Яжуж мәжуж деген кімдер?

19 шілде 2019 12827 0
Оқу режимі

Ақырзаманның және бір белгісі ретінде Яжуж–Мәжуж атты екі тайпаның шығатындығы жайында аяттар мен хадистерде баян етіледі. Бұл қауымның кімдер екені белгісіз. Бірақ, хадистерді қорғанның ішінде қамалған Яжуж‑Мәжуж елі ақырзаманда жер бетін құмырсқадай қаптап, олардың жүріп өткен жерлерінен шөп шықпайтындай болатындығы жөнінде айтылады.

Алдымен Құрандағы Яжуж–Мәжуж жайында айтылған аятқа тоқталып өтейік: «Олар: Әй, Зұлқарнайын! Яжуж–Мәжуж бұл жерде бұзақылық істеуде. Саған салық төлесек, олар мен біздің арамызға бір бөгет жасайсың ба? – деді. Зұлқарнайын: «Раббымның маған бергені одан артық. Сендер маған көмектессеңдер олармен араларыңа бір бөгет жасайын, - деді. «Маған темір тақтайлар әкеліңдер», - деді. Екі беттің арасы теңелген кезде: «Көріктеңдер», - деді. Ол от болған сәтте: Маған еріген мыс әкеліңдер үстіне құяйын, - деді. Сонда олар одан аса алмады да, тесе алмады. Зұлқарнайын: «Бұл Раббымнан бір мархамет. Қашан Раббымның уәдесі келсе, оны жермен-жексен қылады. Сондай-ақ, Раббымның уәдесі хақ, - деді»[1].

«Яжуж, Мәжуж ағытылып, әрбір төбеден келгенге дейін. Ол шын уәде, қиямет таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: Әттеген-ай! Біз бұдан қаперсіз залым екенбіз, - дейді»[2].

Ия, аят мағынасы бойынша пайымдасақ, Зұлқарнайын Алланың әмірімен Яжуж-Мәжуж деген қауымды бір жерге (тау астына деп келтіреді) қамаған. Ақырзаман таяғанда Яжуж-Мәжуж сол қорғанды тесіп шығып, жер бетін жайлап, ел арасында бүлік шығармақ.

Енді осы тақырыптағы хадистерге орын берейік. Әбу Хурайрадан жеткен риуаят бойынша: «Яжуж–Мәжуж Зұлқарнайын қамап кеткен қорғаннан шығу үшін күнде қабырғаларды ояды. Тесуге сәл қалғанда күннің сәулесін көріп, басшылары: «Тоқтаңдар! Қалғанын ертең жалғастырасыңдар», - дейді. Олар қазба жұмысын тоқтатқан кезде Алла қазылған жерді әдепкі қалпына қайта келтіреді. Осылайша күнде қорғанның қабырғаларын тесуге тырысады. Күндер осылай өте береді де, олардың жер бетіне шығатын уақыты таянғанда басшылары: «Қане, қайтайық. Иншаалла, ертең қалғанын ойып бітіреміз», - деп, иншаалла (Алла қаласа) сөзін алғаш рет қолданады. Сөйтіп, ертесіне әлгі жерге қайта келгенде еңбектерінің еш кетпегенін көріп, сәл ғана қалған жерді аяғына дейін ойып бітіріп айналадағы елді мекендерге лап қояды. Адамдар олардан құтылу үшін қорғандарына тығылады. Олар жүріп өткен жерлеріндегі бүкіл суды ішіп тауысады. Яжуж-Мәжуж елі адамдарды езгенімен қоймай, аспан әлемін де өз биліктеріне алғысы келіп, көкке қарай оқ жаудырады. Атылған оқтар көктен қайтып жерге түскенде қан болып түседі. Мұны көрген олар: «Жердегілерді де, көктегілерді де езіп жаншып, жеңдік», - дейді.

Осыдан кейін Алла Тағала олардың бастары мен желкелеріне бір құрт жібереді. Құрттар олардың жанын жеп, ақырында барлығы түп‑түгел қырылып қалады. Пайғамбарымыз сөзін ары қарай жалғастырып: «Мұхаммедтің жанын өз қолында ұстаған Аллаға ант етемін, жер бетіндегі күллі хайуанаттар мен жәндіктер олардың өлген етін жеп, аққан қанын ішіп, жардай болып семіріп кетеді, -деді»[3]. Ал келесі бір хадисте Яжуж–Мәжуж қауымының қырылуы Хазіреті Иса пайғамбардың оларға қарсы жасаған дұғасымен іске асатындығы тұрғысында баяндалады. Абдулла ибн Масғудтан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз Миғраж түнінде көкте Хазіреті Ибраһим, Хазіреті Мұса және Хазіреті Исамен кездеседі. Онда қиямет қайым жайында да әңгіме болады. Әуелі Хазіреті Ибраһимнен одан кейін Хазіреті Мұсадан қиямет-қайымның қашан болатындығын сұрады. Олар қойылған сұраққа жауап бере алмайтындықтарын айтқан соң, кезек Хазіреті Исаға келеді. Хазіреті Иса қиямет жақындағанда болатын кейбір мәліметтерді бергенімен қияметтің қашан болатындығын Жаратушыдан өзге ешкім білмейді деп жауап береді. Сөзін жалғастыра келіп, ақырзаманда Дәжжал шығады, содан кейін мен түсіп оны өлтіремін, одан соң халық елдеріне қайтады. Сол кезде олардың алдарынан Яжуж-Мәжуж қауымы қаптап шығып, шабуыл жасайды. Олар кезіккен суды ішіп, тауысады, алдарынан шыққан барлық нәрсенің астаң-кестеңін шығарады. Мұндай аласапыранды көрген халық Алладан жәрдем сұрайды. Мен де Алладан Яжуж-Мәжуж қауымының жойылып кетуін тілеймін. Жасаған дұғам қабыл болып, олар өліп тынады. Мәйіттерінің иісі өте қатты саси бастаған соң Аллаға қайта дұға етемін. Алла Тағала сол сәт жауын жаудырып, өліктердің бәрін теңізге жібереді»[4]. Яжуж–Мәжуж қауымы жайында көптеген болжамдар айтылған. Олардың кімдер екені, қай ұлттан шығатындығы, бет-әлпеті, бойы қандай болатындығы жайында түрлі көзқарастар жетерлік. Сондықтан бізде Яжуж–Мәжуж жайында кеңірек мәлімет бере алмаймыз. Өткен ғасырларда маңғолдарды яжуж, мәжужге теңесе, кейінгілер қытайға теңеуде. Маңғолдарға теңегендердің пікірлері дұрыс еместігі уақыт өте келе айғақталса, қытайға теңеушілердің де пікірлері дұрыс болмай шығулары әбден мүмкін. Сол үшін ақиқатын Алла біледі.

 

Тегтер: яжуж мәжуж
Пікірлер Кіру