Қазақ елінің қажылық тарихы - 2

09 тамыз 2019 10613 0
Оқу режимі

Ақынның екінші деректік дастаны «Жантемір қажы» деп аталады. Оның басты кейіпкері – Мұса-Секербай заманында дәулетін мырзалықпен жүріп шашқан, «Ақыры ерлігінің осы болып, жомарттық екпінімен қажы барған» Жантемір мырза.

Мәшһүр Жүсіп бұл дастанда Мекке-Мединеге барушыларды  екіге бөліп қарастырған. Оның бірі – ақшасы мен атағына малынып, қалашы мен базаршы болып, зат алып, мәз болушылар да, екіншісі, шын ықыласымен Құдайға құлшылық етушілер. Ол жетпіс үш жасқа келген Жантемірдің бейнесін сомдағанда, оның бойында ізгілік қасиеттің мол екендігін, пайдалы ісімен, жомарттығымен халықтың арасында танымалдығын атап өткен. Оның  атақ үшін емес, мұсылманның басты парызын орындау үшін қажылыққа баруға ниеттенуін адамгершілікке балайды.

Жантемір  осы қажылық жолында құрбан болуды аңсайды. Ел ішіндегі алауыздық, отарлық қамытын киген саяси жағдайға көңіл толмай тірліктен баз кешу байқалады. Оның бұл тілегі қабыл болды да. Ауру жұқтырып, ақыры осы сапардан қайтпады.

Жалпы, қажылыққа барған егде жастағы қазақтардың көпшілігі аптап ыстықты көтере алмай, оның үстіне түрлі ауруларды жұқтыртып, сол жерде көз жұмып туған жеріне қайтпай қалды. Бұл турасында  Н.А. Смирновтың 1928-жылы жарық көрген «Ислам и современный Восток» еңбегінде жақсы айтылады. Оның көрсетуінше, қажылардың, біріншіден, ұзақ жолда алдауға түсіп, «қонақжайлылықтың арқасында» бар қаржысынан айырылса, екіншіден,  шаршап-шалдыққан күйінде күн ұзаққа аш, күнге қақталған олардың көбінің аптап ыстыққа шыдамауы, үшіншіден, дүниенің төрт бұрышынан жиналған қажылармен бірге түрлі эпидемиялық аурулар жұқтыруының салдарынан өлім-жітімге ұшыраған.

Мәшһүр Жүсіп өз өлеңдерінде қажылықты мансап көрушілерді қатты  сынға алады.

Дүние жүзі бұл күнде толып кетті,
Біздерге өлең түстеніп қонып кетті.
Ақыр заман бұл да бір ғаламаты,
Жанның бәрі қажеке болып кетті, - деп сол кезеңдегі ел ішіндегі қажылыққа бару сәнге айналғандығын көрсетеді. Ақын қажылыққа барудың негізгі мәнін «Қажылық, иман шарттары» атты өлеңінде мына жолдар арқылы анықтай түседі:

Тазалап ішек қарнын әбден аршып,
Жуумен бастан- аяқ нұрға малшып.
Онан соң ол адамда болмас ашу,
Езсең де табаныңмен жерге шаншып.

Қажылықтың ораза, намаздан да қиын екенін, қажылық шарттарын орындау үшін тек байлықтың жеткіліксіз екенін айта келіп, Мұхтасарды, қажы кітабын оқымай, ғылымды, дінді  үйренбей, амал етудің маңызы жоқтығын айтады. Кейбір қажылардың ілім жимай, қажылық орындап келуін:

Барғанмен, қажы болмайды ісі бітпей  
Зиарат қылар жерді тауап етпей.  
Далақтап жансыз тасты жеті айналып,   
Мұнда кеп бұзылады үш күн өтпей.

Барып өлген құдайға қиды жанын,  
Жан қиюмен адамдық тапты санын.   
Қайтып келген қақақтап дүние жинап,  
Жеп қояды бауыздап малдың қанын, - деп сөзбен түйрейді.

Көпейұлының қажылыққа қатысты келесі бір шығармасы «Ізбас қажы» деп аталады. Бұл деректі өлеңінде ақын ХIХ ғасыр соңындағы қажылық жағдайын толық ашып көрсете білген. Ізбас қажының Мекке-Мединеден аман оралғанын естіп амандаса барған Мәшһүр Жүсіп қажыдан естіген әңгімесін өлеңмен өріп шығады. Ізбас қажының жолдың қиыншылығын, Меккеге 41 күн дегенде әзер жеткендігін, арасында ауруға ұшырап, қатты қиналса да Қағбаны жеті рет айналып шыққандығын айтады. Оны Мәшһүр Жүсіп былайша келтіреді:

Сонан соң Мекке келіп жеті айналдық,  
Тәпсі алып, Құран алып, ыңғайландық.  
Жабудан ақша беріп, кестіріп ап,   
Қайтуға енді ел- жұртқа  ыңғайландық.

Бұл жолдардан  бар қажыға ортақ ел-жұрқа апаратын тәбәрік алу дәстүрі де ұмыт қалмағандығын да көруге болады.

Дастанда бірінен кейін бірі көз жұмған қажылар турасында айтылады. Меккеден он шақырым шыққан жерде, Исабайдың мерт болуы, «Сол құдықтың басында тіке тұрып, Таяғына таянып жан  беріпті» , «Мединаға таянып барған кезде, Жаябай түйе үстінде үзіліпті», «Жанатіл Бақияның өзінде өлген», «ауырып Мединада Төлжан қалған, Малдыбай қайтпастықты мойнына алған»  деген жолдардың сыры  Ресейдің қажылықты жан-жақты «діни-саяси», «дәрігерлік-эпидемиологиялық» жағынан зерттеп, империяның қажылыққа байланысты жаңа  шешімдер  шығаруына себепші болған, орыс офицері Әбдел-Әзиз Дәулетшиннің  1899 жылғы есебінде Мекке-Мединедегі адам шығыны «саам»кезінде ұлғаятыны айтылады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармасының ең құндысы – «Бес парыз» өлеңі. Онда қажылықтан, жағдайы жеткен жанның қалмауы қажеттігін насихаттайды.

Біреуі бес парыздың- қажыға бару.
Бұл жолға мал мен жанды керек салу.
Шақырған бір Алланың ол жеріне,
Байларға қиын екен бармай қалу!

Пайғамбар: «Байлар қажыға келсін»- депті,
«Үмбетім мені келіп көрсін!» депті,
Шамасы келе тұрып, келмеген жан
«Қауымында кәпірлердің өлсін» дейті.

Ал, 1896-жылы жазылған «Қажыларға» өлеңінде дін жолында бірге жүрген Ғали деген молданың қажылықта қайтыс болғанына күйінеді.

Көбіне осы қажылық жолында қайтыс болушылар жөнінде түрлі жазбалар бар. Мәселен, араб дәрігерлері: «Қырғыздардың  бұл аймақтың ауа райына бейімделе алмауынан  және  өздерімен бірге алып келген, сүрленген ет, қазы, құрт сияқты қатты  тіскебасарларды  пайдалануы  ас қорыту ауруларына алып келетінін» айтса, ал Египет дәрігері Салех Субхи мемлекеттің тапсыруымен тексеру жүргізу барысында 1891-1895 жылдары аралығындағы болған эпидемия себептерінің бірі Минадағы «құрбандыққа шалынған мал қалдықтарының көмілмей қалуынан» деген қорытынды жасаған. Ал, меккеліктер мен қажылар адамның өлімін «Алланың жазуы» дейді.

Осы «Қажыларға» деген өлеңі арқылы өсекші қожа-молдаларды бір түйреп өтсе де, қажыға баруға талайды қыздырады. Осы өлеңді естіген Елеу қажы орнында отыра алмады, үш тұрып, үш отырды. Келер жылы  ниеттеніп қажыға барып, қайтыс болды дейді. Шорман бидің Ғайсасы да осыдан кейін қозғалып, о да қажыға барып о дүниелік болған. Бұлардың бәрін Мәшһүр өлеңмен жоқтаған.

Ғайса Шорманов туралы Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағатында сақталған қорда,1901 жылы қажылыққа бару жөніндегі өтініші және ол кісінің оралмағанын анықтайтын құжаттар бар.

Ел арасында, Мәшһүр Жүсіпті, қажылық сапарына бармаса да, көзбен көргендей  етіп баяндауына таң болған жұрт «көріпкел» атап, түрлі жорамалдар жасап, аңыз адамға айналдырған екен. Осы сұрақ М. Көпейұлына қойылғанда, ол: «Бір сөзді Алла жүрекке салады. Соны пендесі сөйлеп қалады. Сол сөйлеп қалғаны түбінде дәл келеді. Шырағым, бұл пенденің білгені емес, Алланың салғаны... » деген екен.

Кеңестік жүйе тұсында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «ұлтшыл, діншіл ақын» ретінде сыналды. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1952-жылғы 14-тамызындағы 192 санына жарияланған Қ. Көпбаевтың «Көпеев - ұлтшыл, діншіл ақын» деген мақаласында: «Оның шығармаларының басым көпшілігі ұлтшылдық, діншілдік-мистикалық тақырыптарда жазылған. Ол өзінің шығармаларында ешқандай бұқарашылдық, демократиялық дәрежеге көтеріле алған емес. ...ұлтшылдық бағытта болды, сонымен қатар патшаның, жергілікті би-болыстардың саясатын барынша қолдады», - деп келтіре отырып, оның уағыздары әлі күнге дейін ел арасында насихаттаушылардың барлығын, оның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының баласы екендігін атайды. Оның зиратын діншілдер өздерінше құрметтеп, баласы Фазыл әкесінің «аруағына» табынуды насихаттап отырғандығы келтіріледі. Осы мақала жарық көрісімен Қазақстан КП Орталық Комитетінде талқылауға алынып, үш тармақтан тұратын қаулы қабылданады. Оның біріншісінде әлі күнге дейін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни мазмұндағы шығармашылығы Ғылым академиясы тарапынан талдауға алынып, сыналмағаны айтылып, Ғылым академиясының перзиденті А. Қонаевқа Академияның ғылыми қызметкерлерінің күшімен республикалық баспасөзде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының реакциялық қызметін әшкерелеген мақала жазу тапсырылады. Екінші тармақта Павлодар облыстық партия комитетіне халық арасында ғылыми, дінге қарсы насихатты күшейту арқылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығарларының діншілдікті көздейтіндігін және оның ұлы Фазыл мен жергілікті молдалардың оның бейітін елді «адастыру» үшін пайдаланып отырғандығын түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелінді. Үшінші тармақ бойынша Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұлы Фазыл Жүсіповты мұғалімдік қызметтен босату көзделеді. 

Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жыр-дастандарын насихаттау тұрмақ оқуға тыйым салынды. Ұзақ уақыт бойы оның шығармалары оқылусыз қалды. Ал, қазір қарап отырсақ, діни білімін барынша тереңдетіп, қоғамының оң-терісін «көзінің ашықтығымен» түйсініп, өз заманының кем-кетігін жазу –сызуымен толтыруға, келешекке із қалдыруға бар біліктілігін салған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазба деректерінің тарихи маңыздылығының зор екенін байқауға болады. 

Деректі дастандарынан қажылықтың қазақ жерінде орнығу уақыты мен алғашқы қажыларымыздың есімін танысақ,күнәдан тазару, тәубешілікке келу, ел-жұртына, ұрпағының өсіп-өнуіне дұғатілеген «тірідей кебін киген» қажылардың  діни-сенімдерінің күшін де байқаймыз. Сонымен бірге шекара асып, түрлі елдерді басып өткен қажылар сапарының саяси оқиғаларға тәуелді екенінен де хабардар боламыз.

Құрманбаева Г.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру