ҚОҒАМДА БЕЛЕҢ АЛҒАН 5 АУЫР КҮНӘ

05 шілде 2024 1399 0
Оқу режимі

1) Құмар ойындары. Ислам дініміз дүние тігіп ойнайтын ұтыс ойындарды «құмар ойыны» деп атап, оны ауыр күнәлар қатарынан санаған. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ей иман еткендер! Арақ, құмар ойыны, пұтқа табыну, бал ашу – лас, шайтанның істерінен» - дей келе, оның қауіпті нәрсе екендігін білдірген. Құмар ойындары -  қоғамға зиянды,  жеке басқа залалды. Оған әуестенген кісі тақырға отырып, ақыры отбасынан, тіпті өмірімен қош айтысып жатады. Бірақ, өкінішке орай зардабын бүкіл халық түсінсе де, құмар ойындарының бүгінгі қоғамымызда кең етек алғаны баршаға аян.

2) Жемқорлық. Қоғамымызда қатты белең алған ауыр күнәнің бірі – жемқорлық күнәсі. Жемқорлық дегенде ең бірінші мемлекет қазынасынан дүние жеу ойға келеді. Бұл – күнә. Әлдебір елде кедейлік жайылған болса, оның бірден бір себебі – жемқорлық індетінің кең етек алуы. Қаншама ел белгілі бір лауазым иелерінің тойымсыздығынан дамымай, бір орында тұрақтап, әріберіденсоң тоқырауға ұшырауда. Ал жемқорлық індеті аз немесе мүлдем жоқ елдерде керісінше, халқының әл ауқаты жақсарып, дамыған елдер қатарынан орын алып жатқандығын көруге болады. Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз: «Бір-бірлеріңнің дүние-малдарыңды нақақтан нақақ жемеңдер!» - деп бұйырған[1]. Сахих бір хадисте мұсылмандарға тиесілі олжадан жымқырған Киркира есімді бір кісіге қарасты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «ол тозақтық» - деп, оның тозаққа баратынын хабар берген[2]. Оның алғаны бір шапан ғана екен. Бірақ сол ісі оның тозаққа түсуіне жеткілікті болған. Ал енді бюджеттің ақшасынан миллиардтап жейтіндердің халін өзіңіз топшылай беріңіз. Оның ішінде қаншама жетім-жесірлердің, кедей-кепшіктердің ақысы бар.

3) Өсімқорлық. Исламда өсім деп, пайызға қарыз беруді айтады. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемдік экономика өсімге негізделген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисі қазіргі жағдайды суреттеп тұрғандай: «Адамдарға сондай бір заман келеді, ол кезде өсім жемейтін ешкім қалмайды. Өсім жемейтіндердің өздеріне оның тозаңы тиетін болады» - дейді ардақты Пайғамбар[3]. Алла Тағала Құран Кәрімде әлдекімнің өсім жеуін доғармауды өзіне соғыс ашу деп бағалаған[4]. Осындай аят-хадистерден өсімнің қаншалықты ауыр іс екендігін ұғыну қиын емес.

4) Зина. Қоғамда кең етек алып жатқан ауыр күнәлардың бірі – зинақорлық күнәсі. Зина деп, ерлі-зайыпты болып саналмайтын әйел мен еркектің төсек қатынасын айтады. Зинаның ауыр күнә екендігі бірнеше аят пен хадистерде ашық білдірілген. Дініміз зинаның өзі былай тұрсын, сол зинаға жетелер істердің өздерінен тыйған. Мысалы, бөтен әйелмен қол алысып амандасудан бастап, бөтен еркек пен әйелдің оңаша қалуы, бөтен әйелге сұқтанып қарау, әйел кісінің наздана сөйлеуі, шариғат шәлісін кимеу т.б. осы сияқты зинаға жетелейтін іс-әрекеттерді харам деп есептеген[5]. Шариғатта зина жасаушы әйел мен зина жасаушы еркекке дүре соғу, тас боран ету сияқты қатаң жазалар бекітілуінен де некесіз қатынас жасаудың қаншалықты ауыр екендігін топшылай беруге болады. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда зина ісі жайылып, көшенің қақ ортасында сондай әрекетке баратын жағдайға жеткен. Бұрындары отбасылы еркектердің суыт жүрістігі байқалса, қазіргі кезде отбасылы әйелдердің арасында да мұндай күнә істің етек ала бастағаны қынжылтады.

5) Ішімдік ішу. Есіртке шегу.  «Арақ – барлық жамандықтың атасы» деп есептейді дініміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Алла тағала арақ-шарапқа қатысты он кісіні лағынеттеді. (Олар):  арақты өндіруші, өндіруге тапсырыс беруші, ішуші, араққа тапсырыс беруші, тасушы, құюшы, сатушы, одан түскен пайданы көруші, оны сатып алушы және араққа жұмсаушы»[6].

Басқа бір хадисінде: «Араққұмар пейішке кірмейді» - деп ескертеді[7]. «Көп ішкенде мас қылатынның азы да харам» деп ішімдікті татып көрмеуді бұйырады. Өкінішке орай, қазіргі кезде көбі - ұлы да, қызы да, жасы да, кәрісі де, бұл шайтан суға үйір екендігі мәлім. Ал шарап ішудің екі дүниеде де опық жегізбейтінін көбі ойламайды. Оның екінші бауыры – есірткі. Есірткі - шариғатта ауыр күнә. Үкімі – Харам. Құран Кәрімде айтылған шараптың харам болуының негізгі себебі - адамды мас қылып, ақылынан адастыруы деп алсақ, есірткінің де үкімі – ішімдіктің үкімімен пара-пар деуге негіз бар. Тіпті одан да ауыр деуге болады. Ешбір Ислам ғұламасы есірткінің қай түрі болса да, харам екендігіне күмән келтірмеген.

Жоғарыда сайып өткендерге қосымша: әділетсіздік, ұрлық, кісі ақысын жеу, айлакерлік, таразыдан жеу, намаз оқымау, туыспен ара-қатынасты үзу т.б. қоғамда жиі кездесетін харам істердің тізімін көбейте беруге болады, бұл жерде біз бесеуімен шектелдік.


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 188 аят.
[2] Имам  Бұхари: «Сахих Бұхари».
[3] Әбу Дәуід: «Сүнән». №3331.
[4] «Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар! Егер мүмін-мұсылман болсаңдар, өсімнен қалған үстемесін қалдырыңдар (өсім алмаңдар). Егер олай істемесеңдер (өсім жегенді қоймасаңдар) бұны - Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс ашу деп біліңдер!...» . Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 278, 279 аяттар.
[5] «Лә тақрабуз Зина»/ «Зинаға жақындамаңдар!».
[6] Тирмизи, «ән-Нәһи ән Юттәхәзә әл-хамру халлән», №1295-хадис.
[7] Ибн Мәжә - №3376 хадис.

 

Пікірлер Кіру