ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «ҰЛЫ ДҰҒАСЫ»

(«Дуға ул-ғазим» («du،gaa ul-aziim»):
Биссмиллаһи ар-Рахман ар-Рахим!
1) Ей, Қажетті болмыс! Жаратылғандардың Жаратушысы! Себептердің Себебі! Басы да, соңы да болмаған Әзәли (Мәңгі) Аллам! Мені қателіктерден сақтап, Өзің разы болған амалдардан үмітті етуіңді Сенен сұраймын!
2) Ей, Аллам! Маған барлық мақтаулы, жақсы қасиеттеріңді бере гөр! Істерімді жағымды нәтижелермен ризықтандыр! Мақсаттарым мен талаптарымды сәтті ете гөр! Ей, (бүкіл әлемнің) шығыс пен батыстың Иесі!
Ғарыштағы өзендерше тасып аққан жеті жұлдыздың (ғаламшардың) Раббысы! Олар игілігімен (жақсылығымен) бүкіл жауһарды қоршап тұрған Алланың қалауымен өз істерін атқаруда. (Бірақ) Сатурнге, Юпитерге, Меркурийге де күмәнім бар (олардан күтпеймін)! Барлық қайырды тек Сенен тілеймін!
3) Аллам, мені көркем (жақсы) киіндіре гөр! Пайғамбарлардың кереметтерін, ауқаттылардың бақытын, хәкімдердің ілімін, тақуалардың тақуалығын бере гөр!
4) Ей, Аллам! Мені бақытсыздық пен жоқшылықтан, жоқ болудан сақтағайсың! Мені шыншылдар мен шәһид болғандармен бірге таза ағайындылардан, адалдық иелерінен және көктің тұрғындарынан ете гөр! Сенен басқа Тәңір жоқ, Алла! Жер мен көктің Нұры, барлық заттардың себебі – Сенсің! Маған саналы (әрекетшіл) ақылдан бір ағылу, тасу (файд, эманация) бер!
Ей, аса Ұлы әрі Мейірімді! Рух-нәпсімді хикметтің (даналықтың) нұрымен нұрландырып, түзете гөр! Игілік-нығметтен маған бергеніңе иландыр, сендір (шүкірге келтір)! Маған хақты хақ ретінде көрсет және мені шабыттандырып, оның ізімен жүруді нәсіп ет! Жалғанды жалған ретінде көрсет, оған бой алдырудан мені аулақтата гөр! Нәпсімді алғашқы материяның лас сипатынан арылт! Шүбә жоқ, Сен – Алғашқы Себепсің!
Ей, өзіңнің ағылған нұрыңнан (атқылаған ағылуыңнан) жаратылған барлық заттардың Алғашқы Себебі!
Ортасында жерлер мен теңіздер орналастырылған жеті қат (қабат-қабат) көктің Раббысы!
Күнәларым үшін кешірім, көмек сұрап, Саған жалбарынамын!
Күнәһар әрі бойкүйез құлыңның қателігін кешіре гөр!
Барлығының Раббысы! Өзіңнен ағылған файд арқылы дене-тәнімді дүниелік ластан тазарта гөр!
5) Ей, аспан жаратылыстары мен ғарыш әлемінің, жұлдыздардың және көк жүзіндегі рухтардың Раббысы! Құлыңның бойын адами құмарлық-шаһуат пен нәпсіқұмарлық, баянсыз (азғын) дүниеге деген құштарлық-сүйіспеншілік басып кетті! Өзіңнің пәк сипатыңды адасудан қорғаным ет, тақуалықты нысапсыздық пен түрлі астамшылыққа қарсы қалқаным қыл! Шүбә жоқ, Сен – барлық нәрсені (іліміңмен) қарамағыңда ұстап, Қамтушысың!
6) Аллам! Мені төрт табиғи сипаттың (элементтің – жылылық, суықтық, ылғалдылық, құрғақтық) тұтқын-құлы болудан құтқар! Мені Өзіңнің аса кең жағыңа – мақамыңа, аса ұлық құзырыңа – қасыңа (жаныңа) ал!
7) Ей, Аллам! Кифаяны (маған жетерлік молшылылықты) менің және топырақтан жаралған денелер мен бұл әлемнің арасындағы әурешіл күнәлі байланысты үзуге себепші қыл! Хикмет-даналықты нәпсімнің иләһи әлемдермен, көк жүзіндегі аспан рухтарымен бірлікте болуына (жаманшылықтан тиылуына) себепші қыл!
Ей, Аллам! Қасиетті рух арқылы жаныма тыныштық бере гөр (нәпсімді рухтандыр)! Ақылым мен түйсік-сезіміме жетілген (кемел) даналық (хикмет) арқылы әсер ет! Осы әлемнің (табиғаттың) орнына періштелерді серігім ет!
9) Ей, Аллам! Маған дұрыс жолды көрсетіп, тура жолға шабыттандыр! Иманымды тақуалықпен күшейт! Нәпсімді дүниеге деген махаббаттан алыс ет (дүниеқоңыздықты жиренішті көрсет)!
10) Ей, Аллам! Рухымды жалған дүние құмарлықтарына (дүниәуи шаһуаттарға) қарсылық жолында табанды қыл! Рухыма періштелер мәртебесін сыйлап, мәңгілік жандар мекеніне жеткізе гөр! Оған (рухыма) жоғары жәннаттан (жәннаттың төрінен) орын беріп, ең бағалы, ең қасиетті жауһарлар жиынтығы қатарынан қыла гөр!
11) Хал және сөз тілімен сөйлейтін барлық болмыстардың (мәужудаттардың) алдында тұрған Пәк (Субханаһа) Аллам! Өзіңе мадақ! Шүбә жоқ, Сен ол болмыстардан хикметке (даналыққа) лайықты әрбір нәрсені Берушісің және ол болмыстарға жоқ болумен салыстырғанда бар болуды Нығмет әрі рахым Етушісің! Болмыстар ішінде Сенің мейіріміңе лайықты субстанциялар да, акциденциялар да бар, олар игілік-нығметтеріңе шүкірлік етеді. «Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ, сендер олардың тәспихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар» (Исра сүресі – 44).
12) Субханаһа Аллаһума Тағала! Саған мадақ! Сен Ұлысың! Шүбә жоқ, «Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім де тең емес» (Ықылас сүресі, 3-4). Бір (Жалғыз), Өзгермейтін Алла – сенсің!
13) Аллам! Шүбә жоқ, Сен менің нәпсі-рухымды төрт элементтің (су, ауа, топырақ, от) қапасында ұстадың (тұтқыны еттің) әрі оны дүниәуи шаһуаттардың (құштарлықтың) жыртқыш аңдарына бердің (талаттың)!
14) Аллам! Нәпсіме бейкүнәлі сипат бере гөр (Рухымды тазалықпен асқақтат)! Өзіңе лайықты рахымдылығыңмен, Өзіңе ғана тән жомарттығыңмен рухыма (жаныма) аяушылық ете гөр! Рухымды қасиетті мекеніне қайтуға асықтырып, оған көк әлеміне қайта оралтатын кіршіксіз, күнәлардан таза тәубені нәсіп ет! Нәпсінің қараңғылығынан шығаратын саналы (әрекетшіл) ақылмен нұрландыр! Одан (рухымнан) надандық пен адасушылықты алыстат! Рухымның қуатын іс-әрекетімен көрсет! Нәпсімді жаһилдіктің (надандықтың) зұлматынан даналықтың нұрына, ақылдың сәулесіне қарай (бастай) жетелей гөр! «Алла Тағала – иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады» (Бақара сүресі, 257).
15) Рухым ұйықтағанда оған ақыреттегі жақсы өмірді (ғайыптағы салих бейнелерді) көрсетіп, сүйіншіле! Көмескі, шым-шытырық түстерін қайырлы істермен (жақсылықпен) және ізгі ақиқат хабарлармен алмастыр! Нәпсіме әсер ететін дүниәуи сезімдер мен елестердің кірінен (ластықтан) тазалай гөр! Рухымды жоғары мәртебелі әлемге (мәңгілік жандар әлеміне) көтере гөр! Аллам, мені дұрыс жолға баста, молшылыққа кенелт, пана бола гөр!
16) Уә, әлһамдулилләһи Аллаһума уахдахһу уа салла Аллаһу ала мән лә набиин бағдаһу уа сәлләма тәслиман! (Мадақ тек қана Аллаға лайық! Алланың ризашылық-мейірімі мен сәлемі өзінен кейін ешбір пайғамбар келмейтінге (хазіреті пайғамбарға) болсын! (Әмин)!
Араб тілінен аударып, жеткізген – әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
шығыстану факультетінің докторанты
Айдынгул Хаван (Алла разы болсын!)