Әбу һұрайра (р.а.) неліктен өзгеше дәрет алған?

29 қыркүйек 2018 9056 0
Оқу режимі

Әбу Һұрайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үмбетімді ақиретте дәрет алған мүшелерінен танимын» деген хадисін естігеннен бастап, дәрет алғанда қолын иыққа, аяқтарын тізесіне дейін мұқият жуатын. Хадисте дәрет мүшелерінің жарқырағанын сипаттау мақсатында «ғурреә мухажәлиин» «маңдайлары жарқыраған» деген теңеу қолданылған. Әбу Һұрайра хадисті «дәрет мүшелерінің көбірек жарқырауы үшін оларды молынан жуыңдар» деп толықтырады да, өзінің қолын иығына дейін, аяғын тізесіне дейін жуатынын айтады.

Сондай-ақ, Әбу Һұрайра (р.а.) пайғамбарымыздың хадисінде айтылған мән-жайдың тереңіне өзгеше бір қырынан бойлап, Алланың құзырында абыройлы болу мақсатында дәретті ұқыптап алатын. Пайғамбарымыз бірде: «Алла Тағала қателіктеріңді өшіріп тазартатын және дәрежелеріңді (абыройларыңды) көтеретін бір жайтты айтайын ба?» – деп сұрайды. Сахабалар жаппай: «Иә, айтсаңыз екен, уа, Алла елшісі!» – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда: «Дәрет алу барынша қиындаған шақта дәретті ешқандай кемітпей толық алу, мешіт пен үй арасындағы ұзақ жолды жүріп өту және бір намаздан соң келесі намазды асыға күту – осылар Алла Тағалаға жақындау болып табылады»[1], – деген екен.

 


[1] Муслим, Тахарат 41; Тирмизи, Тахарат 39

Дереккөз: Құдайберді Бағашар

Пікірлер Кіру