Өзін-өзі құрбандыққа шалған адам

27 тамыз 2018 14698 0
Оқу режимі

Шырқыраған телефон дауысынан оянып кеттім. Таң құланиектеп атып келеді екен. Халатымды желбегей жамылып қонақ бөлмесіндегі телефон трубкасын нарау көтердім.

– Алло, қайырлы таң, құрбан айт құтты болсын!

– Бірге болсын, –дедім есіней отырып.

– Бұл мен, сенің бала күніңдегі құрдасың, жас күніңдегі сырласың, отыз жасыңда досың, қырық жасыңда қасың болған Анық. Мен аз–кем үнсіз қалдым. Саңқылдаған дауысынан Анық екенін таныдым.

– Ау, Қалеке, неге үнсіз қалдың. Білем, маған деген өкпең қара қазандай әрі ессіз адамдай таң атпастан қоңырау шалып мазаңды алып отырмын. Тосырқап тұрсың солай ғой, ә?

– Иә, Анық, сені танып тұрмын. Тыныштық па, әйтеу? – дедім арнасынан асып келе жатқан ашуымды тежеп.

– Мен өз–өзімді құрбандыққа шалдым. Оның бұл сөзі жүрегімді дір еткізді.

– Тағы ішіп алғансың ба? Мен телефонды қоямын, сенімен сөйлесіп тұрар жайым жоқ! – дедім салмақты үнмен.

– Жо, жоқ, Қалеке сәл аял етші, мен ішкен жоқпын. Қасиетті Құрбан айтта арақ ішіп ақымақ болар жайым жоқ. Мен шынымды айтып тұрмын. Мен бүгін өзімді құрбандыққа шалдым.

– Мүмкін есің ауысқан шығар, елдің өрге басқанын көре алмайтын ішің толы у мен өрт қаскөй едің, сол дертің миыңа шауып мерт етейін деген бе? – дедім қатқыл, ашулы үнмен.

– Жоқ, ақыл–есім орнында. Алайда, сенің айтқаның орынды. Кезінде пенделіктің қызыл иті санама сарып, біраз адамдарға, ішінде өзің де барсың залалым тиді. Ол қылығымды қулық, іскерлік, даналық санадым. Осы сөздерден соң Анық біраз үнсіз қалды. Трубканың ар жағынан оның кеңкілдеп жылап тұрғанын сездім де, ештеңе деместен сөзін күттім.

– Досым, Рамазан айынан бері Алланың қалауымен рухани дүниелерді оқып, көріп көп дүниеге, өмірге, адамдарға деген қарым–қатынасым мен танымымды біртіндеп өзгерттім. Айттың екі күнінде сол дүниелерді ойша қорытып, түйіндедім. Сөйттім де жан–дүниемдегі барлық ауыруларымды: қызғаншақтық, мақтаншақтық, мансапқұмарлық, дүниеқоңыздық, жарамсақтық, екібеткейлік бәрі-бәрін бір қара қошқардың бейнесіне жиыстырып, бір мінімді көзіне, бір мінімді құлағына, енді бірін аяғына, тағы бірін тіліне шендестіріп, келтірдім де көз алдымда, ойша елестетіп бауыздадым. Қып–қызыл емес, қап–қара қан ақты. Содан санам сергіп, жүрегім жібіп сала берді. Алғаш рет намазға жығылдым. Таң намазынан тұра сала өзіңнен бастап барлық қиянат жасаған, ренжіткен адамдарымның барлығына қоңырау шалып кешірім сұрауды жөн санадым. Кешір досым. Анықтың жылаған дауысы енді тіптен анық естілді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін халықтың баласымыз ғой, менің де мұз жүрегім ери бастағандай, бірақ көмейіме бірдеңе кептелгендей еш сөз шығар емес.

– Кешір Қалеке, досым, мені баяғыдай қабылдай аласың ба?

– ...

– Досым, кеш мені. Рухани ауру екенмін, енді емделіп, сауығып отырмын. Алла қаласа, бүгін айттың үшінші күні өзім көз алдыма әкеліп бауыздаған, үлкен қара қошқардай бір қошқар тауып, соны құрбандыққа шаламын. Өздеріңді шақырамын. Үй баяғы жерде. Келетін болыңдар, өтінемін...

– Жақсы. Бар айтқаным осы болды. Анық телефон тұтқасын қойды. Ал мен есеңгіреп қалған адамдай үнсіз отырмын. Жұтқыншағым бүлкілдеп, көзімнен бір сыңар тамшы сырғып түсті. Бір нәрсе есіме түсіп кетті де орнымнан атып тұрып, кітап сөремдегі «Абайға» қол создым:

Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.

Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?

Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.

Ұйқым шайдай ашылды. Өзімнен өзім ұялып, өзіме-өзім ұнамай отырдым да қалдым. Қаншама жанды мен де ренжіттім-ау, менің де жүрегімнің кір шалмаған тұсы бар ма өзі? Иманның шынайы шуағын құшып, діннің ділін түсініп, құлшылықтың құдіретіне анық бойлап жүрмін бе осы? Басқа емес, осы құбан айттың өзін, оның мәні мен маңызын тереңінен сездім бе? Айт намазына барып, одан соң құрбандық шалған болып, әлде кімдерге сол еттен бөліп беріп, әлде кімдерді үйге шақырып, шақырғандардың үйіне барып, дүниенің түгемес жырын айтып жүргенім осы ұлы мерекенің мақсаты ма еді? деген сан сұрақ жан–алқымымнан алып, жүрегімді езіп барады. Тағы да Абайға жүгіндім:

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың
түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі

Наданның көңілін басып тұр, 
Қараңғылық пердесі. 
Ақылдан бойы қашық тұр, 
Ойында бір–ақ шаруасы.

Ау, ағайын, айттың мәртебесін тым төмендетіп жіберген жоқпыз ба? Анық секілді мінезіміздегі ауруларды әр жыл сайын «бауыздап», тазартып отырсақ жан-дүниеміз жайқалып, қоғамымыз құлпырып кетпес пе еді? Ғасырлар бойы миллиондаған қойды құрбандыққа шалсақ та, мінезіміздегі түйірдей мінімізді, надандығымызды «құрбандыққа шал алмай» жүргендігімізден көкірегіміздің көзі ашылмай, іштегі шемен болған «кіріміз» біздің алға басар аяғымызды кері тартып, әлемдік білім мен ғылымның, өркениеттің көшіне ілестірмей келе жатқан жоқ па? Сіздер қалай ойлайсыздар, ағайын?...

Ау, ардақты досым Анық, қайта сен мені кешірші. Сенің рухың менен ерте оянып, мені де ізгілікке, шынайы иманға бастады. Рахмет саған досым. Алла нәсіп етсе, үйіңе асыға жетемін.

 

Пікірлер Кіру