Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірі – бала тәрбиесінің өзегі

02 қараша 2020 8222 0
Оқу режимі

Бала –ата-ананың көз қуанышы, бауыр еті. Сондықтан кез келген ата-ана ұрпағым иманды, ибалы, ізетті де ізгі болса екен деп армандайды. Дегенмен, «алма піс, аузыма түс» деп отырмай осы мақсат жолында аянбай тер төксек қана перзентіміздің күйініш емес, сүйініш болары анық. Тіпті мәңгілік өмірде  алтын тәж киюіңізге себепкер болуы әбден мүмкін. Ендеше, салиқалы ұрпақты  қалай тәрбиелеу керек?

Баланың болмысы сол – көрсем, білсем деп тұрады әрі еліктегіш келеді. Осы қасиеттерін ескере отырып, ұтымды пайдаланған абзал. Мәселен, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен мінезін әңгімелеп айту арқылы ислам тарихынан азды-көпті мағлұмат беріп, сәби жүрегінде қадірлі Елшіге (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін оятып, әрі оған ұқсауға шақырасыз. Сүйікті жары болған АЙша анамыз: «Оның мінезі – Құран еді», – деп сипаттаған ғой. Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көркем мінезі туралы естіп-білу жастайынан мұсылмандық әдепті оның бойына сіңірері хақ.

Мұның тағы бір маңызды қыры пайғамбарымыздың(с.ғ.с.)  өмірімен танысу арқылы бала шариғатымыздың ата заңы, қасиетті Құран Кәрім турасында мағлұмат алып, ұлық кітабымызға кіршіксіз көңілімен саяхат жасайды. «Әуелі аят, хадис – сөздің басы, Қосарлы бәйітмысал келді арасы, Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы», – дейді Абай.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді», – деген (Табарани). Күнделікті өмірде бақылап отырсаңыз, балаңыз нені көп көрсе, көп тыңдаса, сол кейіпкерге ұқсағысы келеді, соның сөзін, ісін қайталайды. Мен «человек паукпын», «мен спайдерменмін», «мен феямын», «мен ханшайыммын» деп алып-ұшып жүрген бүлдіршіндерді жиі көреміз. Бала мінезі бумеранг секілді, ерте ме, кеш пе, бергеніңіз қайтып алдыңыздан шығады. Осы орайда «теледидерға телміртіп, әйтеуір мазамды алмай тыныш отырса болды» деген немқұрайлылықтан барынша сақтанып, баламен бала болып ойнап, қиссаларды айтып берсеңіз, ол да сіздің еңбегіңізді ескеретіні даусыз. Перзентіңіз қызықпай жатса, әртіс болуды үйреніңіз, қуыршақтарды пайдаланыңыз, қысқасы қалауын табыңыз. Ең болмағанда, «Бөжей алып кетеді», «Қасқыр жеп қояды» деп баланы алдамай, «Сүйікті Пайғамбарымыз мұны ұнатпаған», «Ол тамақтан соң қолын жуған», «Ол үйге сәлем беріп кірген», «Өзгеге бауырмал болған», «Ол өтірік айтпаған» деп күнделікті әдептілікті Мұхамедтің (с.ғ.с.) сүннетімен жеткізсек, қанекей!

Бағзы замандардан дүниежүзі халқы  өзінің батырларын, қаһармандарын жырға қосып, апталап айтатын болған, жастарға үлгі еткен. Әлем әдебиетіндегі «Иллиада», «Одиссей», үндінің «Махабһаратасы», орыс  жұртының «Слово о полке Игорове» сынды туындылары, қазақтың батырлар жыры – сөзіміздің куәсі.  Қазақ бетке ұстар ұлдары Қобыланды, Алпамыс батырлар туралы жырлаған кезде ең асыл сөздерін, тіл байлығын, шеберлігін пайдаланған. Ендеше, күллі адамзаттың мақтанышы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы айтқанда қабілет-қарымымызды аянып қалмауымыз қажет. Себебі, жас кезде берген білім тасқа қашап жазғанмен тең. Ал, тасқа қашап жазу оңайлықпен өшпейді. Мәселен, сонау ғасырлардан бүгінге жеткен Күлтегін жазуларын көзіңізге елестетіңізші.

«Расында, сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ағраф, 21), сондықтан да сахабалар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі арқылы балаларына ізгілік дәнін себуге тырысқан. Саад ибн Уақас (р.а.): «Біз өз балаларымызға Құран сүрелерін жаттатқанымыз секілді пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  дін үшін жасаған ғазауаттарын да есте сақтауға үйретеміз» деген. Яғни олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ислам жолындағы сабырлығы мен ерліктері арқылы ұлдарының бойына төзімділік, тәртіп, әділдік сынды  жақсы қасиеттерді тәрбиелеген.

Кезінде Әбу Әййуб әл-Ансаридың: «Сен жақсы көргенді мен де жақсы көрем, уа, Расулуллаһ!» дегені бар еді. Өйткені, ол Алланың елшісін (с.ғ.с.) бүкіл дүниеден де, өз жанынан да артық сүйетін.Әйгілі сахаба  Әбу  Хурайра жеткізген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Еш күдіксіз, Алла Тағала Қиямет күні былай деп жар салады: «Менің разылығым үшін бірін-бірі жақсы көргендер қайда? Менің ғана панамнан өзге пана болмайтын осы күні мен оларға өз көлеңкемнен орын беремін». Абай: «Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін», – дейді

Ендеше, балаларымыз Алла сүйген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды сүйсе, Алла да оларды сүйері шүбәсіз. Ал, Алла сүйген ұрпақтан бақытты ұрпақ қайдан болсын! 

Жанар Елдосқызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру