АЛЛАҒА ДЕГЕН ИМАННЫҢ ДӘМІ МЕН ТӘТТІЛІГІН СЕЗУ ҮШІН!

26 наурыз 2024 1449 0
Оқу режимі

Сүннетке сай дәрет алып, тыныш бөлмеге кіріп, құбылаға қарап жалғыз өзіңіз Алламен жеке қалып көріңізші. Күндіз болсын, мейлі түнде болсын, бәрібір. Тек өзіңіз ғана.

Сосын Аллаға мақтау, Пайғамбарға салауат айтыңыз. Бар білген мақтау мен салауаттарыңызды айтыңыз. Сосын іштей немесе сырттай бәсең дауыспен Алламен сөйлесіңізші.

Өзіңізді Жалғыз Жанашырыңыздың, Нағыз Қамқоршыңыздың, мына дүниедегі Қорғаныңыздың алдында отырмын деп есептеңіз. Сүйікті әрі Мейірімді Алла менімен бірге деп ойлаңыз.

Шынымен де Ол әрдайым сізбен бірге. Сонан соң ішіңіздегі жаман-жақсы сыр-құпияларыңыз бен барлық өкініш-армандарыңызды ашып-ашып айтыңыз. Жәрдем тілеңіз, шапағат сұраңыз. Барлық қиыншылықтар мен қуаныштарыңызды айтыңыз. Жан тәніңізбен беріліп айтыңыз.

Сонда Алланы өзіңізге жақын сезінесіз. Жылап жібересіз. Екі иығыңыздың қалай селкілдегеніне, солқ-солқ етіп көзден ыршып шыққан жастың қалай шыққанына таң қаласыз. Бетіңізді қолдарыңызбен басып жылайсыз, көз жасыңыздың тізеңізге тамшылағанына куә боласыз. Бұл Аллаға деген махаббат. Көріңіз намазхан болсаңыз да, болмасаңыз да. Мүмкін содан кейін жүрегіңіздегі Аллаға деген иманның дәмін, тәттілігін сезінерсіз.

 

 

Пікірлер Кіру