ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

02 тамыз 2024 1432 0
Оқу режимі

Өзге мұсылман бауырға қарата айтылған жақсы сөз, есесі айтушының өзіне тезірек жетеді. Жақсылықтың игі әсерін өзі бірінші көреді. Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер»[1], – делінген.

 Келесі бір аятта: «Кім кұрмет көксесе, негізінде бүкіл кәдір-құрмет Аллаға тән. Көркем сөз Алла жаққа шығады. Сондай-ақ жақсы амал оны көтереді»[2], – деп келеді.

Хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»[3], – деген.

 Тарихта Былқыс деген күпірлік еткен патшайым өткен. Ол патшайымның өте үлкен патшалық тағы болды. Оның қауымы күнге құлшылық ететін еді. Былқыс патшайымның көркем әдебі мен жақсы сөз сөйлеу мәнері бар болатын. Оның жақсы сөз сөйлеу қасиеті өзінің қарамағындағы уәзірлеріне айтқан мына бір сөздерінде көрініс табады: «(Былқыс): «Әй бастықтар! Маған бір елеулі хат тасталды» деді. Ол (хат), Сүлейменнен: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (бастаймын дейді)»[4], – деп Құран Кәрімде келтіріледі.

 Былқыс патшайымның Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардан келген хатты елеуді, қадірлі деген сипатпен сипаттағандығын байқауға болады. Ал, ендеше бастапқыда күпірлік етіп жүрген патшайымның жақсы сөз сөйлегендігі өзіне қалай қайтқандығына назар аударып көрейікші: «(Былқыс): Раббым шынында өзіме кесір еткен екенмін. Сүлейменмен бірге барша әлемнің Раббы, Аллаға бойсұндым» деді»[5], – деген.

         Келесі мысалда қатыгез Перғауынның жары Әсияның өмірінде орын алған оқиғаға көңіл бөліп көрейік. Перғауынның пікірінше Әсия шектен шыққан әйел болған. Алайда, Перғауын мен оның әскері елдегі жаңа туылған нәрестелерді өмірлерінен айырып, осы қауымға ізгілікке бастайтын Алла елшісінің келуіне кедергі жасамақшы болғанда, Әсия еш нәрсеге қарамастан, өз басына қауіп төнсе де, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың өміріне араша түсіп, Перғауынның қатігезідігінен аман алып қалған еді. Құран Кәрімде Былқыс патшайымның айтқан сөздері: «Перғауынның әйелі: «Менің де сенің де көз қарашығымыз, оны (Мұса пайғамбарды) өлтірмеңдер! Бәлкім бізге пайдасы тиер; немесе бала қып аламыз» деді. Өйткені олар, сезбеді»[6], – деп келтірілген.

 Осылайша Мұса (ғ.с.) пайғамбар Алла Тағаланың қалауымен, Әсияның себепкерлігімен өлімнен аман қалады. Әсияның (ғ.с.) осы істеген ісі үшін Алланың оған берген сыйы – Құран Кәрімде барлық адамзатқа ол туралы үлгі етіліп айтылады: «Алла Тағала иман келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал көрсетті. Сол уақытта ол (Әсия): «Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште (жәннатта) бір үй жаса әрі мені Перғауыннан және оның істегендерінен құтқар. Сондай-ақ залым елден де құтқар» деген еді»[7]. Неткен керемет, неткен ғажап мысал!         

 Сонымен қатар Алла Тағаланың Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен оның туысы Харун (ғ.с.) екеуіне Перғауынға барып, жұмсақ сөздермен үгіт-насихаттарын айтуды бұйырғандығы туралы Құран Кәрімде айтылады: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар»[8].

         Осыған байланысты: «Кімде кім мұсылман бауырының ар-намысын (жақсы сөзбен, жақсы амалмен) қорғайтын болса, Алла Тағала оның жүзін тозақтың отынан қорғайды»[9], деген хадистің мағынасына мән беретін болсақ, мұсылман бауыр үшін айтылған жақсы сөз, жақсы іс әлбетте өзіне жақсылықпен кері қайтатындығын аңғартады.

         Жақсы сөз сөйлеуге байланысты бірер сөз:

- Алла Тағаланың адамдарға жіберген елшілері мен пайғамбарлары ізгілікке, тура жолға жақсы сөздер айтып шақырған.

-  Жақсы сөз адамдар арасын жақындата түседі, жүректе бауырмашылдық оятып, татулыққа, бірлікке бастайды.

 - Жақсы сөз айтушы мен тындаушыға жан рахатын сыйлайды.

 - Жақсы сөз шынайы болады, жалған емес.

 - Жақсы сөз сөйлеушінің тілі бал, иісі әтір болады.

- «Жақсы сөз – садақа».

 - Өзгеге жақсылық жасағын келіп, бірақ не нәрсемен беретіңізді білмесеңіз, онда жақсы сөз айтыңыз, күлімсіреп қараңыз және көркем мінезбен мәміле жасаңыз.

 - Жақсы сөз айту – бағасы қымбат емес, ең жақсы сыйлық.

- Жақсы сөз – жылағанды жұбатады, шаршағанды басады, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

 - Жақсы сөз – отбасыны тұрақты етеді.

 - «Көркем сөз, тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді»[10].         

Ақылды адам сөз сөйлегенде, бірінші жүрегінен өткізіп, кейін тілімен айтады. Алғадай ізгілердің ұстанымдары да осы болатын: «Егер айтатын сөзім жақсылыққа бастаса, онда айтамын. Жамандыққа апаратын болса, онда үндемеймін». Жақсылықты қаласақ, өзімізден бастайық. Жақсы сөз – жарым ырыс екендігін ұмытпайық. Алла баршамызды жақсылыққа жақын, жамандықтан аулақ еткей!

 

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ

 

  [1] «Ахзаб» сүресі, 70-аят.

[2] «Фатыр» сүресі, 10-аят.

[3] Мүслим.

 [4] «Нәмл» сүресі, 29,30 аяттар.

 [5] Нәмл» сүресі, 44-аят.

 [6] «Қасас» сүресі, 9-аят.

 [7] «Тахрим» сүресі, 11-аят.

[8] «Таһа» сүресі, 44-аят.

 [9] Ахмад, Әбу Дардадан риуаят етілген.

[10] «Ибраһим» сүресі, 24-аят.

 

Пікірлер Кіру