АҒАЙЫН-ТУЫС ТАТУ БОЛСА, ЕЛІМІЗДІҢ БІРЛІГІ ДЕ БЕКЕМ

05 желтоқсан 2023 3140 0
Оқу режимі

Адамзат баласын барлығы бір біріне туыс. Ал енді осы туыстық ұғымының негізгі маңыздылығы қандай?! Қазақ қоғамында туыстық қатынастарды негізгі қоғамдық жүйенің тірек күші ретінде бағалап оған қатты мән берген. Туыстық қатынастың берік болуы- қоғам тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз етеді. Осы жүйені берік сақтау үшін қазақ жүзге жүз ішінде руға жіктеліп ру басылық басқару мен қазылық жүйемен ел ішінде ағайын арасында бірлік пен берекені нығайта білген.

Сөзге тоқтаған қазақ ежелден «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»,-деп бір ауыз сөзбен ағайындылардың арасын бекітіп, абысындарды татулыққа дәріптеген болса, «апта бармасаң ағайын жат, ай бармасаң туыс жат» деп туыс аралық қарым қатынасқа да аса мән берген.

Қазақ халқының туыстық қарым қатынаста қостанатын негізгі теориялары ислам діні негізінде жүйеге келтірілген. Алла Тағаланың осы дүниеде адам баласына берген сыйлықтарының бірі – бұл ағайын-туыстары. Жылағанда жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің, қуанғанда қуанышыңды бөлісетін, өкпелесек назыңды көтеріп қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз  ғана. Адамдардың барлығы ағайын-туыстай бола бермейтіні шындық. Туыстық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған. Әйгілі ағартушы, ғалымы Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деген. Сондықтан да бала тәрбиесінде туыс-туғандарға деген мейрімділік, жанашырлық көрсетіп тәрбиелеу басты міндет. Себебі, туысқандық қарым-қатынасты нығайту дініміздегі негізгі қағидалардан, ал олармен қарым-қатынасты үзу дінімізде қатаң тиым салынған істерден болады.

Жалпы Жаратқаннан шынымен қорқатындар туысқанын сыйлап, олармен тығыз байланыста болғандар.Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, қал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына  қатысу, арнайы іздеп бару, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ  إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا

«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», («Ниса» сүресі, 1-аят) - деп бұйырады.

Сонымен  қатар Құран Кәрімде:

لَيْسَ الْبِرَّ أَنْ تُوَلُّوا وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَٰكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّائِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا  وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَٰئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ

 

«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар»,( «Бақара» сүресі, 177-аят) – деп баян еткен.

Осы бір аяттан Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіргеннен кейінгі игілікті істің не екенін және жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға малды сарп ету мен құлды азат етуден бұрын туыс жақындарға жақсылық жасаудың алдыңғы орында екендігін аңғарамыз. Өйткені, жоғарыдағы аятта туысқандар реттік жағынан жетімдердің, міскіндердің, жолда қалғандардың, сұраушылардың және құлды азат етудің алдында айтылып, ол шыншылдар мен тақуа жандардың іс-әрекетінен екендігі баяндалған.

Әнас ибн Мәліктен Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ) «Кім ризық-несібесінің көбеуің және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатнасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бухари) – деген.

Әбу Хұрайрадан Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім), дейді. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қиямет күніне сенген адам қонағын сыйлау керектігін, сонымен қатар туған-туысқандармен қарым-қатынасты үзбеуді ескертеді.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар,аш-мұқтажарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен  жәннатқа кіресіңдер», –деп те айтқан (Ахмад, әт-Тирмизи, ибн Мәжә).

Бұл хадисте жәннатқа кіретін жолдарын жеткізген. Яғни төрт құлшылықты орындасаң жәннатқа аман есен кіресіңдер деп айтып отыр. Солардан алғашқысы сәлем беру одан кейін тамақтандыру, одан кейін туған туысқандармен қарым-қатнасты үзбеу, түнгі намазға тұруын айтып отыр.

Қазақ халқы туыстық байланысты ерекше бағалаған. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиет осы туыстық байланыс деуге де болады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған. Сол секілді «мал қонысын, ер жігіт туысын іздейді» деп қашанда туыстық қатынасты үзбеуге шақырып отырған.

Ауызекі дамыған халық даналығында осы тақырыптарда мыңдаған маржан сөздер бар. Осыған негізделген салт-дәстүрлер, үрдістер қаншама. Мысалы: «Ағайын — ағайынның айнасы», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ»,  «Ағайынның азары болса да, безері жоқ», «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең жалғыздық берер сазайды», «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме, Ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме», «Ағайыңды өкпелеткеннің үні іриді», «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың», «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жыласпа» т.с.с жалғасып кете беретін мақал-мәтелдер қаншалықты туған-туыспен қарым-қатынасты жақсы ұстауды көрсетеді.

Біздің қазақ ежелден ағайын арасында енші бөлмей, елдің бірлігі мен берекесін қатаң сақтаған, ағайынгершілікті дамытқан мұсылман елдерінің бірегейіміз. Ауыл арасындағы той-томалақтан бастап айшылық жерлердегі тумаларымыздың өлім-жітімінде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз  көптеп кездеседі. Біздің атқарып жүрген ағайын аралық сан түрлі тамаша дәстүрлерімізді «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деп бір ауыз сөзбен ғана бекіткен елміз. Түптің түбі Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз.

Екі дүниенің бақытын ойласақ, дұғаларымыздың қабыл болуын қаласақ жақындарымызбен жақсы қатынаста болайық.  Бүгін бар, ертең жоқ өмір. Демек, бүгін ренжіткен ағайынға ертең зар боп мәнгілікке айырылып қалуымыз  мүмкін. Қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзілуі бізді қатты ойлантады.  Қаншама ғасырдан бері қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың ﷺ асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық, қарым-қатынасқа ерекше мән берді емес пе?    

Кейбір жандар адамның көлеңкесі секілді жеткізбейтін қу дүниенің соңынан қуып, айналасындағы қоғамнан ұзақтап, жалғыздыққа ұшырайды. Әрине, тепсе темір үзетін жас кезінде өз бойында орасаң зор өмірлік күш-жігері болғандықтан, ешкімге мұқтаждық, туындамайды. Алайда тұла бойынан күш-қуаты кетіп, кәрілік қажытып, дене мүше қақсап ауырғанда яки бір пәлекетке душар болып, мұқтаждық туындаған уақытта ешкімнен жәрдем ала алмай, өзінің жалғыз екенін сезінеді.

Жаратушы Алла адам баласының жаратылысын жақсы білгендіктен қоғам ішіндегі қарым-қатынасты бекем ұстауды былай бұйырады:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаның дағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді», («Ниса» сүресі, 36-аят) - деген.

Сондай-ақ, Алла Тағала ағайын туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді Құранда:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», («Нахыл» сүресі, 90-аят) - деп ескерткен.

Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір», - деп ұл-қыздарына ақыл айтып отырған.

Расында, он екі ғасырдан бері ата діні Ислам жолымен жүріп, қасиетті Құран мен ардақты пайғамбарымыздың ﷺ асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық қарым-қатынасқа ерекше мән берген, жіті көңіл аударған. Оның айғағы – дана халқымыздың озық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының, дөп басып айтқан мақал-мәтелдерінің шариғатпен ұштасуы. Соның мысалы ретінде ақын бабамыз Мәшһүр Жүсіпті айтатын болсақ, ол ағайын-туыс, бауырдың жан сырын былай терең жырлайды:

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып, жақтайтында ағайын.

Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.

Данагөй ата-бабамыз ағайын-туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: «Ағайын жақсы болса – қанатың, ағайын жақсы болса – санатың», «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді», – деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», – деп те ескерткен.

Өкінішке қарай, Құранмен, сүннетпен жүрміз деп жүрген кейбір жастарымыз жоғарыдағы

Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадистеріне қарама-қайшы әрекет етуде. Дәлірек айтсақ, өздерінің діннен хабарсыз жүрген тума-туысқандарына дінді көркем, әдемі етіп жеткізудің орнына, оларға «кәпірсің» деп айып тағып, әке-шешелерінің шаңырақтарынан кетіп, ағайындарымен туысқандық қатынасты үзушілер де кездеседі. Бұл Ислам құндылықтарына қайшы нәрсе. Егер біз туған-туыстың арасында бір кемшілік көретін болсақ, оған айып тағудың орнына имандылықты жеткізіп, істеген кемшілігінің дұрыс еместігін жақсы сөз және көркем мінез-құлықпен жеткізуіміз керек. Себебі, әке-шешеге құрмет көрсету мен туыстық қарым-қатынасты үзбеудің дінімізде маңызы зор. Мұндайлар туысқандық байланыстың үзілуі себепті Алламен болған қатынастың үзілетіндігін ескерсе етті.

Мал сойып, қонақ күткіңіз келді ме? Туысыңызды төрге шығарудан бастаңыз. Ауырса халін сұрап, қарыз сұраса тауып беруге ұмтылу да – мұсылманның ең көркем амалдарынан. Адамның бойында өзіне жақсылық жасағанға жылулық оянатын қасиет бар. Осыдан кейін туыстарыңыз да сіз туралы жақсы ойлап, қиын-қыстау сәтте арқаңызды қағуға асығады. Бабаларымыздың «жаман байыса, жақынын танымас» деген нақылының кейіпкері болудан Алла сақтасын! «Әулетке лайық саясат деген болады...» «Жақсы ағаң – орман, жақсы інің – қорған», «өзім жаман болсам да, ағам жақсы» деп ой түйген аталарымыздың ұрпағы ретінде тағы да бір нәзік тұсты атап өткіміз келеді. Сондықтан ағайын, ағайын-туысқа дұрыс қарап, жақсы мәміледе болыңдар. Өйткені, ағайын-туыс тату болса, еліміздің бірлігі де бекем болады.

 

Дулат Матаев 

«​Әл-Ғани» мешітінің бас имамы 

 

Пікірлер Кіру