ШАРИҒАТТА ҮШ ТҮРЛІ БАЙЛЫҚ БАР

11 қараша 2024 385 0
Оқу режимі

Шариғатта үш түрлі байлық түсінігі бар:

1) Қайыр сұрауға болмайтын, бірақ зекет алуға болатын байлық түрі. Бұған – бір күндік ішім-жемі бар және ғаурат жерлерін жауып тұратын киімі бар кісі жатады. Бір күндік асы бар кісінің тіленуі харам, ал бірақ зекет берушінің берген зекетін алуына болады, себебі кедей. Алайда, бір күндік ішім-жемі бар болғандықтан, мүлдем ештеңесі жоқ кісіге қарағанда бай, сол себепті тіленуіне болмайды. Зекет пен пітір садақасын алуына болады. Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Кім қайыр тілеуге мұқтаж болмаса да, тіленшілікпен айналысса, ол өзі үшін тозақ шоғын көбейткен болады» деп айтады. Қасындағылар: «Уа, Расулаллаһ! Тіленшілікті харам қылар мөлшер қанша?» деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.): «Түскі ас пен кешкі асқа жететіндей мөлшер» деп жауап береді[1].  

2) Тіленуге де, зекет алуға да болмайтын, керісінше, пітір садақа беруге және құрбан айтта құрбан шалуға міндетті болатын байлық түрі. Бұған – негізгі қажеттілігінен артық «нисаб мөлшеріне» жетіп тұрған дүние-мүлкі бар кісі жатады. Мысалы, екі көлігі бар адам, бір көлігін өзі мінсе, екінші көлігі қажеттілігінен артық деген сөз, сондықтан егер ол көліктің құны нисаб мөлшеріне жетіп тұрса, ол кісі пітір садақа беруі тиіс және құрбан айтта құрбан шалуы керек.

3) Зекет беретін деңгейдегі байлық түрі. Бұған – нисаб мөлшеріне жететін ақшасы, алтын, күмісі немесе сауда заттары, яки, нисабқа жететін сәима үкіміндегі малдары бар дәулетті кісі жатады. (Сәима мал – өніп, өсуі үшін жылдың көп уақытын қырда жайылып өткізген малдар)[2]. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Байдың зекет алуы харам» деп айтады. «Бай деп кімді айтамыз?» деп сұрайды қасындағылар. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «кімнің екі жүз дирһам ақшасы бар болса, сол бай» деген екен.

 Әнуар Имам-Мұса

 

[1] Әбу Дәуід: «Сүнән»; Имам Ахмед: «Мүснәд». Сахих.
[2] Имам Мәусули: «әл-Ихртияр ли тәълилиль Мұхтәр».

 

Пікірлер Кіру