ӨЗІН ДЕ, ӨЗГЕНІ ДЕ ҚИНАМАЙТЫН ҚАСИЕТ

22 ақпан 2023 3682 0
Оқу режимі

Қоғамда мейірім мен қамқорлық азайып, адамның кемшілігін көру, ал жақсы жағы болса, көреалмаушылық туындаған заман болды.

Біздің қоғам мейірімге зәру. Қазіргі уақытта, бір-біріне көңілі толмаған адамдар мен бірін-бірі көре алмайтын бауырлар көбейді. Біз бауырымыздың қуанышына қуанып, қайғысына бірге қайғыра алмаймыз. Бұның барлығы дерлік қазіргі қоғамның дерті.

Біреу бізге кемшілігімізді айтса, оны түзеуге тырыспай, кісінің кемшілігін іздейміз. Оны да ұялтуға, оны да ыңғайсыз жағдайға қалдыруға тырысамыз. Өзге адамның бойындағы кемшіліктерді байқамайтын қасиет – «тағафул» деп аталады. Бұл қасиетті иеленуге көп адам талпынғанда қоғамның деңгейі өсіп, аз да болса дами түсетін еді.

 «Тағафул» дегеніміз – адамның кейбір қателіктерін көре тұра, біле тұра және одан хабардар бола тұра, ол нәрседен өзін бейқам және хабарсыз секілді көрсету дегенді білдіреді. Ғұлама Ибн әл-Жаузи (Алла оны рахымына бөлесін) былай дейді:

«Тағафул, яғни жақындарыңның кейбір қателіктерін өткізіп жіберу, кешіре салу – адамның абырой, дәрежесін көтеретін көркем мінездің көрінісі. Жер бетіндегі адамдардың барлығы қателеседі. Жаза баспайтын пенде жоқ. Егер адам мұның барлығына шұқшиып, әркімнен бір мін іздеп, қазбалай берсе, өзін де, өзгелерді де титықтатып бітіреді. Ал ақылды адам отбасы, жақын-жұрағатына қатысты кейбір мәселелерде үндемей қалуға тырысады».

Сондықтан имам Ахмад: «Көркем мінездің тоқсан пайызы тағафулда жатыр», - деген. («Тахзиб әл-кәмәл» 19/370)

Бұл әлем неге мұқтаж?

Бұл әлем түсіністікпен қарауға, кешірімге, мейірімге мұқтаж…

Түсінбестіктен қаншама байланыстар үзілді. Өзін біреудің орнына қойып көруге тырыспағаннан қаншама жобалар аяқсыз қалды.

Кешіре алмаудан қаншама мықтылар біріге алмай жатыр, қаншама жастардың жолы ашылмай қалды.

Қандай да бір қоғамда өзара мейірім, өзара жәрдем болмаса ешқашан алға жылжымайды...

Алла Тағала баршамызды мейірімді, бауырмал, қамқор құлдарынан еткей!

Азамат АКТАНОВ,

"Әлжан ана" мешітінің наиб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру