«ӘЛ-ФАТАУА ӘЛ-АЛАМГИРИЯ» кітабы жайында

03 желтоқсан 2021 5918 0
Оқу режимі

Әмір Темірдің 1370 жылы құрған Тимурилер империясын 1500 жылы Жошы ханның Шейбан деген баласының ұрпағынан болған Мухаммад Шейбани хан Самарқанды жаулап алумен құлатқан еді. Осы кезеңдерде Тимурилер империясының әміршісі болған Бабур оңтүстікке қарай ығысып, Ауғанстанның Кабулын басып алып, онан әрі Үндістанды жаулайды. Бабурдың ұрпағы Үндістан жерінде Ұлы Моғолдар патшалығын құрып, 1526-1858 жылдар аралығында билік жүргізеді. Аталған патшалықтың 1658-1707 жылдар аралығындағы падишасы Аурангезб I  өте бай әрі қуатты елдің падишасы бола тұра өте қарапайым және тақуалыққа бет бұруымен ерекшеленген еді. Сонымен қатар, білім-ғылымға да ерекше ден қойған өте зиялы еді.  Ол – атақты Таж-Махалды салдырған Шах Жахан мен Мумтаз-махалдың үшінші перзенті.

Шын аты Әбу Музаффар Мухииддин Мухаммад Аурангзиб 50 жыл патшалық құрған дәуірінде Низамуддин ибн Қутбуддин әл-Бурһанпури әл-Балхиді басшы етіп 50 ғалымнан құралған ғылыми институт құрады. Оларға берілген тапсырма Ханафи мазхабы негізінде барша мәселелерге қатысты пәтуаларды жинақтап, бір кітап етіп шығару еді. Аталған ғалымдардан жиналған топ сегіз жыл жұмыс жасап, алты томдық бір кітап қана жазып шығады. Бұл кітапта 24 234 мәселеге пәтуа берілген. Кітаптың негізі ретінде Орта Азиялық Бурһануддин әл-Марғиланидің «әл-Һидая» кітабын алынған болатын. Бұл үлкен еңбекке «әл-Фатауа әл-Аламгирия» немесе «Әл-Фатауа әл-Һиндия» деп атау береді. Сосын бұл кітапқа екі жүз мың алтын ақша жұмсалып, көптеген данамен шығарылып, әлемнің әр түкпіріне жіберіледі.

Бұл кітап көп мәселелерге пәтуа бергеннен кейін, сонымен қатар мәтіндегі жазулар жеңіл тілмен жазылған болғандықтан, кейінгі кездерде Қазылардың негізгі сүйеніш кітаптарына айналып, пайдасы орасан болды. Сондай-ақ, Аурангзиб патша да білім-ғылымға жанашыр болып Өзі де ғалым тұлға болатын. Үнді жерінде Ислам дінінің қанат жайып, мұсылмандардың ахуалының жақсы болуына көп үлес қосқан еді.

Шейх Әли әт-Тантауий «Рижалун минат тарих» («Тарихи тұлғалар») атты кітабында: «Аурангзиб Аламгир Мұсылмандардың басқа патшалары жасай алмаған екі жақсы істі жүзеге асырды. Олар:

1. Ол бір ғалымға қаламақы немесе айлық беретін болса, не шығармашылық еңбек немесе ағартушылық еңбек талап ететін еді. Егер әуелі малды алса, сосын жалқаулық танытып қалса – екі күнәға: бірі хақысыз мал-мүлік алу болса, екіншісі білімін өзінде жасырумен күнәларына қол ұрған болып қалмасын дейтін еді.

2. Ол «Ханафи мазхабы негізінде әл-Фатауа әл-Аламгирия» немесе «Әл-Фатауа әл-Һиндия» аты берілген өзінің қадағалауымен, қолдауымен Шариғат үкімдерінің жинағын бір кітап етіп шығаруы еді» - деген.

Әбул Фадл әл-Мұради әл-Хусайни Аурангзиб патша жайлы: «Ол – біздің заманымыздағы Үнді жеріндегі сұлтан, Мүміндердің әміршісі, әрі имамы, Мұсылмандардың діңгегі және сақшысы, Алла жолында жүрген күрескері, ғұламалардың ғалымы, Алла Тағаланы жүрегімен таныған сопы, Кәпірлердің өз жерлерінде мойынсұндырған, үкімін жүргізе білген, кәпірлердің ширк келтіруілерін әлсіретіп ғибататханаларын құлатып, Исламға қолдау көрсетіп, Үнді жерінде нұрын шашып Алла Тағаланың кәләмын ұлық еткен дінді жарылқаушы мықты патша», – деген.

Кітаптың толық атауы: ал-Фатауа ал-Һиндия фи Мәзһабил имамил Аъзам Аби Ханифата уа би һамиши Фатауаии Қадихан уал-Фатауа ал-Баззазия.

 

Әділхан Иманәліұлы
«Әлжан ана» мешітінің бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру