САУАП ПЕН КҮНӘ СЫРЫ

30 шілде 2024 1419 0
Оқу режимі

Мұжахид (р.а.): «Жүрек – алақан сияқты. Адам күнә жасаса бір саусақ бүгіледі. Сосын екінші саусақ, осылайша соңында жүдырыққа айналады да мөрленеді. Сол кезде жақсы сөз адамның құлағына кіреді де бірақ жүрекке барар жол таппай қалады» деген екен.

Расында, жүрекке күнәнің тиюі киімге майдың жұғуы сияқты тез жуып тастамаса сіңіп қалады. Әбу Хазимнің: «Сен күнә жасасаң да Алла Тағала нығметін тоқтатпай жатса, мұндайдан қорыққаның жөн» деген насихаты осы ойды кеңірек түсіндіреді. Фудайл бин Ғияд (р.а.): «Түнде намазға, күндіз ораза тұтуға шамаң жетпей жүрсе, онда сені күнәң құрсаулап қойғанын біл» деп күнәнің салдарын көрсетуде. Жалпы, көпшілік адам күнәдан сақтанады. Бірақ, екі түрлі жолмен сақтанады. Әрине, бірі қате ал екіншісі түзу. Бірі, күнәдан жасыру. Екіншісі, күнәні жасыру. Көпшілік Алладан күнәсін жасыруды сұрайды. Өйткені, жұрт алдында абыройдан айырылудан қорқады. Ал, кейбір адамдар (тақуа, діндар) күнәдан жасыруды сұрайды. Өйткені, олар әлемдер Патшасы Алла назарында абыройдан айырылудан қорқады» деген. Сағид бин Мұсайяб (р.а.): «Пенде өзін Аллаға құлшылық етумен қадірлі етеді. Ал, Аллаға күнә жасаумен өзін қор етеді. Жауы күнә іспен айналысса, мұнысы Алланың мұсылманға берген жәрдемі ретінде жетіп артылады» деген екен.

Адам ата мен әзәзіл қиссасында малғұн шайтан қиямет күніне дейін уақыт сұрап: «Сонан соң оларға қарсы алдынан келемін, арқа тұсынан келемін, оң жағынан келіп азғырамын және сол тұсынан келіп азғырамын. Нәтижеде, олардың көбін шүкіршілік айтатын құлдарың ретінде көре алмайсың[1]», – деп адамзатты қияметке дейін азғыруын доғармайтынын айтып ант етеді. Аталмыш аятты Ибн Аббас (р.а.): «Қарсы алдынан келуі – дүние тарапынан, арқа тұсынан келуі – ақырет ісіне қатысты азғыруы, оң жағынан келуі – сауап істерге қатысты түрліше ой салуы, сол жағынан келуі – күнә жағынан келуі[2]», – деп түсіндірген.  Міне, бұл оқиға адам баласының неіліктен шалыс баса беретінін көрсетуде.

Сауап іске келгенде шайтан адамға жасама демейді. Мұндай іске дайындық керек, бастаған соң үздік етіп жаса, әйтпесе обалына қаласың. Сондықтан зейнеткерлікке шық, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондыр. Міне, сол кезде жан рақатымен құлшылық етесің. Сауаптың көкесін сен жасайсың, – деп алдаусыратады. Ал, күнәға келгенде: Сенің ешбір шараң болмай тұрғанын білесің. Қала берсе, жұрт мұнан да зорын жасап жүр. Оның қасында сенікі түкке тұрғысыз. Әйтпесе, сен ең адал жанның бірі емессің бе?! – деп жұбатады. Әзәзіл шайтанның бұл әдісі жайлы Құран Кәрімде: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздыққа үндейді…[3]», – деп түсіндіреді.

Адасқанның алды жөн, арты соқпақ дегендей күнәмен басталған іс ақыры соңы адамға жақсылық әкелмейді. Құранның әр аятының қыр-сырын жетік білген сахаба Ибн Аббас (р.а.): «Сауапты іс адамның жүзіне сәуле, жүрегіне нұр, ризығына кеңшілік, денесіне күш-қуат береді және адамдар көңілінде оған деген ықыласты оятады. Ал, күнә адам жүзін түнертіп, жүрегін қарайтып, ризығын кемітіп, денесіне дерт береді және адамдар көңілінде оған деген ашуды пайда етеді», -деп ой түйеді. Сахабаның бұл сөзі санадағы қарама-қайшы қос ұғымға қатысты адам психологиясын өзгертеді. Демек, күнә жылтырап көрінгенімен қуанышы ұзаққа бармайды. Адам барлығынан бірден айырылып, опық жейді. Ал, сауап жолы ауыр болғанымен, берекет пен жақсылық, ел арасындағы сый да сол жолда. Осы орайда, шынайы тәубенің тылсым сырын неде, деген ой туады. Бірде ислам әлемінің белгілі тұлғасы Ибраһим Адһамға бір кісі келіп:

-Уа, Әбу Исхақ! Мен күнә батпағына батқан бір бейбақпын. Күнә атаулыдан арылып, жүрегімді тазалайтын жол көрсетуіңізді сұрап алдыңызға келіп тұрмын,-деп мұңын шақты. Ғұлама:

-Көнсең, бес талап бар. Соны істеуге шамаң жетсе, күнәдан толықтай арыласың. Жүрегің де рақат табады,-деді.

-Уа, Әбу Исхақ! Көндім, айтыңыз.

-Егер Аллаға күнә жасасаң, жаса. Бірақ Оның берген ризық-несібесінен бір түйірін де аузыңа салушы болма!

-Жер бетіндегі барлық ризық Онікі. Қайдан қоректен демекшісіз?

-Ендеше, Оның берген ризығымен қоректене отырып, Оған күнә жасау қалай болмақ?

-Дұрыс, бұған көндім. Екіншісін айтыңыз.

-Жасайтын күнәңді Оның иелігінен тыс аймақта жаса.

-Бұл – әуелгісінен де ауыр талап. Шығыс пен батыс арасы – түгелдей Оның меншігі. Жеті қабат аспан мен жер – тұтастай Алланікі. Қайда барып пана табам?

-Олай болса, Оның жаратқан жерінде өмір сүріп, Оның ризығын жеп әрі Оған күнә жасау ақылға сыя ма?

-Рас, бұған да көндім. Үшіншісін айтыңыз.

-Оның берген ризығын жеп, Оның иелігі болған жерде өмір сүріп күнә жасамақ болсаң, Оның назарына түспейтін орын тап та, сол жерде жасайтыныңды жаса.

-Уа, Ибраһим! Жеті қабат аспан пен жер астындағы әрбір қыбырлаған тіршілік Оның назарынан тыс қалмайды. Ол – ішімізге бүккен сырдан да Хабардар.

-Ей, пенде! Оның жерінде, берген ризығын жеп отырып, Оның көріп тұрғанын біле тұра, күнә жасауың жөн бе?

-Дұрыс. Төртіншісі не болмақ?

-Өлім періштесі келіп, жаныңды алмақ болса: «Шынайы тәубе етіп, ізгі амал жасауға мұрсат бер» – деп жалбарын!

-Уа, Ибраһим! Өлім періштесі қас-қағым сәт те уақыт бермес. Мен қанша жалбарынсам да, аяушылық танытпайтыны – ақиқат.

-Иә, өлімге қарсы тұруға ешбір қауқарың жоқ. Ажал келсе, бір сәтке тоқтатуға да шара жоқ екенін білесің. Ендеше, құтылудың жолы қалай болмақ?

-Түсіндім. Бесінші ақылыңызды айтыңыз.

-Қиямет күні тозақ періштелері Заббанилер келіп алып кетпек болса, олармен барушы болма!

-Олар мені бостан-босқа жібермейді. Олардың уысына түскен пендені тек Жаратқан ғана құтқарады.

-Ендеше, қалай құтыларыңды біліп тұрсың ғой?!

-Уа, Ибраһим! Болды, жетер, түсіндім. Құдіреті күшті Раббыма тәубе еттім. Уа, Раббым! Күнәһар пендеңді кешіре гөр! – деген екен.

Түйіндей келе, табиғин Мұғазұлы Яхияның мынадай ғажайып бір сөзін айтқым келеді: Байғұс адам баласы тозақтан (күнә атауынан) кедейліктен қорыққандай жиіркенсе, екеуінен де (күнә мен кедейліктен) құтылатын еді. Ал, жәннатқа (сауап іске) байлыққа талпынғандай ұмтылса екеуіне де (жәннат пен байлыққа) қол жеткізер еді». Ғұлама адамның болмысын ашуда. Біз үшін кедейліктен жаманы жоқ. Ал, байлық бар жоспарымызды жүзеге асыратын құрал іспетті. Демек, күнәға – кедейлік, сауапқа – байлық деген көзқарас қалыптастыру арқылы бұл мәселені біршама шешуге болады.

 

 

 

 


[1] Ағраф сүресі, 17-аят

[2] Табари тәпсірі

[3] Бақара сүресі, 268-аят

 

Руслан Қамбар

 

 

Пікірлер Кіру