ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ТУҒАН ҒАЛЫМДАР, ОЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМ-БІЛІМГЕ ҮЛЕСІ

01 шілде 2024 1656 0
Оқу режимі

Батыс оқымыстыларының Әлемдік Ислам өркениеті ғана емес, Орта Азия мен Қазақ даласының мұсылман ғалымдарынан да көп үйренуіне тура келді. Өздерінің ғылыми еңбектерімен Европалықтарды таң қалдырған Орта Азия және Қазақстан даласында өмір сүрген ғалымдардың қатарында мынадай ғалымдарды зор мақтанышпен айтуға болады: Абд әл- Ғафур әл Кердери (1166ж.ө) Абу әр- Раззақ Самарқанди(1413-1482ж), Ала әд Дин Ато Мәлік Жуайни (1226- 1283ж.), Ала әд- Дин Байлақ әл Қыпшақи (XII-XIII ғ) , Арыстан Баб ( шамамен VII- VIII ғасырларда) Ахмад әл- Испиджаби (Xғ- 1087ж) Ахмед Иугінеки (XII- XIIIғ),Әбу Абд Алла әл- Баласағуни (1040- 1112ж), Әбу-л- Фадл әл- Қарши (1230- ө.ж.б.), Әбу-Л- Хасан әл- Исфиджаби (т.-ө.ж.б). Әбу. Наср- әл- Фараби (870-950ж),  Әбу Райхан әл- Бируни (1048-1050ж), Әбу Таһир Мұхаммед Тарази (т-ө.ж.б), Әлам әд- Дин әл- Жауһари (X-XIIғ) , Захир әд- Дин Мұхаммед Бабыр (1483- 1530ж), Баласағуни Жүсіп (1020- ө.ж.б.), Дауд Түркістани (т.-ө.ж.б)  Жамаләд-  Дин ат- Турки (т.-ө.ж.б), Жамал әд- Дин Саид ат. Түркістани (т.-ө.ж.б), Қадырғали Жалайыри (1555- 1607ж), Қожа Ахмет Иассауи (1103- 1163ж), Махмут Қашқари (1029-ө.ж.б.), Мұхаммед Хайдар Дулати (1499- 1551ж.) Ұлықбек (лақап аты) шын есімі Мұхаммед Тарағай (XIII-XIVғ). Хафиз (XVI- XVIIғ) және т.б.

Бұл ғалымдардың  еңбектері де Европалық оқымыстылар  үшін білімнің кәусар бұлағына айналды. Олардан үйреніп, үлгі тұтты,еңбектерін пайдаланды.Жазған оқұлықтары мен еңбектері шет тілдерге аударылып,олардың кітапханаларының төрінен кең орын алды.

Келтірілгендердің ішінен Әбу- Наср әл- Фарабиді (870-950ж.) алатын болсақ, қазақ даласынан шыққан ұлы ғалым, философ, математик, астролог. Ол түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүріатанған ғұлама. Оның еңбектерін шығыс ғұламалары ғана емес Роджер Бэкон, Леонардо до Винчи тәрізді Европа ғалымдары да көп пайдаланған. Ол сәуленің жиналу, сыну, таралу заңдылықтарын тапқан. Ә.Н. әл- Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Европа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып «фокус» деп атады. Ғұлама тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтетінін бақылаған. Әлемдік деңгейдегі ғалым болғандықтан 1100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді.

Ахмед Иүгінекидің философиялық ойларға толы, «Ақиқат сыйы» атты кітабы Стамбұлдағы Айя– София, Анкарадағы Маариф кітапханасында және Берлин ғылым академиясында сақтаулы.

Жетісулық ғалым Жүсіп Баласағуни (1020 – ө.ж.б)   астрономия, астрология,  философия, медицина, әдебиеттану және т.б ғылым салаларының дамуына зор үлес қосты. Оның «Құтты білік» атты еңбегі бірнеше тілдерде жазылып, Вена қаласындағы Корольдік кітапханада неміс тіліндегі аудармасы Инсбурк қаласында, түрік тіліндегі аудармасы Стамбұлда сақтаулы. Оны орыс ғалымдары В.В. Радлов, Н.Гребнев, С.Иванов орыс тіліне тәржіма жасады.

Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар атырабының ғалымы Ғаббас әл- Жауһари( 9 ғасырдың 1- жартысы ) астрономия, математика ғылымдары-мен айналысты. Ол басқа ғалымдармен бірге Бағдат обсервоториясы мен «Даналық үйінің»  негізін қалады.Ол Шығыс математиктері ішінде ең бірінші болып Евклидтің параллель аксиомасын сынға алып, жеке ұйғарым жасады.

Қазақ даласы мен Орта Азия өлкесінен шыққан тағы бір математиктің бірі Жамал әд- Дин Саид ат- Түркістани(т.-ө.ж.б.). Түркістан қаласында білім алған.  1312 жылы «Китаб әл- Алаййя» (Жоғары математика кітабі)  трактатын жазған. Кітаптің арабша қолжазбасы Ресейдің Шығыстану институты Санкт- Петербург бөлімшесінің кітапханасында сақтаулы.

Бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан ғұлама ғалым, философ, ақын, әулие Қожа Ахмет Иассауи (1103-1163ж). Исфиджаб (Сайрам) қаласында туылып, Иассы (Түркістан) қаласында өмір сүрген. «Диуани хикмет» («Даналық кітабы»). «Рашахат- ул айн-ил хайат» еңбектерін  жазған. Оның еңбектері «Сйраж ул- Кулуб» жинағының құрамында Москвадағы орталық мемлекеттік архивте және Стамбұл, Ташкент, Москва кітапханаларында сақтаулы. Ғұламаның еңбектеріне ағылшын ғалымы Дж. С. Тримингиэм, түрік ғалымдары Мұхаммед Фуад Куприлизаде, Кемал Ераслан, орыс  ғалымдары А.Н. Самойлович, Е.Г.Бертельс., В.В.Бартольд., В.А.Гордиевский және басқа ғалымдар қызығушылық танытып, зерттеулер жүргізген.

Тарих ғалымның дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың қатарына Мұхаммед Хайдар Дулатиді (1499-1551ж) жатқызуға болады. Ол Қазақстан мен Орта Азия, Моғолстан тарихын, әсіресе дулат тайпасының тарихын жақсы білді. Оның «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі Кашмирде, Орта Азия, Үндістан мен Иранда бірнеше тілдерге аударылып басылып шықты. Оның аталаған еңбегін В.В.Вельяминов- Зернов орыс тіліне аударса, Д.Росс ағылшын тіліне аударып бастырды. Ғалымның 500 жылдық мерейтойының Ташкент қаласында Халықаралық деңгейде аталып өтілуі, оны әлем ғалымдарының мойындағаны  деп түсіну керек. Орта Азиядан шыққан ұлы астроном әрі математик Ұлықбек (лақап аты) шын есімі Мұхаммед Тарағай (1394- 1449ж) Орта Азия халықтарының ғылымы мен мәдениетін бүкіл дүние жүзіне танытты. Ол Самарқанд қаласында астрономиялық мектеп ұйымдастырып, сол заманда ешбір елде теңдесі жоқ обсерватория салдырды. Оның басты еңбегі «Зидж-и- Ждид и Гургани» болды. Ғұлама бұл еңбегінде 1018 жұлдыздың орналасуы туралы мәлімет беріп, оларға каталог жасады. Европа ғалымдары ХV ғасырда Ұлықбек бастаған ғалымдар еңбегінен астрономиялық тұрғыдан баға жетпес мәліметтер алып өз еңбектерінде пайдаланды. Ғалымның аталған еңбегі 1665жылы  Оксфордта басылып шығып, зор қолданысқа ие болды. Ұлықбек еңбектерінің екі нұсқасы Стамбұлда, Лондондағы «Индия оффис» кітапханасы мен Британ мұзейінде сақтаулы тұр.

Бұл келтірілгендер өздерінің ғылыми еңбектерімен Әлемдік ғылымның көш басында тұрып, ғылым мен білімнің әлемдік деңгейдегі дамуына оң ықпал етіп, зор үлес қосқан мұсылман ғалымдарының бір парасы ғана. Шағын мақалада олардың барлығының аттарын атап, түстерін түстеп жату мүмкін емес. XIX-XX ғасырлардан бастап, Ислам ғылымы мен  өркениеті тоқырауға ұшырап артта қалды дейтіндермен де келісе кету қиын. Осы кезеңдерде  жалпы мұсылман емес, қазақ даласында туып өскен ғалымдарымыздың өзі Алаштың атын шығарып, ұлтымыздың ұлықтығын әлемге паш етті.XVIII-XIX ғасырларда Мұхаммед Салық Бабажанов, Шоқан Уалиханов, Ыбрай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар ұлт ғылымының басында тұрса, XX ғасырда Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Мұхамеджан  Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлекей Марғұлан және тағы басқа көптеген ғалымдар қазақ ғылымының іргетасын қалады. Олардың жазғанеңбектері мен ғылыми тұжырымдары бірнеше шет тілдерге аударылып, әлемдік деңгейдегі кітапханалардан орнықты орын тепті.

Қазақ ағартушылыры мен ғалымдарының көпшілігі алғашқыда ескіше, діни білім алып, соңынан ғылыми жетістіктерге жеткен еді.Сол себепті, олар қазақ жастарын діни имандылыққа, ғылым- білім үйренуге қатар шақырады. Ұлы ағартушы, этнограф, фолоклоршы ғалымымыз Ыбырай Алтынсарин жастарды білімге шақырған үндеуін:

«Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық,

Оқығанда көңілге ықыласпен тоқылық…….» немесе

«Істің болар қайыры, бастасаңыз Аллалап» -дейді.

Қазақтың бас ақыны, ұлы ақыны, философ ақыны Абай Құнанбайұлыда бір өлеңінде

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас»- десе, енді бірінде: «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті »- деп Алланың, Пайғамбардың (с.а.у)жолында болуға үндесе, «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр…» және тағы басқада өлеңдерінде халықты білімге, ғылымға және еңбекке үндейді. Ғылым мен  діннің арақатынасын сөз еткенде Абай «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүниеде жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды»- деп ғылым мен діннің бір- бірінен ажырамас, айнымас егіз ұғым екенін айқындап, айғақтай түседі.

Ғылымды дінге қарсы қойып, ғылымды «жасампаз», ол дінді «апиын», «ғылымның жауы» деген солақай сенімді ту етіп ұстанған қоғамда ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың қаламынан «Дін ғылымның анасы» деген өлең туындаған екен. Ол онда:

«Дін- ғылымның анасы,

Дін- ғылымның әкесі

Ғылым- діннің баласы,

Дін- ғылымның көкесі

Ғылымда бар, дінде бар

…Қол құсырып құдайға

Ғылым мен дін бірге бар»- деп дін мен ғылымның құстың қос қанатындай бірге екендігін, бірінсіз -бірінің биікке ұшып, алысқа самғай алмайтынын еске салады.(Н. Үркімбай «Жұлдызды аспан»)

Батырбек АЙТЖАНОВ

 

 

 

Пікірлер Кіру