Алғашқы бұйрық нені меңзейді?

17 ақпан 2021 5180 0
Оқу режимі

Құран «бісмілләсін» өзіне атау болған сөздің бұйрық райымен бастайды, яғни «Оқы!» деп. Оқу, жүзеге асыру, өмірлік жолды анықтау, өмірдегі адам рөлін айқындау, айқындай тұра адамды өмірде шыңдау, адам арқылы өмірді реттеу, уахи арқылы адамды жөнге салу, адамға уахи әуеніне бөлеу мақсатында жіберілген Құран ішкі мазмұнында басқа да көптеген бұйрықтар мен мәнді қамтитындай тереңдіктегі ақиқатты меңзейтін оқуды бұйырумен бастаған. Бұл оның сөзді бастаған алғашқы қадамда-ақ оның мәнін аяқтағанын, аяқтай отыра бастағанын аңғартуда. Өйткені, оқу аяқтау үшін бастауды, бастау үшін аяқтауды білдіреді. Оқи бастау бар бола бастауды ұқтырады. Оқу бар болу деген сөз. Осы тұрғыдан келгенде оқуға деген бұйрық бар болуға деген бұйрық. Тағы бір ерекшелігі, ол бар болудың сипатын айқындайды, мақсатын белгілейді... Иә, оқы деген бұйрық Құранның басқа да мәні мен бұйрықтарын қамтитындай жалпылама бұйрық болып табылады.

Құранның «Оқы!» деген бұйрықпен басталуы тыңдаушысын өмірге қызықтыру, оған түсінік-таным қалыптастыру, уақытсыздық пен мекенсіздік күйден мекен мен тұрғынға жасалған ілтипат. Бұған қоса, ол адамның өзін бар етуші алдындағы саналылығы мен түсінік құлшылығы.

Оқу − бастау мен соңның, асты мен үстінің, ірі мен ұсақтың, бар мен жоқтың, жер мен көктің арасын ұғыммен қамтуды білдіреді. Сірә, оқудың өзін де «ұғымға ие болу» деп қабылдау керек шығар. Ол бар болу түсінігі, бар етуші үшін бар болу түсінік-пайымы.

Оқу − айналадағы құбылыстардың тілін түсініп, сол тілде сөйлеу. Одан да кеңірек алсақ, айналаңызда болып жатқан барлық құбылыстарды сізбен тілдескісі келген, сізді тілдесуге жарар ақыл иесі ретінде қабыл еткен шексіз құдірет Иесінің сізбен тілдесу үшін сіздің тәніңізде бедерлеп әрі сыртқы қоршаған ортадағы жайып салған ғаламат жаратылыс туындыларын Құдіреттің сізбен сөйлесудегі «тілі» ретінде қабылдап, Оның «Кел, тілдесейік» деген ұсынысына келісу деген сөз... Яғни өзін таныту үшін көз алдымызға жайып салып отырған ғаламдағы жаратылыс туындыларын оқи білу − Аллаһты түсіну әрі Онымен тілдесуді білдіреді.

Құран Кәрім оқудағы ақиқатты жалпы алғанда үш сөз арқылы айқындайды: қырағат, тіләуат, тәртил. Алайда, бұл сөздердің Құран Кәрімдегі қолданылу ретіне әрі беретін мағынасына қарағанымызда, бұл үшеуінің үш түрлі мәнде келуіне ерекше таңдау жасалғаны байқалады. Бұл үш сөздің әрбірінің өз ішінде әрқалай қолданылуы да түрліше мағына беретіндігі әрі сөйлемнің жалпы мағынасына өзгеше мән үстемелейтіндігі де белгілі болуда.

Құран Кәрім оқудың ақиқатын түсіндіруде бірнеше сөз қолданған. Ол оқуға қатысты таңдаған сөздері арқылы адамға бұйырған оқудың сипаттарын анықтаған. Кейде оқу әрі оқу нәтижесінде қол жеткізген ілімнің Аллаһтың құрметіне бөлейтінін айтса, кейде Аллаһты шынайы оқу арқылы ақиқат ілімге қол жеткізген ғалымдардың тани алатындығын әрі тиісінше құрметті солардың көрсете алатынын білдіріп былай дейді: «Құлдарымның арасындағы ғалымдар ғана Аллаһтан өз дәрежесінде қорқады. Күмәнсіз, Аллаһ Азиз әрі ғафур (кешірімі мол)» (Фатыр сүресі, 28).

Кейде әр білімдіден де жоғары тұратын бір білімпаздың болатынын ескертіп, шынайы оқудың, зерттеудің, үйренудің, яғни ілімнің шегі болмайтынын түсіндіреді. Адамға өмірі жеткенше еңбектенуі керектігін ұғындырып, ілім дариясының адам қабілеті я өмірімен өлшеуге келмейтіндей шексіз екендігін аңғартады. Ілім − барша адамзаттың үлес қосуымен толысып, пісіп-жетіліп келе жатқан баршаға ортақ жеміс. Кім-кімде өзінің үйренгенін білімнің шегі деп білмей, бар қабілетін салып, білім шыңын бір саты биіктете түсуі тиіс. Кейінгі буын өкілдері сол сабақтастықты үзбей, ілім көші қай дәуірде де тоқтап қалмай жалғасуы керек. Бұл тұрғыда Құран былайша жол сілтейді: «Біз қалаған адамымызды биік дәрежеге көтереміз. Әрбір білімдіден де артығырақ білуші табылады» (Юсуф сүресі, 76).

Кейде Мұса пайғамбардың (а.с.) ләдүни іліміне құмартып, былайғы өмірде тұлғасы құпия болып табылатын Қызырға (а.с.) еріп, небір тылсым сырға толы оқиғаларға куә болып, өзгеше оқу арқылы олардың ішкі мәнін түсінгенін баяндап, ілімнің рухани жағына да мән беру керектігін еске салады (Кәһф сүресі, 60-82). Ілім ғайыпқа жасырынған қазына болса, Қызыр сол қазынаның күзетшісі, ал Мұса (а.с.) сол ілімге қол жеткізгенше асыққан, ілімге құштарлығы ерекше шәкірт еді...

Құран өзіндегі пайғамбар қиссалары, көне заманда өмір сүрген қауымдардың жай-күйімен де оқырмандарына көптеген мәлімет бере отырып, оқиғалар мен тарихты қалай оқу, зерделеу керектігін білдіреді. Адамға оқиғаларды «оқу», сараптау әрі одан керекті ой қорыту бағытында жол көрсетеді. Жындардың жиналып Құран оқығандығы әрі дауыстап оқылған Құранды тыңдағандығын да әңгімелеп, кейбір рухани болмыстардың да Құрандағы ақиқаттарды оқып, соған сай өмір сүру салты мен мәдениет құрғанын ескертіп, Құранды оқу әрі түсіну мәселесінде адамға тек өзінің істей алғанын жеткілікті көрмеуін, әйтпесе бар мүмкіндігін шектеп алатындығын ұғындыруда. Сондықтан да оқып, түсінгендерімізді қайталап, жаңа әдістемелермен үнемі іштей қорытып, көз жүгіртіп отыру керектігін білдіруде. Осы жайлы Құран аяттары былай дейді: «Былай де: Маған уахи етілгені бойынша, жындар жамағаты Құран тыңдағаннан кейін былай деді: «Біз шынымен де дұрыс жолға бағыттайтын таңғажайып Құран тыңдадық. Бұдан былай Раббымызға ешқашан серік қоспаймыз. Раббымыздың мәртебесі тым асқақ. Оның жұбайы да, баласы да жоқ» (Жын сүресі, 1-2).

Құран кейде ілімді пайғамбарлардың аузындағы әсерлі дұға ретінде бізге жеткізуде. Пайғамбарлардың тіліндегі «Раббым, білімім мен түсінігімді арттыра гөр!» деген дұғаларды үйрете отырып, ілім үйренуге деген құлшыныстың Аллаһты білу, Аллаһтың жаратқандарын тану арқылы Жаратушыны тануға жасалған ұмтылыс екенін, бұған қоса ілім мен ұғымталдықты да Аллаһтан сұрау қажеттігіне назар аудартуда (Таха сүресі, 114).

Г.Акжы «Құранның алғашқы бұйрығы»
Аударған: Қ.Бағашар

Пікірлер Кіру