«Рухани байлығы жұтаң адамның иммунитеті әлсіз болады»

27 шілде 2021 9958 0
Оқу режимі

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары атажұртына ат басын тіреген Жасан Зекейұлы бұл күнде еліміздегі медицина саласында жемісті еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген келеді. Медицина ғылымдарының докторы, «Жас-Ай» медицина орталығының бас директоры Жасан Зекейұлымен жақында ғана сұхбат жүргізген болатын. Аталмыш сұхбат барысында Жасан Зекейұлы адамның иммунитет жүйесі оның рухани жан-дүниесімен тығыз байланысты екенін жан-жақты дәлелдеп берген еді. Назарларыңызға дәрігер сұхбатының үзіндісін ұсынып отырмыз.

Жасан Зекейұлы - медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, "Жас-Ай" медицина орталығының бас директоры, "Жас-Ай" медициналық-ақпараттық журналының бас редакторы. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Вена Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің, құрамына 193 мемлекет кіретін Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері.  

– Әңгіме ауанын бүгінгі ел ахуалына бұра отырсақ.  Жалпы қазақ елінде қандай аурулар көп? Онымен қалай күресуге болады?

– Халықтың жиі шағымданып келетін  дерттеріне - жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр, асқазан-ішек, несеп-жыныс, гинекологиялық, буын, тері, көз, эндокринологиялық дерттер, есту қабілетінің төмендеуі, темекі мен ішімдікке салыну, бел омыртқа жарығын отасыз емдеу, инсульттан кейінгі салдану, тіл-ауыз күрмелу, балалардың мешел ауруы (ДЦП), шыжың (энурез), отадан кейінгі асқынулар және оның алдын алу, ер адамдардың белсіздігі, әйел адамдардағы бедеулік хирургиялық асқынулардың алдын алу, қант диабеті, тыныс жолы аурулары және т.б. жатады. Бізге келетін науқастардың басым бөлігі жоғарыда аталған ауруларға шағымданатын болса, қоғамымызда бұлардың үлесі де көп болғаны ғой. Дегенмен, ондай науқастармен күресуге болады, күресу қажет.

Алдымен елде «Бірінші медициналық-санитарлық жәрдем жүйесін» қалыптастыру, дамыту, әрбір елдімекенде ФАП (фельдшер-акушер пункті) ашу, радио-телеарналарда саламатты өмір салтын насихаттау керек. Осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдарында «Денсаулық» айдарымен парақтар ашу, денсаулық сақтау тақырыбына арналған басылымдар қатарын көбейту, осылайша денсаулық мәдениетін қалыптастыру; қоғамда адамдардың отбасы және мемлекет алдындағы өз денсаулығы үшін жауапкершілігін арттыру және т.б. амалдарды қолдану қажет.

Бұрындары да айтып жүрген бір ойым, әр адамның денінің сау болуы – өзінің ұлттық тілі мен дініне, дәстүріне қаншалықты терең бойлағанына байланысты. «Ауру - астан, дау - қарындастан» деген сөзді халқымыз бекер қалдырмаған. Көшеде, жұмыста, тұрмыста отырыстарда тек қана ана тілінде сөйлесіп, ұлттық саз тыңдап, ұлттық тағамдар тұтыну - бұл генетикалық қажеттілік.  Әр ұлт өкілі өзінің туған жерінің ауасы мен суына қанығып өсуі арқылы ғана денсаулықтың түп негізі қалайды. - «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халқымыз.

– Қалай ауырмай жүруге болады? Қазақ халқы жапон ұлты секілді қашан әрі қалай ұзақ өмір сүреді? Осы салада сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Сауалыңыз шымыр, мағынасы кімді болмасын толғандырады. Бұрынғы өткен ғұламалардың бірегейі Ибн-Сина бабамыз ауруды емдеудегі дәрігердің үш құралы «жылы сөз, шөп және дәрігер қандауыры» деп айтып кетсе, Шығыс ғұламасы Конфуций «адамның денсаулығы адамның көңіл-күйінде» деген екен. Біз өзіміздің өмір тәжірибеміз және сан мыңдаған зерттеулер негізінде адам ауруының алдын алатын және өмірін жақсартуға болатын күнделікті қажетті қимыл әрекеттен басқа, ең маңыздысы, көңіл-күйді өз денсаулығына пайдалы етіп, ұстауға көмектесетін, денедегі керексіз залалды гормон мен қуатты төмендететін клетканың бөлінуін тоқтата алатын аппаратқа қол жеткіздік.

Керісінше, адам организміндегі сырттан ми қабатына жағымды ақпараттар жіберу арқылы денедегі пайдалы мейірім гормонын бөлдіру арқылы иммунитетті күшейтіп, аурудың алдын алып, тіпті жасартатын, ұзақ өмір сүруге қол жеткізуге болатындығы зерттеліп, дәлелденді. Соның нәтижесінде адамның тез қартаюы, ауру-сырқауға берілгіштігі сана-сезімінің төмендігімен байланысты екендігі анықталды. Адамның тектік қасиеті жойылып, рухани байлығы жұтаң болса, оның иммунитеті әлсіз болады.

Адам бойында сырттан келетін ақпаратты өзіне жинайтын магниттік клетка бар. Ол клетка эндокриндік бездердің тіндерінде орналасқан. Магниттік клетка екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі - жақсы хабарларды жинайтын мейірімді клетка. Екіншісі - жаман хабарларды жинайтын ызалы клетка. Осы екі клетка адам ағзасында билік жүргізу үшін күреседі. Адам ағзасында ызалы клетка 70%  болса, ағзаға улы клеткалар тарайды. Бүкіл қауіпті аурулардың бәрі осы улы гормондардың әсерінен пайда болатынын ғылым дәлелдеп отыр.

Құранда түскен аяттарда ниет пен ой-сананың тазалығы сақталғанда, денсаулық қалыпты жағдайда болатындығы ескертілген. Көңіл-күй, ниет таза болмай, жауыздық пен күншілдік, ішкі жан-сезімі нәпсісін жеңе алмай, болмас іске ашуланып, болымсыз уайым-қайғыға беріліп, қол жеткізе алмаған дүниеге әуес болудың соңы, біз айтып кеткендей, табиғи түрде улы гормондардың бөлініп, көбеюіне әкеп соқтырады.

Абай атамыз «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын...» деп текке айтпаса керек. Әр адам жақсы өмір сүремін дейтін болса, иманды, мейірімді болып, өзінің сүйікті ісімен айналысып, күнделікті көңіл-күйінің дұрыс болуына мән бергені дұрыс. Сондықтан адамзат қоғамы бүгінге дейін жұмыссыздық пен пәрменді түрде күресіп келеді. Жапонияда мен әріптестеріммен дидарластым, олармен бірге қалаларында, далаларында болдым; жері тау-тас, ұшы қиырына көзі жетіп болмайтын, көкжиекке ұласатын теңіз айдыны. Қазба байлықтарына тапшы, жоқ десе де болғандай. Алайда, Америка Құрама Штаттарымен, дамыған өзге мемлекеттермен заманауи техника, электроника даму үрдісінде бәсекелестікте дес бермей келеді.

«Ешбір табиғи байлықтарсыз да, мемлекетті қуатты етуге болады. Елдің басты байлығы - адам. Мемлекет тек сол адамдардың талантын ашудың негізін жасау керек» деп Маргарет Тэтчер айтқандай, ешқандай байлығы жоқ болса да мықты ел. Неге? Несімен мықты... Жапондықтар баба дәстүрін дәріптеуде, оны бүгінгі заман талабына керемет үйлестіруде ешкімді алдына салмайды, салдырмайды да. Азаматының қай-қайсысы да ел намысын ту етіп жүреді. Бұлар күні-түні тынбай еңбек етіп, ерте тұрады. Біздегі көптеген адамдар уақытын текке жоғалтып, қайда, қайтып, неге жұмсарын білмей дал болып жүретін «бос уақыт» оларда болмайды. Олар уақытын үнемдейді, «денсаулық - зор байлық» деп көсілмейді. Бұл тіркестің ақиқатын олар өмір бойы ісімен, әрекетімен өзіне-өзі дәлелдейді. Жапонияда тұрмасам да, ол жаққа барған сайын, олардың жанкешті еңбеккерлігіне, өз туған жерін өліп-өшіп сүйетіндігіне көзім жетті. Тіпті, Фукусима атом электр станциясы жарылысында отанын, халқын қорғап аман алып қалу үшін еріктілер қатары көбейіп, радиациялық зияны ерекше жоғары жерге өз еріктерімен тазалау жұмысына жегілді. Мұндай патриоттық бізді тәнті етті. Еріксіз сол жігер-қайраттан үлгі алуға шақырды.

Жоғарыда  «ауру – астан» деген халық нақылының бекер айтылмағанына тоқталып өттік қой. Жапон халқы, негізінен, теңізден аулап алынған алуан түрлі балық, балдыр, өскіндерден жасалған көз жауын алатын неше түрлі ұлттық тағамдармен тапал үстелге жайылған дастарханын жайнатып қояды екен. Қай мейрамхана, дәмханасына табалдырық аттап кірсеңіз де арнаулы қойылған ұлт дәстүрі, ұлт мәдениеті, ұлттық рухына тәнті қылып, ойға қалдыратын бұрышы бар. Тіпті, ұлттық әуені қай жерге барсаң да құлаққа жағымды түрде баяу беріліп отырады екен. Туған жерінде не өседі, не өндіріледі соны қорек қылады. Сол дәтке қуат болады.

Біз сияқты «Роллтон», «Фастфуд», «Донер-кебаб», «Пицца» т.б. шетел жасанды тағам өнімдеріне мәз болып жүрген жоқ. Олардың радио-телеарналары біздегідей күні-түні шетел фармацевтік компаниялары ұсынып жатқан дәрі-дәрмектерін жарнамалап жатпайды. Сонан соң Жапонияның қай қаласына аяқ бассаңыз да біздегідей қаз-қатар менмұндалап, самсап тұрған дәріханаларды көрмейсіз. Дәрі-дәрмек демекші, бұлардың басым көпшілігі «химиялық» жолмен дайындалған препараттар ғой. Бір аурудан жазылайын деп аузыңызға алсаң, айығып кетуіңіз де мүмкін, бірақ өзіңізде бұрын болмаған кеселді сізге бұл дәрілер «сыйлап» жібереді.

Дәрінің қайсысы болса да табиғи өсімдіктерден, гүлдерден, дәрілік қасиеті бар неше түрлі шөптерден әзірленуін хош көреміз емес пе.  Жапондықтар таңның атысы, күннің батысы жұмыс, қызмет, ізденіс, жаттығу, шұғылдану - әйтеуір тоқтаусыз қимыл әрекетте жүреді. Яғни, су екеш су да қозғалыссыз тұрса, бұзылады. Тоқтаусыз аққан су өз күшімен бармайтын жері болмайды. Адам организмінің 70 пайызы судан тұратындығын ойласақ, үзбей іздену, қимылдау, еңбек ету – ұзақ өмір сүрудің кепілі. Олардың бір-біріне деген ізеттілігі, ұстамдылық әрлеп тұратын мейірімділігіне қызығасың. Иіліп сәлемдескендерінің өзі көзге қандай жылы ұшырайды.  Бұлардың тәніне, денесіне жан иелік етеді, билігін жүргізеді. Ал, бізде дене жанға билігін өткізеді.

«В здоровом теле - здоровый дух» деген орысша мәтелдің қазақша баламасы – «Дені саудың жаны сау». Байқап отырсыз, жан дене көлеңкесінде қалып тұр ғой. Бұл ұғымды ғұлама Абай атамыз ерте түйсінген: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық. Ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, көзбен қарамадық. Көңіл айтып тұрса сенбедік...», – деп күйінеді. Жапония азаматтары қандай да болмасын аурудың алдын алу шараларына көп көңіл бөледі. Біздегідей ауру асқынғанда ғана дәрігерге шағымданбайды. Сондықтан да олардың ғұмыры 75-80 жас шамалары аралығында болады.

– Негізгі ем жүргізу тәсілдеріңіз қандай? Біздің білуімізше, диагнозды тамыр басу арқылы анықтайды екенсіз. Батыс медицинасы қолдана бермейтін инемен емдеу және шөппен емдеу үрдісі туралы да айтып берсеңіз?

– Шығыс-тибет медицина орталығында ем жүргізудің негізгі тәсілі -  ине салу, ине терапиясы сонан соң уқалау, сылау (массаж), булау және дәрілік қасиеті бар шөптермен, табиғи өсімдіктерден жасалған дәрі-дәрмек, табиғи тастармен қыздыру, түрлі майлармен сылау, қазақ халқының дәстүрлі халықтық медицинасындағы түрлі тағамдар арқылы емдеуді де ұмыт қалдырмай, ары қарай дамытып жатырмыз. Шетел ғалымдарымен келісім жасап, еліміздің өнімдерін шетелге танытсақ па деген ойымыз бар. Науқас диагнозын тамыр басу арқылы анықтау Шығыс-Тибеттік медицинадағы ең маңызды түйіннің бірі.

Тамыр басу - шығыстың ғұламалары Ибн-Сина, Әл-Фараби, Өтейбойдақтың және бүгінгі біздің теориялық негізіміз сан мың жылдық адамзаттың өміртарихымен бірге біте қайнасып, зерттеліп, зерделеніп, ғылымиланып, ерекше сұранысқа ие болған диагноз қою үрдісі. Бұл туралы қысқаша айта кетсек, адамның қалыпты тамыр соғысынан бастап 80 түрлі қалыпсыз тамыр соғысы бар. Сол неше жүздеген аурулардың белгісінен көрініс беріп, адамның түйсігі мен санасына қолының сезімталдығына хабар беретіндігі дәлелденген.

Тамыр ұстап диагноз қою туралы том-том кітап болып жинақ трактаттар шыққан, ол біздің қорымызда бар. Кейбірі, тіпті, қолжазбамен сақталған. Біздің орталықтың халыққа тек емдеумен ғана емес, рухани жақтан да сауықтыруға ат салысып келе жатқандығының бір дәлелі: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидамен шығатын «Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналы республикада 8 жылға жуық екі ай сайын 5 мың дана көлемінде үзбей жарыққа шығып келе жатуы. Осы журналымызда диагноз қою үрдісі және дәрі шөптен деген айдарымыз бар. Қалың оқырман қауым журнал арқылы шығыстық, халықтық медицина тәсілдерімен танысып, өздерінің ауру жағдайын біліп, тіпті алыс шет жерден қала орталығына келе алмайтын аурулар журналдағы рецепттер арқылы өз жеріндегі дәрі шөптерді пайдалану арқылы ауруынан айығып, сан мыңдаған алғыстарын редакциямызға жіберіп жатады.

- Қазақ халқының дәстүрлі емшілігінің терең тарихы бар екені белгілі. Бүгінгі күні қазақ емшілігін неге дамыта алмай отырмыз?

- Бүгінгі таңда қазақ емшілігін дамыта алмай отырғанымыздың бірқатар себептерінің бірі - ол, меніңше, қоғамымыздың, өкінішке орай, осы тиімді емшілік түрін мойындамай, ведомстволық, одан жоғары билік органдарының бұған бейжай қарап, енжарлық танытып отырғанында. Түптеп келгенде, дәстүрлі медицина өкілдері мен халық емшілерінің арасында табиғи бәсекелестік болғаны жақсы емес пе... Бірақ, менің айта кетпегім, қазақтың халық емшілігі қазіргі қоғамда өз орнын табу керек. Негізі Қытай сияқты шығыс елдерінде дәстүрлі медицинаға байырғы заманнан келе жатқан халықтың ұзақ уақыттық тәжірибесінен өткен, салт-дәстүрімен біте қайнасқан, нақтылы емдеуде өзінің бағасын алған медицинаның түрін жатқызады. Ал бізде керісінше халықтық дәстүрлі медицинаны дәстүрсіз деп, тек еуропалық және бұрынғы кеңестік жүйедегі медицинаны дәстүрлі деп атайды.

Яғни, 70 жыл отарлаған биліктің біздің халқымыздың ешқандай тарихы жоқ, медицинасы жоқ, ғұлама емшілері жоқ, ғылымы жоқ, жабайы ел деп келген кемсітуінен арыла алмай отырғанымыз ақиқат. Халық емшілігін дамытуға білікті, нағыз ата-бабамыздың емшілігі бойына дарыған мамандар қажет. Өкінішке қарай, ондай мамандар бізде тапшы. Тіпті, кейбіреулер күнкөрістің көзі ғып алған, халықтың денсаулығымен санаспайды, керісінше ауруын асқындырып, келеңсіз жайттарға апаратындығы ащы шындық.

Сондықтан бұл жүйені біздің мемлекетіміз заңды түрде шығыстағы дамыған Қытай, Корей, Жапон елдері сияқты арнаулы зерттеу мекемелерін ашып,  біртұтас стандарттау және тұрақты оқу орындарында факультеттер ашып, қайта оқытып, жан-жақтылы жүйелендіру қажет. Тіпті, ғылыми жұмыстар қорғалып, зерттеліп, ғылыми атақтар беріліп, халықаралық аренаға қазақтың халық медицинасын, дәстүрлі емшілігін танытуды уақыт күттірмей шешетін кез келген сияқты.

– Жақында Анкарада (Түркия) 83 мемлекеттен жиналған ғалымдардың Халықаралық конгресінде Қазақстан атынан баяндама жасап келіпсіз. Онда қандай мәселелер көтерілді?

– Иә. 350-ге жуық ғалым қатысқан әлемдік деңгейдегі, маңыздылығына орай Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қатысқан конференцияда баяндама жасадым. «Жаңа Түркияның Білім және технологиялық даму стратегиясы» атты халықаралық конференцияда қазіргі замандағы аурудың жасарып бара жатқандығы, эпидемиялық аурулардан сырт, еркектердің ауруының көбейгені, еркектердің өз денсаулығына дұрыс қарамауы, біржақтылы жеңіл қимыл және кейбір зиянды заттарға (арақ-темекі, наша, құмар ойындары) әуестіктің артуы, сондай-ақ ер адамдардың белсіздігі, қазіргі адамзатты қызықтырып отырған кәріліктің алдын алу және адам өмірін ұзартуға бола ма деген ғылыми тұжырымдарға қатысты өзімнің тың идеяларымды таныстырып, жоғары бағамен қорытынды сертификатына ие болдым. Түркиядағы әріптестерімнен бізге: «Сіздерге шәкірттер жіберсек, оларды оқыту, дайындау мүмкіндіктерін қарастыруға болар ма екен» деген ұсыныс түсті. Сондай-ақ, көптеген медициналық мамандар мен ғалымдар Түркияның белгілі, мегаполис қалаларында филиалдар ашуды ұсыныс етті. Құдай қаласа, Түркияда да Шығыс-Тибет медицинасының орталығын ашармыз-ау тегі деген үмітіміз де жоқ емес. Ол енді болашақ еншісінде. Келешекте еліміздің медицина саласында осы шығыстық үлгідегі емді дәстүрлі, ғылыми түрде жүргізетін медицина оқу орындарын ашып, тек емдеумен ғана айналыспай, ғылыми зерттеуді бірге жүргізіп, көптеген шәкірттер тәрбиелесек пе деген арманымыз бар.

– Сіздің дарынды дәрігерлігіңізден бөлек, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, қолдау білдіріп жүрсіз. Осыншама жұмысқа қалай үлгересіз?

- Әрбір азамат тұлғалық деңгейге жеткенде ғана пенделіктен ада болады. Нағыз отансүйгіш азамат болғанда қоғамның мүддесін басқа тірліктерден биік қояды. Армандаған, өзіңнің сүйген мамандығыңмен халқыңа қалтқысыз еңбек еткің келсе, жігер-қайратың берік болып, қандай да болсын қиыншылықтарға төтеп беруге дайын болу керек. Бейне қыран құстың дауыл мен боранға қарсы ұшып, қанатын шыңдайтыны сияқты өмірдің өзі күрес екендігін, соны жеңе білген адам ғана өмір сүре алатындығын ұмытпау керек.

Қазіргі кезде мені көбірек алаңдататыны - үлкендердің арасындағы көсемдік пен көрегендік азайып, пендешілік қасиеттеріміздің ұлғайып бара жатқаны. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытып, батыстың даңғаза дүниесіне бой алдырып бара жатқанымыз да ойлантады. Жастардың мақсатсыздығы, Отанына деген сүйіспеншілігінің таяздығынан қорқамын. Бұл жерде мен көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен жігерлі жастарды шыңдауымыз керек. «Елім деген ер болмаса, отанын қорғайтын ер қайдан болмақ?».

Менің байлығым - халқымның денсаулығы, ал осымен бірге маңызды тағы бір байлық - ол рухани байлық. Маңдайымыздағы көзіміздей қорғайтын тән және жан саулығы. Яғни, толық адам ол - жан және тән саулығы бірдей сау адам. Жан саулығымызды байытатын, нығайтатын ол біздің рухани байлығымыз. Сол рухани ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті байлығымызды жоғалтып алмау үшін мен барлық күш-қуатымды сарқа жұмсағым келеді. Сондықтан жан саулығы болып табылатын рухани байлықты мен халқыма сыйлағым келеді.  Қалай да болса уақыт тауып, дін және дәстүрімізбен біте қайнасқан шараларға қолымнан келгенше белсенді түрде қатынасып отырамын. Кейде өзім уақыт таппасам да көмекшілерімді жіберіп, сол шараға менің атымнан қатыстырып, өз үлесімді қосып отыруды әдетке айналдырғанмын. Бұл менің асып-тасқан байлығымнан емес, намысты қолдан бермейтін, ұлтжандылығымнан деп ойлаймын. Мәселен, кейбір ақын-жазушылардың кеші, ғалымдардың, дәстүрлі әншілердің кеші, сондай-ақ халықты рухани жақтан сусындатумен бірге денсаулығын, күш-қуатын дәріптейтін, ел намысын халықаралық деңгейде көтеретін түрлі спорттық шараларға белсене қатынасып, өзімнің қаржылай көмегімді және орталығымыздан оларға деген емдеуге қатысты көмегімізді ешқашан ұмыт қалдырған емеспін.

- Әңгімеңізге рахмет! 

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру