СЕНДЕ ЖАҒЫМПАЗДАРДЫ ҰНАТАДЫ ЕКЕНСІҢ ҒОЙ!..

17 маусым 2024 1511 0
Оқу режимі

Қытай тарихында Үш патшалық деген дәуір өткен. Сол дәуірде Гұң деген өте турашыл әмірші адам болған екен. Басқалардың өзіне жағымсып, жарамсақтануын жаратпайды екен. Шенді-шекпенді адамдарға өзі де жағымсымайды екен. Қол астындағы біреуді жарамсақ сөздің шебері, айлакерлігіне сүйеніп әр күнін сайранмен өткізеді екен дегенді естіп, оны өлтірмек болып қылышын алып іздеп келіпті. Бір жерден оны тауып алып, кәрлене:

 «Естісем сен елге жарамсақтанудың шебері екенсің. Бүгін маған бір жағымсып көрші!» депті.

Әлгі адам: «Кішкене жарамсақтанғышым бар екендігі шындық, бірақ менің жарамсақтанып жүргендерім түгелдей қарашалар ғой. Өзіңіздей дүниеге атағы жайылған адамның жарамсақ сөздерді естігісі келмейтінін, біреуге біреудің жағымсып жүргенін жақсы көрмейтінін әбден білемін. Менің сізге жарамсақтануға қалай батылым барсын?!» депті.

«Жоқ, сен онсыз да жарамсақтанып тұрсың, қуауыз! Басыңды шабайын!» деп тұр ұмтылғанда әлгі адам:

 «Құтқарғаныңызға рақмет!» деп оның алдына жығыла кетіпті. Сонда әмірші көтерген қылышын түсіріп, сенің айтқаның ненің рақметі деп сұрапты.

Әлгі жарамсақ:

 «Гұң әмірші асқар таулардан асып басып алғандарыңыз ылғи атағы жер жарған қолбасшы сардарлар ғой, мендей бір қарашаның басын сіздің қасиетті қылышыңыз кессе көктен тілегенім жерден табылғандық болмай ма?» депті.

Әмірші үн қатпай біраз тұрып, артына кілт бұрылып кете барыпты. Әлгі жарамсақ адам әміршінің артынан қарап тұрып ақырын ғана:

 «Сенде жағымпаздарды ұнатады екенсің ғой!» деген екен.

 

 

Пікірлер Кіру