АБАЙДЫ СӨЗДЕН ҰТҚАН КІМ?

14 тамыз 2024 1208 0
Оқу режимі

Бірде Наушабай деген кісі Абайға “Сіздің ақылыңыз бен сөзіңізге орайлы сөз, ақыл айтқан кісі болды ма?”,- деп сұрапты. Сонда Абай:

- Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Тоғыз жасында Семейге орыс мектебіне оқуға бердім. Баламның ақылын білейін дедім де

“Қалқам Әбіш, осы жаратылыста ақ затты асыл ма, қара затты нәрсе асыл ма?”-дедім.

 Әбіш “Ақ затты асыл ғой”,- деді.

Мен “Олай емес, қара затты нәрсе асыл” дедім.

Бетіме қарап күлді де, “Қараны қалай асыл дейсіз?”- деді.

 Мен айттым:

 “Адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді. Көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы көреді. Қараның асылдығына - осы дәлел. Қағаз - ақ, одан адам оқып білім алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер, білім алады. Жас шақта адамның сақал, шашы қара болады. Қартайса ағарады, жас күнде ақыл, білім, қайрат көп болады. Шаш, сақал ағарып қартайғанда ақыл, білім, қайрат азаяды. Мұхаммед пайғамбар құдайдың дидарын көруге қараңғы түнде барыпты дейді, күндіз ақ, жарықта бармапты. Түн қара емес пе? Сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын,- дедім.

Сонда Әбіш -“Оның бәрін немен ойлап білдіңіз?”,- деді.

Мен “Ақылмен ойлап білдім”,-дедім.

- Олай болса, ақыл мида болмай ма, ми ақ емес пе?- деді. Екінші, ақыл - нұр жарық зат. Ол да аққа ұқсамай ма,- деді.

Мен баламның тауып айтқан сөзіне разы болып, маңдайынан иіскедім,-депті.

Пікірлер Кіру