ТАЗАЛЫҚ – БАРЛЫҚ ИГІЛІКТІҢ КІЛТІ

01 сәуір 2024 2130 0
Оқу режимі

Үлкендерден  «Намаз – тазалық» деген сөзді бала күннен естіп келдік. Сонда «Шаң бөлмеде намаз оқыпсың, үй жиналмай қалған» деп ашуланып, салғырттық жасамауды ескертетін еді. Мүмкін сол кезде пайымына жіті бара алмаған да шығармыз. Қазір ойлап қарасам, сол арқылы намаздың тән мен жанның тазалығын сақтайтынын, ұлы құлшылық екенін түсіндіріп, оның қадірін бағамдауға үйретіпті ғой.

Айналасы лас жер мен олқы-солқы, кір киім киіп намаз оқу ғибадатта шынайылықты көрсете алмайды, керісінше немқұрайлылық пен салғырттықты танытса керек. Адамның денесі, киім және ғибадат орнының кір мен нәжістерден ада болуы сыртқы тазалықты көрсетеді. Енді осыларды мұқият тарқатып айтсақ.

Ең бірінші дене тазалығы ғұсыл алудан (парыз болған жағдайда) басталады. «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар», «Тазаланбастан, жүніп күйінде намаз оқымаңдар» [1], - деген аяттар ғұсыл алуды міндеттейді.

Ал, адамның ғұсылы бұзылмаған болса ол намазды орындау үшін дәрет алуы тиіс. Дәрет туралы Құран Кәрімде: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобығына дейін жуыңдар» [1]. Содан соң, «Киіміңді таза ұста. Жаман нәрселерді таста» [2] - деген аятқа сай киімнің тазалығына да мұқият болу қажет. Әрі намаз оқитын орынның тазалығына да көз жеткізген дұрыс.

Тазалық – дүние мен ақыреттегі барлық игіліктің кілті. Онымен қоса үнемі таза жүруге тырысу Алла Тағаланың алдында дәрежеңіздің өсуіне себеп болады. Өйткені, Алланың алдында тек таза нәрселер ұнамды. Мәселен, жан-дүниеніздің түрлі рухани кірлерден, жасалған садақалардың риядан таза болуы, ғибадат кезінде  де ниеттің таза болуы рухани кемелдікке жетелейді. Яғни мақтану, көзбояушылық, немқұрайлыққа салынып, көңілді кірлетіп алмау секілді ішкі тазалық та маңызды. Әрі амалдарыңыздың сауабы бүтін болуға септігін тигізеді. Амалдардың тікелей ниетке байланысты болғаны секілді кез-келген істе Алла Тағаланың разылығын ниет ету маңызды. Сонда ғана жасалған құлшылықтар жүректерге жарық нұр болмақ.

 

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ

1. «Мәйда» сүресі, 6 аят

2. «Мүддасир» сүресі, 4-5 аят

 

Пікірлер Кіру