АДАМНЫҢ ДҰШПАНЫ КІМ?

07 тамыз 2024 1422 0
Оқу режимі

Әркімнің үнемі аяғынан шалатын дұшпаны бар. Негізі, бар ма, жоқ па беймәлім. Бірақ, біздің түсінігімізше осылай. Оған «қас дұшпан» немесе «ата жау» деп айдар тағып қоямыз.

Алайда…

Өзіміз ешкімге жамандық ойламаймыз. Дұшпан емеспіз деген ойдамыз. Ал, жалпы жау деп жүргеніміз бүгінгі заман тілімен айтқанда, кәсіп пен мансаптағы бәсекелестік.

Құран мен хадисті таразылай келе ғалымдар бұл мәселеге қатысты мынадай ой тұжырымдаған:

«Жүрекке даналық кіргізбейтін үш дерт бар, ол: ризық-несібе уайымы, адамдарға көреалмаушылық ету және мансапқорлық. Адамның үш жауы бар: дүние, нәпсі және шайтан. Дүниені жүрекке кіргізбеумен, шайтанға қарсы әрекет етумен, ал нәпсіні құмарлықты тәрк етумен қорғана алады».  

Бұл – табиғин ғұлама Яхия бин Мұғаздың сөзі. Демек, әсілі дұшпан – адамның өзі. Сол себепті, қызғаныш тудырған, талабы жоғары болған адамдарды дұшпан санай бастаймыз. Алайда, адам өзін жеңсе, қалғаны өздігінен ретін табады. Ал, адамдармен қарым-қатынасқа келсе, хадисте:

«Кісіні жақсы көрсең, орташа жақсы көр, күндердің күні сенің жақтырмайтын адамыңа айналуы мүмкін. Кісіні жақтырмасаң, орташа мәміледе бол, күндердің күні жақсы көретін кісіге айналуы мүмкін[1]»,-деп кеңес берілген.

Руслан ҚАМБАР

[1] Тирмизи

 

Пікірлер Кіру