері жүз пайыз құран қағидаларымен бірдей. Асыл дәстүрлер деуге болады. Іш - нара жолдан қосылған, жолшыбай дәстүрлерді ескермеген жағдайда...

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

Пікірлер Кіру