Періштелердің өзі салауат айтқанда, біз неге сараңдық жасаймыз?!

25 қараша 2018 11693 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы Тағанұлы

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
Астана қаласының және республикалық 
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Мұсылман үмметінің қуана қарсы алар мерекесі – Мәуліт айы мейрамына Алла нәсіп етіп биыл тағы қауыштық.

Бұл мереке, яғни Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуі – мұсылмандар үшін ұланасыр мейрам, қуанышты оқиға. Ия, өте үлкен мереке. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі дәл осы Мәуліт айында Алла Тағала адамзатқа ең ұлы нығметін (с.ғ.с) жіберді. Бұл нығметті адамзат үшін мейірім етті. Алла Тағала Құранда:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلاّ رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ

«Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік»[1], – деп баяндады бұл нығметін.

Сонымен қатар, Пайғамбар (с.ғ.с) ізінен ерген үмметі өзге үмметтердің алдында үлкен абыройға бөленіп, қайырлы үммет атанды. Алла Тағала бұл нығметті Құранда:

كُنْتُمْ خَيْرَ أمّة أُخْرِجَتْ للنْاسِ

«Сендер адам баласы үшін қайырлы бір үммет болып таңдалдыңдар»,[2] – деп көрсеткен. Үммет бұл абыройға Пайғамбарсыз (с.ғ.с) әсте қол жеткізе алмас-ты. Бұл ақиқатты Алла Тағала Құранда:

لَقَدْ مَنَّ اللهُ عَلىْ المُؤْمِنيْنَ إذْ بَعَثَ فِيِهِمْ رَسُولاً مِنْهُمْ يَتْلوُ عَلَيْهِمْ آيْاتِهِ وَيُزَكّيهِمْ

«Расында, Алла мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын Елші жіберді»[3], – деп баяндаған.

Сонымен қатар, Пайғамбардың (с.ғ.с) бар болуы – үмметінің азапқа ұшырамауына кепіл. Алла Тағала бұл туралы Құранда:

وَمَا كَانَ اللَّهُ لِيُعَذِّبَهُمْ وَأَنْتَ فِيهِمْ

«Негізінде, Алла Сен олардың ішінде болғанда, оларды азаптамайды»[4], – дейді.

Міне, осылайша Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірге келуімен жер мен көктің арасы нұрға бөленіп, пайғамбарлықтың келуімен төрткүл дүние тура жолдың нұрына шомды.

Оның (с.ғ.с) дүниеге келуі Кисраның тағын шайқап, мәжусилердің мың жыл өшпеген оттарын сөндірді.

Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірге келуіне қуанбау мүмкін бе?! Ол (с.ғ.с) – адамзаттың мырзасы. Оның (с.ғ.с) сүннетіне еру – Аллаға деген махаббаттың көрінісі. Алла Тағала бұл туралы былай сүйіншілейді:

قُلْ إنْ كُنْتُمْ تُحِبّوُنَ اللهَ فاتبعوني يُحْبِبْكُمْ اللهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ

«(Мұхаммед с.ғ.с.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды», – де».[5]

Мұхаммад (с.ғ.с) – ұлы пайғамбар. Оған бағыну – Аллаға бағыну. Алла Тағала айтады:

مَنْ يُطِعِ الرَسُوُلَ فَقَدْ أَطاعَ اَللهْ

«Кім пайғамбарға бағынса, расында Аллаға бағынған болады»[6].

Пайғамбарды (с.ғ.с) жақсы көрмеген адамның иманы кәміл бола алмайды. Бұған қатысты сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

لا يُؤْمِنُ أحَدُكُمْ حَتّىّ أكوُنَ أحَبُّ إليْهِ مِنْ وَلَدِهِ وَوَالِدهِ وَالناسِ أَجْمَعيْن

«Кімде-кім мені баласынан, әкесінен және жалпы адамдардың бәрінен артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайды»[7], – дейді.

Міне, бұл – Мұхаммед (с.ғ.с)! Оның (с.ғ.с) өмірге келуі бүкіл әлемді нұрға бөлеген. Оның дүниеге келуі – үммет үшін үлкен қуаныш. Алла Тағала Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) орнын Құранда мына аятпен көрсетеді:

إنَّ اللهَ وَمَلائِكتَهُ يُصَلّوُنَ عَلىْ النَبِيّ

«Расында, Алла Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады»[8]. Ендеше, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрметіне біз де салауат айтайық, себебі Алла Тағала бізге:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

«Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер»[9], – деп бұйырған.

Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде:

البخيل من ذكرت عنده فلم يصل عليَّ

«Сараң адам – менің атым атылғанда, маған салауат айтпаған адам»,[10] – деген екен. Ендеше, күллі ғалам рақым нұрына шомылып, періштелердің өзі салауат жолдап жатқанда, мерейлі Мәуліт айтында біз де сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, «сараңдардың» қатарынан болудан сақтанайық!

Аллаһумма салли уа саллим ъала сайидина Мухаммадин уа ъала алиһи уа асхабихи уа мән табиъаһум би ихсанин илә яумид-дин.

Уа, Алла! Мырзамыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына және қияметке дейінгі соңынан ергендерге сәлемің мен игілігіңді жаудырғайсың!

 


[1] «Әнбия» сүресі, 107-аят.
[2] «Әли Имран» сүресі, 110-аят.
[3] «Әли Имран» сүресі, 164-аят.
[4] «Әнфәл» сүресі, 33-аят.
[5] «Әли Имран» сүресі, 31-аят.
[6] «Ниса» сүресі, 80-аят.
[7] Бухари, Муслим
[8] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[9] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[10] Тирмизи

Пікірлер Кіру