Алла Елшісіне (с.ғ.с.) сыйлық

15 желтоқсан 2018 10280 0
Оқу режимі

Уа, Алла Елшісі  Бүгінгі күн мен үшін басқа күндерден өзгеше. Көңіл күйім құлазып, сен дегенде жүрегімнен маздап жанған сағыныш отының әсерінен жалын боп шыққан ыстық демім сыртқы суық  ауамен араласуда. Бұл сағынышымның сенің мейріміңнің алдында түкке тұрғысыз екендігі маған айдан анық. Дегенмен, лайықты болмасам да, саған деген сағыныш теңізіне жүзе алмасам да, сені аңсаған көптеген үмметіңнің атынан бұл хатты саған жолдаймын Алланың ардақты Елшісі!

Мен сіздің қанша ғасыр бұрын сахабаларыңызға айтқан, сол бір заманда өмір сүріп жатқан үмметіңіздің бірімін. Мен намаздың қадірін білмеген, намазымды уақыттың соңында оқыған, кей уақыттары қазаға жіберген, сенің сүннетіңді толық орындамаған, ертелі-кеш саған сәлем жолдамаған, керісінше сен тыйым салған істерге жақын жүрген жанмын. Өткен өміріме қарасам, сізден сүйінші сұрайтын істерім мен сізге қуанышпен жеткізетін сәттерім жоқтың қасы.

Сіздің есіміңізді естігенде жүрегімді сағыныштан сыздата алмадым. Жанарыма жас келмеді. Бірақ, мен тырыстым. Сіздің ардақты есіміңізді естігенде, көзімнен сізге деген сағынышымның куәсі ретінде ақмоншақ жастар домалауын аңсаймын.

Уа, Алла Елшісі, Сізді  түсімде көруді қатты армандаймын. Сізді көргендер маған нұрлы жүзіңізді, мейірімге толы көзіңізді жеткізді. Ойласам, олар сөзімен, ісімен сізге шынайы үммет болуға лайықты жандар екен. Мен өзімнің кінәлі жан екендігімді білем.

Уа, Алла Елшісі! Бірақ күнә батпағына батқан үмметіңе ашқан мейірімді құшағыңның жылуын сезінгендеймін. Мүмкін, сол жылу болар мені орнымнан тұрғызып, үмітке жетелеген... Кей сәттері  «бір күні таңғы ұйқыдан оянғанда, сізді түсімде көргенімді есіме түсіріп, көзімнен қуаныш жасының ағуын» аңсап, қиял теңізіне батам.

Сіздің өсиетіңіз бойынша жүріп, көзімді,қолымды,тілімді күнәдан тыйғанда, мұншалықты өкінішке қалмас па едім.

Бірақ, мен олай жасай алмадым. Жаратушыға тәубемді ықылассыз түрде жасадым. Ғибадаттарым мен жақсылықтарыма жалғандық араласты.

Жылдар бойы көп уақытым қараңғылықта өтті. Қадір түнінде Жаратушыға жалбарына алмадым. Ораза айында балтырым сыздағанша намаз оқи алмадым. Қаншама таңым намазбен емес, ұйқымен атып, күнім зікірмен емес, орынсыз күлкімен батты.

Уа, Алла Елшісі! Сіз білесіз бе? Мен намаздарымның артынан Алла Тағаладан істеген күнәларымды сізге білдірмеуді сұрап жалбарынамын. Себебі сіздің, жасаған кемшіліктерімді көріп, менен алыстап кетуіңізден қорқам. Сіз біздің бағдарымызсыз. Қайда барсам да, қай жерде тұрсам да сіздің жол көрсетуіңізге мұқтажбыз. Сізді жақсы көргендер өмірін бақыттың ішінде өткізеді. Мен де сол бақытқа жетуді армандаймын .

Бүгін сіздің туылған күніңіз, сізге сыйлайтындай сүннетіңе бекем жандардікі сияқты, сізді қуантатын мол сыйлық менде жоқ. Десе де, мен бүгін сізге арнап дүкеннен салауат атты бір гүл сатып алдым. Ең тартымдысынан, ең әдемісінен, жұпар исі аңқыған, қып-қызыл. Егер сіз осы заманда арамызда өмір сүрсеңіз, білем, дәл бүгін есігіңіздің алды әсем гүлдерге толып кетер еді.

Бәлкім, сатып алған гүлімді сізге өз қолыммен бере алмаған да болар едім. Себебі сүннетіңе бекем болмай, сізбен кездесуден ұялам.

Бірақ сізге деген құрметімді білдіріп, ұйқысыз атқан мәуліт таңымен бірге алған гүлімді есігіңіздің алдына қойғаннан кейін қалтарыстан сіздің үйден шығып, гүлімді алуыңызды күтуші едім . Есігіңізді ашып гүлімді алған сәтіңізде, гүлдің сыртындағы қағазға жазылған менің атымды «үмметім» деген дәптеріңіздің ішіне жазғайсыз!

Сол кезде алыстан сіздің  нұрлы жүзіңізді көріп, қуаныштан менің жанарымнан жас моншақтары домалар  ма еді, шіркін! Осылайша, туылған күніңізге сыйлығымды беруді армандаймын. Сізді қатты сағындық, уа, Алла Елшісі!

Юсуф Шұғайұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру