РАМАЗАН – ӨМІР СҮРУГЕ МҮМКІНДІК

16 наурыз 2023 4005 0
Оқу режимі

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза сендерге де парыз етілді. Мүмкін тақуалық қыларсыңдар», - дейді. Яғни, Алла Тағала біздің Рамазан айында өзгеріп, Өзіне жақындауымызды қалайды. Біз үнемі өзгереміз деп ниеттенеміз де, әрекетсіз қалып жатамыз...

Бүркіт жайлы дерек келтірейін, Бүркіттің тырнағы 40 жасқа келгенде қатты ұзарып жұмсарады. Осының салдарынан жемін аулай алмай қалады. Тұмсығы да қатты ұзарып, еркін тамақ жеуге кедергі жасайды. Кеудесіндегі қауырсындары қалыңдап, ұшуға да кедергі жасайды. Осы тұста бүркіттің екі таңдауы бар: не өлім, не 150 күндік өзгерісті талап ететін ауыр күндер. Ол өзінің тау басындағы ұясына ұшып барып, тұмсығы сынғанша оны тау мен тасқа ұрады. Артынша жаңа тырнақтарым өссін деген оймен оларды да жұлып тастайды. Жаңа тырнағы өсіп шыққан соң кеудесіндегі қауырсындарын да жұлады. Осылайша, 5 ай бойы қиналып, тағы да 30 жыл өмір сүреді. Егер, бүркіт бес ай қиындыққа төзбесе, 30 жыл өмір сүруге мүмкіндік алмайды.

Шайтандар кісенделіп, дұғалар қабыл болатын Рамазан айы, тап осы бүркітке берілген 150 күндік мүмкіндік сияқты адамдар үшін өзгеруге/өмір сүруге зор мүмкіндік болмақ! Рамазан айында өзгеру арқылы біз өмір сүруге мүмкіндік алмақпыз…

Ал біз не үшін өмір сүреміз?

Алла  Тағала бұл сұрақтың жауабын «Зумәр» сүресінің 56-аятында айтады: «Мен адамдар мен жындарды, тек қана маған құлшылық етулері үшін жараттым».  Яғни, біз Аллаға құлшылық ету үшін өмір сүреміз. Рамазан айы біздің шынайы ықыласпен құлшылық етуімізге; намазды ғана емес, әрбір іс-әрекетімізді «Алла разылығы үшін» деп құлшлыққа айналдыруымызға себеп болуы керек. Рамазан айында сәл қиналып, яғни, барынша нәпсімізді тыйып, тәрбиелеп, оны бақылауда ұстасақ (және шынайы болуына мән берсек) «өмір сүруге» мүмкіндік алмақпыз.

Алла Тағала баршамыздың мүмкіндік айы болған  Рамазанда өзгеріп, тәрбиеленуімізді нәсіп етсін!

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру