Шұбаттың емдік қасиеттері

15 сәуір 2019 13510 0
Оқу режимі

Шұбат — түйе сүтінен дайындалатын сусын. Шұбатты бір қорландырып алады да, одан әрі ешқандай ашытқысыз ашыта береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытқан. Ол бір тәулікте өз бабына келеді. Шұбатқа арналған торсықты түйе мойнағынан жасайды. Шұбат ашытқаннан кейін, оны адамға берер алдында шайқап, көпіршігін жақсылап араластырып ұсынады. Түйе сүті, бұл түлік суды аз пайдаланғандықтан, майлы болып келеді. Қуаты мен дарулық қасиеті қымыздан кем емес. Қымызда 499-528 ккал болса, шұбатта 789-991 ккал болады. Шұбат құрамында май, әр түрлі витаминдер мен тұздар көп болады. Шұбатты Маңғыстау обл. Тұщыбек бұлағындағы емдеу орнында өкпе ауруларын емдеуге пайдаланған.

Түйе сүтiнiң химиялық құрамы: 86,5 пайызы судан, 14,5 пайызы құрғақ заттан тұрады. Оның iшiнде сүттiң майлылығы— 5,0, белок — 3,6, казеин — 2,8, альбумин — 0,6, глобулин — 0,2, минералды заттар — 0,9 пайыз. Әсiресе, қос өркештi қазақ түйелерiнiң сүтi емдiк қасиетiмен құнды саналады. Аруаналардың сүтiнде майлылық 4,9 пайыздан 6 пайызға жетедi, ал, белок 3,9 пайыздан кем емес. Сүттiң белогы мен майлылығының тепе-теңдiгi шұбаттың құнарын арттырады. Амин қышқылының құрамы да жеткiлiктi.

Түйе сүтінін ұдайы пайдаланғанда ішкі мүшелердің қызметін реттеп, адамды семіртеді. Қазақ емшілері түйе сүтін науқастарды емдеуге қолданады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл шұбат ішкізеді. Шұбатты ішкен соң адам денесі балбырап терлейді, ұйқысы жақсарады, сергиді, біртіндеп семіреді. Шұбатқа қоса бағлан етімен сорпалану да жақсы әсер етеді.

Ем болатын аурулары

1.Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуын (желөкпе) күшәлә шұбатымен емдеу жақсы нәтиже береді. Ол үшін 2-3 тал күшәләні (түгі қырылған) түйе сүті құйылған сабаға салып, әбден пісіп, жылыдай орап, түн асырған соң, бір кеседен күніне үш рет ішеді. Осылай 2-3 ай жалғастырса, сырқат адам сауығып кетеді. Мұны «күшәлә шұбат» дейді.

2.Асқазан мен ішек жолдарына қара жел байланып, ас қорыту нашарлағанда халық емшілері шай тосабы арқылы емдейді. Ол үшін іші тазаланып жуылған сырлы шәйнекке су құйып, тас шай, қалампыр, қара бұрыш, тұз салып, тезек отына шымырлатып қайнатады. Шәугімдегі дәрі-дәрмектердің нілі шыққан кезде, екі кеседей түйенің шикі сүтін қосып, қайта қайнатады. Әбден демделген қызыл күрең шайға қаймақ, сары май косады да, бір рет бір-екі кесе ішеді. Бұл емді осылай бір мезгіл жасайды (жүрек ауруы бар адамдар байқап ішкені жөн).

Пайдалану мөлшері жағдайға қарай болады. Түйе сүтінің құрамында май, белок, түрлі витаминдер және қант бар.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру