Құрма жайлы не білеміз?

15 сәуір 2021 8049 0
Оқу режимі

Құрма латын тілінде Phoenix dactylifera деп аталады. Тік шаншылып,24 метр биіктікке дейін өсетін құрма пальмасы көбіне ыстық климатты аймақтарға тән. Құрма өсіру шаруашылығымен айналысатын араб елдеріне негізінен: Сауд Арабстан, Ирак, Алжир, Мысыр, Судан мемлекеттері жатады. Аталық және аналық болып бөлінетін құрма ағашы ескі жапырақтарының түбімен бүртіктеліп, өріліп өседі. Ерекше көрік беріп тұрған төбе жағындағы әдемі шашақты жапырақтарының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді. Отырғызғаннан 4-5 жылдан кейін барып жеміс бере бастайды. Салмағы 8 кг-ға дейін жететін бір шоғырына мыңнан аса жеміс бітеді. Әр ағашынан 40-80 кг жеміс алуға болады. Шамамен 150 жылға дейін өмір сүреді.

Құран және құрма

Құрма – қасиетті Құранда аталған жемістердің бірі. Хазірет Мәриям Исаға (ғ.с.) толғатып қатты қиналғанда, Аллаһ тағала мейірім білдіріп, оған құрма жеуді әмір еткен. Бұл жайлы «Мәриям» сүресінде: «Сөйтіп тұрғанда толғақ қысып, құрма ағашына барып сүйенуге итермеледі. «Қап, бұрын өліп, ұмытылып кеткенімде болар еді» деді күйзеліп. Сол сәт (періште) төменнен былай деп дауыстады: «Жабырқама, Раббың асты жағыңнан бір арық жасады. Құрма бұтағын өзіңе қарай сілкіле, үстіңе жас құрмалар түссін. Содан іш, же. Көз айым бол!» – делінген (23-26 аяттар).

Тағы бір аятта құрманың өсуінде құдіреттің белгілерін көруге болатындығы баяндалған:

«Көктен су түсірген де – Алла. Кейіннен сол арқылы әр түрлі өсімдіктер шығардық. Ол өсімдіктен бір жас бұтақ, одан өсіп, бір-бірінің үстіне мінгескен дәндер, масақтар өндіреміз. Құрма ағашынан жеміс толы салбырап тұрған бұтақтар, бұған қоса жүзім, зәйтін, анар бақшаларын өсіреміз. Бұлардың кейбіреуі бір-біріне ұқсайды, кейбірі ұқсамайды. Алғаш жеміс салғанда және толық піскен кезінде әрқайсысының жемісіне қараңдар. Күмәнсіз, сенетін көпшілік үшін мұнда көптеген дәрістер бар» (Әнғам сүресі, 99).

Құрманың түрлері

Жаңа піскені, кепкені, ірісі, кішісі, емге жарамдысы, дәмі, түр-түсіне қарай құрманың көптеген түрлері бар. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзін зиярат етіп келген Абдулқайс тайпасының адамдарына сол аймақтағы құрмалардың түрлерін әңгімелеп, «Сіздерде өсетін құрмалардың ең жақсысы әрі ең пайдалысы – барни деген құрма» деген. Абдулқайс адамдары елдеріне қайтқаннан кейін, барни деген құрманың түрін өсіруге арнайы көңіл бөліп, біршама уақыттан кейін біржолата құрманың осы барни түрін өсіруге ғана көшкен (Ахмад ибн Ханбәл, 3/432).

Пайғамбарымыз әсіресе Мәдинада өсетін «Ажуа» деп аталатын құрма сортын жақсы көрген. Тіпті,«Ажуа құрмасы – жәннаттағы жемістердің бірі» (Тирмизи, Тыбб, 22), – деген. Осы себепті ажуа құрмасы әлі күнге аса көп сұранысқа ие.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және құрма

Жалпы арабтардың күнкөрісінде құрма ерекше рөл атқарған. Бірқатар ақындардың шабытына арқау болып, мақал-мәтелдерге қосылған құрманы Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) де ұнатқан. Мәселен, ол құрма маусымында өзіне сыйланған жас құрмаларды кері қайтармайтын (Бұхари, Әтғима, 41).

Бата алу үшін өзіне әкелінген жаңа туған нәрестелерге алғашқы дәмді құрмадан таттыратын (Мүслим, Әдаб, 23-28).

Кешкі асқа ештеңе таба алмағандарға кепкен құрма жеу керектігін айтып, «Кешкі асты тастамаңыздар, ештеңе таппасаңыздар, тым болмаса, бір уыс кепкен құрма жеңіздер», – деген (Ибн Мажә, Әтима, 54).

Тағы бір сөзінде: «Құрмасы жоқ үйдің адамдары анық аш қалғаны», – деп, құрманың Мәдиналық кедейлердің күнкөрісінде қаншалықты орын алғанын байқатқан (Ибн Мажә, Әтғима, 38.). Шаңырағында айлап қазан асылмаған уақыттарда өзінің де талғажау еткені құрма мен қара су еді. Айша анамыз (р.а.) сол күндерді: «Расулалла (с.ғ.с.) қайтыс болғанда да, қара құрма мен қара судан басқа ештеңе таппағанбыз», – деп еске алған (Бұхари, Әтғима, 6). Бірақ тек құрма жеп күнелткен уақыттарда сахабалардың ешбірі ауруға ұшырамаған.

Жемістің қай түріне де құрметпен қараған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрмалардың піскенін әрі жақсысын ұнататын, алайда құрттап кеткендерін тастай салмайтын. Арасынан жақсыларын таңдап алып жейтін. Жерге түскен жемістердің бекерге шіріп кеткенін қаламайтын. Сол үшін жолда жатқан жеміс көрсе, оны алып, тазалап жегеннің дұрыстығын айтатын. Бір жолы сахабаларымен келе жатқанда, жолда жатқан кепкен құрманы көріп: «Мына құрманың садақа еместігіне көзім жетсе, алып жер едім», – деген (Мүслим, Зекет, 164).

Құрманы басқа нәрсемен қосып жеген кездері де болған. Мәселен, қонақта өзіне қаймақ пен кепкен құрма алдыға тартылғанын көргенде, екеуін қосып жеген (Ибн Мажә, Әтғима, 43.). Бұған қоса, жас құрма мен қиярды қосып жегені, жас құрма мен қарбызды да қосып жегендігі туралы риуаяттар кездеседі (Ибн Мажә, Әтғима, 37). Жас құрма мен қарбызды қосып жеуінің себебін: «Жас құрманың ыстығын суық қарбыз арқылы, ал қарбыздың суықтығын құрманың ыстығымен қайтарамыз», – деп түсіндірген (Әбу Дәуіт, Әтғима, 45).

Айша анамыз (р.а.) өз тәжірибесінде жас құрма мен қиярды қосып жеу денеге күш бітіретіндігін айтқан (Ибн Мажә, Әтғима, 37).

Алла елшісі (с.ғ.с.) құрманы емге де пайдалануға болатындығын білдірген.  Жүрегі я кеудесі ауыратындығын айтқан бір сахабасын Тайыфта тұратын Харис ибн Кәләда атты дәрігерге жіберіп тұрып: «Мәдинаның ажуа құрмасының жетеуін алып, дәнімен қоса езіп, кеудеңе жағып, уқаласын» – деп, ажуа құрмасын емдікте қалай қолдануға болатындығын үйреткен (Әбу Дәуіт, Тыбб, 12).

«Таңертең тұрғанда ажуа құрмасының жетеуін жеген адамға сол күні сиқыр да, у да кеселін тигізе алмайды», – деп, ажуа құрмасының емдік әрі рухани пайдасы барын сездірген (Бұхари, Әтғима, 43).

Тағы бір хадистерінде «Әсіресе, қырларда өсетін құрмаларда шипа бар», – деген (Ахмад ибн Ханбал, 6/77). 

Құрма туралы жұмбақ

Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі ұнатқан нәрселерді жеміске теңеп түсіндірген кездері де болған. Құрмаға қатысты мынандай жұмбақ жасырғандығы айтылады: Бірде жағалай отырған сахабаларына қарап: «Өзі мүминге ұқсайтын, жапырағы түспейтін, шөлде өсетін бір жеміс бар. Қане, табыңыздаршы?» – дейді. Сахабалар біліңкіремегенде, отырғандардың арасындағы ең жасы кішісі Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) оның құрма екенін біліп, бірақ ұялып айтпаған. Кейіннен Пайғамбарымыз ол жемістің құрма екендігін өзі айтып береді (Бұхари, Әтғима, 42, 46).

Құрманы мүминге ұқсату себебі, құрманың үнемі жасыл қалпын сақтайтындығы, жапырағы, жемісі, ағашы, дәнегіне дейін – барлығы адам қажетіне жарайтындығы, яғни мүминнің де маңайына тек пайда тигізетіндігі болса керек.

Харис ибн Әбу Ұсаманың (р.а.) Ибн Омардан (р.а.) бір риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол құрма ағашы. Құрманың жапырағы жерге түспейді. Мүминнің де жасаған дұғалары жерге түспейді (яғни қабыл болмастан кері қайтарылмайды)», – деген.        

Құрманың пайдалары

Соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде құрманың көптеген қасиеттері ашылған. Түркиядағы әйгілі Сема емханасының Тағамтану және диета бөлімінің маманы Хайреддин Мутлуның айтуынша, құрма лиф, минерал, фенол тұрғысынан әрі натрий, калий, магний, калций, темір, фосфат секілді минералдарға өте бай. Атап айтқанда, ол құрманың қасиеттерін былай жүйелеп көрсеткен:

Құрма:

  • Протеин, май, көмір суын (углевод) – үшеуін қатар қамтитын бірден бір жеміс.
  • Жас құрма теріге оң ықпал етеді, жүктілік пен күнге күюден түскен дақтарды кетіреді;
  • Құрамындағы темір қан аздыққа пайдалы;
  • B1, B2 витаминдерінің қатар кездесуі бауырды сауықтырады;
  • Тамақ ауруына, жөтелге пайдалы;
  • Қатерлі ісіктен (рак) сақтайды, жүрек қан тамырларына таптырмайтын ем;
  • Құрамында фосфор мен калцийдің молдығы сүйек ауруларынан қорғайды;
  • Жүйке жүйесінің шаршауын басады;
  • Мидың жұмыс істеу қабілетін күшейтеді;
  • Ас қорытуға пайдалы;
  • Тойымдылық қасиеті өте жоғары. Зерттеуші Х.У.Дэусон бір құрма мен бір кесе сүттің адамға қажетті бір күндік калорияға тең екендігін айтқан.  
  • Жас құрманың бойында 60-65 пайыз (кепкен құрмада 75-80 %) қант болғанына қарамастан, адамды семіртпейді.
  • Жеңіл босануға септігін тигізеді. Босанған әйелдердің әлсіреген денесін тыңайтып, сергектігін арттырады. Сүт гормондарын қозғау арқылы нәрестеге сүт көп шығуына оң ықпал жасайды. Алла Тағаланың хазірет Мәриямға құрма жеуге бұйрық беруінің астарындағы хикмет осы болса керек.

Израйлде жүргізілген зерттеуде құрма мен алма салыстырылған. Нәтижеде алмаға қарағанда, құрмада витаминнің көптігі дәлелденген. Бұған қоса, Мехмет Алтанның «Чөлден гелен шифа хурма» (Шөлден жеткен шипалы құрма) (Алтынбурж йайыневи) атты құрманың қасиеттерін зерттеген еңбегінде құрма дәнінің де витаминге бай екендігі, сол себепті оны бір уақыт сорып жүргеннің адамға пайдалы екендігі жазылған. Сонымен қатар 6-7 құрманы бөлшектеп, бір кесе суға салып, бірнеше сағат тұрған соң суын сүзіп алып, күніне екі мәрте ысытып ішіп отырса, екі апта көлемінде бүйректегі тасты да түсіретіндігі білдірілген.   

Құрма – ауызашардың сәні

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оразасын жас құрмамен, жас құрма болмаса, кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашатын (Әбу Дәуіт, Сиям, 21). Сол себепті құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті Рамазан айында дастарханға құрма қоюды игі дәстүрге айналдырған. Тіпті құрманы ауызашардың сәні деп те айтуға болғандай. Құрамындағы қант мөлшерінің көптігі ораза ұстаған адамның күні бойғы денесінің әлсірегенін кетіретіндігін айтқан мамандар құрманы жай уақытта да жиі жеп жүруге кеңес беруде.   

Бір сөзбен айтқанда, түрлі витаминге бай, тойымды әрі емдік қасиеті мол құрма – ғажап жеміс. Ендеше, осы ғажап жемістен дәм татқан сайын, жомарттығы шексіз Жаратушыны еске алып, шүкіршілік білдіргенге не жетсін?!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру