СӘРЕСІДЕГІ ШӘЙ

12 ақпан 2024 1761 0
Оқу режимі

Алтын әжем  басымды сипап, маңдайымнан сүйіп сәресіне оятты. Әженің жанында еркелеп отырып шәй ішетінім есіме түстіті ме, әлде хикая еститініме қуандым ба төсегімнен ұшып тұрдым. Шіркін-ай,әжемнің шәйі шәй емес бал дерсің! Күндегідей тағы да апаның тізесіне отырып алдым. Бала дегеннің сұрамайтыны жоқ дейді. Әжемнен анау не,мынау не деп көп сұраймын. Әжем сәресі ішіп отыр. Мен үстелдегі құртты бір тістеп алып, әжеме қарап «Әжетай, сен неге күн секілді жып-жылы,шуақтысың» деп күлемін.

«Ақ лағым» деп әжем әңгіме бастады.Осылай сөз алса қызық бір хикая айтатынын ұғып мәзбін. Құртымның екінші жағын тістеп,әжемнің аузына қарадым. Сонау  заманда бір патша өмір сүріпті деп әңгімесін жалғап жатыр. Оның айдан сұлу алты қызы болыпты. Ел патшаны қу бас, артында қамшы ұстар ұлы жоқ деп пыш-пыш сөз қылады екен.Бір күні шуылдасқан жұрттың өсегі  патшаның да құлағына тиеді. «Тастан да қатты болған сөздерің қарашы» деп айбарлы тақсыр болса да патша көзіне жас алыпты. Еңсесі түсіп құлазиды.

Ертеңіне патша күн ұясынан шығатын уақытты тосып: “Уа Құдай, ұрпағымды мейірімді қыла гөр” деп жылайды. Бірақ Жаратушыдан ұл бер деп егілмепті. Патшаның бұл тілегі апта,ай өтіп жыл жалғасады.Бір күні патша түс көреді. Түсінде алты қызы шуақ шашқан тәж киіп отыр. Патшаның түсі өңіне айналыпты. Патшаның қыздарының алтауы да күннен шуақты, айдан сұлу жүзді,міңездері  жібектей,ақылдары өзгеден артықша келіп, сұлудың өзі болады. Олардан тараған ұрпақ көп болады. Осылай патшаның басына бақ қонады. Сонда ел-жұрт патшаның құты алты қызы екенін түсініп,айтқан сөздеріне өкініпті.

«Менің апам да  астан кейін  “Жан Аллам, балаларымды  ата-анасына мейірімді қыла гөр” деп қолжайып отыратын жарықтық. Мейірім маған осылай дарыды»Сұрауынның жауабын түсіндін бе деп  бетімнен сүйді.

 

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

 

 

Пікірлер Кіру