ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ АР ІЛІМІ

20 қараша 2024 255 0
Оқу режимі

Қазақ халқында Ислам дінін терең зерттеп, ата-баба дәстүрімен ұштастырып, оны көпшілікке жеткізу жолында өмірін арнаған ғұлама-ғалымдар аз болған жоқ. Сондай ғұлама-ғалымдардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858 – 1931) – Хакім Абайдың замандасы әрі немере інісі. Ол туған халқына түзу жол көрсетуде ұстазы Абай көрсеткен бағытты ұстанды. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға барды, онда жеті жасына дейін оқыды. Жеті жасында әкесінен жетім қалып, одан кейін Абайдың тікелей тәрбиесінде болды. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, ғұлама-ғалым, ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпалын тигізді. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазды: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бүл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім».

Оның «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» еңбектерінен Ислам ақидасын, шариғатын терең білген ғалым-ғұлама болғанын көруге болады. Сонымен қатар Шәкәрім өз шығармаларында мінез-құлыққа қатысты рухани құндылықтарды көп насихаттаған. Өлең жолдарында:

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда? – дейді.

Бүгінгі жұма уағызымызда Шәкәрім қажы айтқан осы ар, рахым, әдеп деген үш рухани құндылыққа тоқталатын боламыз.

Бірінші: ар сақтау

Ар – адамды жамандықтан қорғайтын күш. Алланың берген ең үлкен нығметтерінің бірі – жүректегі ар. Арсыз адам өз нәпсісіне ереді, жақсылық пен жамандықтың арасындағы айырмашылықты білмейді. Ал жүрегінде ары бар адам әрқашан адалдықты, әділдікті іздейді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ халқы ар мен ұятты адам бойындағы негізгі асыл қасиетке балап, тарихта түрлі қилы кезеңдерден өтсе де, әрқашан ары мен ұятын жоғары қоя білген. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан: «Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен», «Адалдық – ардың ісі», «Нарым бар деп мақтанба, арым бар деп мақтан» деген мақал-мәтелдер осыған дәлел. Ата-бабаларымыз ұрпағына бата бергенде де: «Арлы бол!», «Алла абыройыңнан айырмасын!» – деп тілек тілеген. Осы арқылы арсыздық саналатын барлық жаман істерден аулақ болуға үйреткен. Себебі арсыздық – жеке адамға ғана емес, қоғам үшін де үлкен зиян алып келеді. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 19-аятында Алла Тағала:

«Иман келтіргендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл дүниеде де, ақыретте де жан төзгісіз ауыр азап бар», – деп ескерткен.

Арлылық намыс, ұят, иба, абырой сынды бірқатар игі істерді қамтиды. Арлы адам жігерсіз әрі намыссыз болмайды, көрсеқызарлыққа салынбайды, күнәлі істерден бойын аулақ ұстайды. Ешкімге қол жаймай, адал еңбек етеді. Хакім Абай қара сөздерінің бірінде: «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – дейді. Шәкәрім бабамыз келесі өлеңінде:

Ақылды сол – нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол – таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды, – деген.

Сондықтан да ар сақтау ұғымының аясы кең. Ол қоғамды азғындықтың, күнәлі істердің таралуына себеп болатын барлық істерден бойды аулақ ұстауға шақырады.

Адам бойындағы көркем мінезге қатысты Шәкәрім қажы «Ар ілімі» деген терминді қолданған.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз да: «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – дейді.

Әсіресе, зинақорлық деп аталатын суық жолдан сақтануды халқымыз ар сақтау деп таныған. «Абыройыңды жасыңнан сақта» деп насихат еткен халқымыз тектілікті, ұрпақ тазалығын сақтауды өте маңызды деп білген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, үйленбеген жастардың арлы және абыройлы болуына үлкен мән берген. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 33-аятында Алла Тағала:

«Үйлене алмағандар Алла оларды өз кеңшілігімен байытқанға дейін суық жолдан сақтансын», – деп бұйырады.

Дініміз Исламда арсыздыққа бару үлкен күнәлі істер қатарына жатады. Мұхтар Әуезов бабамыз «Абай жолы» романындағы Қодар мен Қамқа оқиғасын мысал ретінде келтіру арқылы кезіндегі қазақ қоғамында арсыздыққа қаншалықты қатал қарағандығын баяндаған. Алла Тағала Қасиетті Құранда:

«Арсыздықтың жариясына да, құпиясына да жақындамаңдар», – деп бұйырған («Әнғам» сүресі, 151-аят). Бұл аятқа қатысты тәпсірде: «Адамдар жәһилиет дәуірінде арсыз істі жасырын, адамдарға көрсетпей істеуді рұқсат деп түсінетін болған. Алла Тағала осы аятты түсіру арқылы арсыздықты жасырын да, жария да жасаудың харам екендігін баяндады», – делінген.

Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Туып өскен елің қымбат, ұят пен ар қымбат, өзің сүйген жар қымбат...», – дегендей, әр адам ары мен ұятын жоғары бағалап, кірлетпеуі қажет.

Қисса

Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) адамдардың зұлымдықтарына шыдай алмай жанын аман алып қалу үшін Мәдиан деген жерге барады. Сол жолда шаршаған күйде құдық басына келсе, бір топ шопандар өз малдарын суарып жатқан екен. Көзі алыстау жерде, бір шетте ұялып, малдарын суара алмай тұрған екі қыз балаға түседі. Оларға барып сұраса, әлгі шопандар кетпей құдықтың жанына жоламайтындарын және әкелері қарт болғандықтан өздері осы істі істеуге мәжбүр екендіктерін айтады.  Мұса пайғамбар ұялып тұрған қыздарға малдарын суаттап береді. Артынша Жаратушыға жалбарынып: «Уа, Раббым! Шүбәсіз, маған берер қандай жақсылығың, нендей нығметіңе болса да зәрумін!» – деп дұға етеді.

Қыздар әкесі Шуғайб пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) еліне сондай бір күшті, қайратты әрі адамгершілігі мол, ар-намысты жігіттің келгенін, оларға малдарын суарып бергенін айтады. Шұғайб пайғамбар жасаған еңбегі үшін Мұсаның ақысын төлеуге үйіне шақыртады.

«Қасас» сүресінің, 25-аятында бұл турасында:

«Сонда екі қыздың бірі ұялған күйде келіп: «Әкем, малымызды суарып бергенің үшін ақыңды төлемекке шақырып жатыр», – деді», – деп баяндалған. Бұл аятта қыздың жүрісінде әрі сөзінде де ұялшақтығы сипатталған.

Шұғайб пайғамбардың шақыртуын қабыл алған Мұса жолда қызға көзі түсіп кетуден ұялып, өзі алдында қыз артында жүреді. Қызға: «Егер оң жақа бұрылу керек болса оң жақа, сол жақа бұрылу керек болса сол жақа тас лақтыр», – дейді. Осылайша, олар Раббысынан ұялған, ар-намысын сақтаған күйде баратын жерлеріне жетеді. Мұса пайғамбар бұл елге келуге себеп болған қиыншылықтарын қыздың әкесіне баяндап береді. Аятта ол турасында:

«Келген сәтте, оған оқиғасын баян етті. (Шұғайып пайғамбар): «Қорықпа! Залым елден құтылдың» деді», – деп айтылған («Қасас» сүресі, 25-аят).

Шұғайб пайғамбар Мұсаның ар-намысты, әрі сенімді екеніне куә болған соң қыздарының бірін алуға және өз қолында қалып жұмыс жасауға ұсыныс жасайды. Осылайша Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) бойындағы иманы мен ар-ұятының арқасында Алла оған сондай салиқалы жар, нәпақа табатын жұмыс әрі жайлы баспана нәсіп етеді.

Екінші: рақымды болу

Рақымды болу айналаға мейірім төгу, өзгелерге жанашыр болу дегенді білдіреді. Мейірімділік – адамның адамгершілігін көрсететін, рухани деңгейінің кемелдігін паш ететін сипаттардың негізгісі. Ол адамдар арасындағы сыйластық, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерге негізделеді. Хакім Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз», – деп өзгелерге рақымды болып, мейірімділік танытуды бес асыл іс деп атаған болса, Шәкәрім бабамыз:

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,

Жас бойға жаман атақ тағынбалық!

Таза ойлап, татулық іс табалық!

Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық! – деп тағы да мейірімнің маңызын атаған.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 107 аятында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Уа, Мұхаммед!  Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деп айтқан. Жаратушы Алланың ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша адамзатқа мейірім ретінде жіберуі де, мейірімділік сипатының мұсылман жандар үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл сөзінде, ісінде мейірімділіктің кемел үлгісін көрсетті. Ол қасындағы сахабаларын мейірімділіктің аясында тәрбиеледі. Ол тәрбиелеген сахабалар әлемдегі теңдессіз тұлғаларға айналды. Дінге, өзіне, қасындағы ең жақын деген адамдарына қаншама қастандық істеген дұшпандарының өзіне мейірімділік танытып, олардың істеген қателіктерін кешіру арқылы, адамдардың жүрегіне иман ұялауына себепші болды.

Мұғаз ибн Жәбал (Алла оған разы болсын) деген сахабаға бір кісі келіп: «Маған насихат айтшы», – деген екен. Сонда Мұғаз: «Мейірімді бол! Жәннатқа кіруіңе мен кепіл болайын», – деп жауап беріпті.

Ендеше, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі тұтқан әр мұсылманның жүрегінен мейірімділік, әр ісінен жұмсақтық көрініс табуы қажет. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол «шын адам» болады», – деген. Адамдар арасында мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасалғанда ғана ол қоғамда өзара сыйластық, бірлік, әділеттілік орнайды. Мейірімді жан ғана елін, халқын, Отанын шынайы сүйіп, оған адал қызмет ететін болады.

Үшінші: әдепті болу

Қазақ тілінде «әдеп» сөзі инабаттылықтың, имандылықтың, адамгершілік пен сыпайылықтың мағынасын білдіретін үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қазақы тәлім-тәрбие, ізгілікке баулу барысында қолданылады.  Халқымыздағы «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық», «Әдепсіз бала ауыздықсыз атпен тең», «Әдепті бала – арлы бала» деген мақал-мәтелдер ата-бабаларымыздың әдеп мәселесіне қаншалықты үлкен мән бергендігін көрсетеді. Әбу Насыр әл-Фараби: «Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінез бен әдептілікті кемеліне жеткізу үшін жіберілген. Хадис шәріпте:

«Расында, Алла мені тәрбиелеп, әдебімді көркем етті», – деген.

Дін әдеппен толығады. Асыл дініміз кәміл дін болғанындай ондағы қамтылған әдеп нормалары да кәміл. Ол адамның Жаратушысымен, адамдармен тіпті, жан-жануарлар, табиғат және т.б. барлық қарым-қатынасты қамтиды.

Адамның білімі мен парасаты оның әдебінен көрінеді. Баяғыда бір ғалымның қасынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оған кішіпейілдік танытып, сәлем берген екен. Сонда әлгі ғалым оған одан да кішіпейіл халде жауап қайтарыпты. Бұны көрген қасындағы шәкірттері: «Ұстаз. Сіз соншалықты біліміңіз бар ғалым адам бола тұра, жарлы кісіге соншалық кішіпейіл болғаныңыз қалай? – деп сұрайды. Сонда ғалым: «Білімді ешбір дәрежеге жетпеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық болғаны ма?» – деп жауап берген екен.

Халқымызда: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке реттейтін – әдептілік», – дейтін даналық сөз бар. Сондай-ақ «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады» – деген.

Әдептілік белгілі бір жағдайда, ғибадатта немесе көпшілік орында болғанда ғана емес, өмірдің барлық сәтінде, әрбір уақытта қажет. Мұсылман адам әрдайым әдептілік сақтап, көркем мінез таныту арқылы шексіз сауаптарға кенеледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Расында, мүмин адам өзінің көркем мінезі арқылы (үздіксіз) ораза ұстаушы мен (түнімен) намаз оқушының дәрежесіне жетеді», – деген (имам  Әбу Дәуід).

Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 128-аятында:

«Сендерге өз араларыңнан сондай бір хақ пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді», – деп айтқан.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай көркем мінезін, адамдарға, қоғамға жанашырлығын үлгі етіп, өзінің білімі арқылы туған халқына пайда тигізіп, қызмет еткен асыл тұлғаларымыз аз емес. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да осындай көпке қызмет етіп, өзі өмір сүрген қоғамның ізгі де кемел болуы үшін бар ғұмырын арнаған жандардың бірі.

Шәкәрім қажы бұны адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп, арлылық, нысап, мейірім, әдептілік, әділет сияқты өзге де рухани құндылықтарды қалыптастыру арқылы жүзеге асыруға тырысты. Оны ақынның:

Нысап пен мейірім, әділетті,

Жаныңдай көріп жан сақта.

Ол жолда өлсек, неміз кетті,

Мақсұтқа жетпей қалсақ та, – деген өлеңінен анық көруімізге болады.

Алла Тағала баршамызды осындай асыл бабаларымызды үлгі тұтқан, көркем мінезді, жоғары рухани құндылыққа ие жандардан болуымызды жазып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

 

Пікірлер Кіру