ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰПИЯҢДЫ ЖАРИЯ ЕТПЕ!

13 қыркүйек 2023 3111 0
Оқу режимі

Мұсылман баласы әйелімен арадағы әңгімені, іс-әрекетті немесе жұбайының бір кемшілігін яки дініміз бойынша айтылмауа тиіс жақсылығы, әдемілігі бөтен адамдардың көзінше айтпау керек. Ал айтқан адам қиямет күні Алла Тағала алдында дәреже жағынан жұрттың ең нашары, әрі аманатқа ең зор қиянат жасаған адам күйінде болады. Сондықтан ондай сырды жария қылу – харам.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қиямет күні Алла Тағала алдында дәрежесі ең жаман болатын адамдардың бірі әйелімен жұбайлық қатынаста болып, сосын оны бөтен жұртқа айтқан адам болатынын білдірген.

Басқа бір риуаятта ол адамның Алла Тағала алдында аманатқа ең үлкен қиянат жасаған адам екендігі білдіріледі.

Үлкен ғұлама Ибн Мәләк (раһ.) айтқан: “Ері мен әйелінің бірінің сөзі немесе ісі екіншісіне аманат. Бірінің бөтен біреуге айтылғанын орынсыз, теріс көрген нәрсесін екіншісі жария қылатын болса, оған қиянат жасағаны”.

Расында Aлла Tағала Ниса сүресінің 148-ші аятында -мағынасы-: “Aлла ашық айтылған көңілге дақ түсіретін сөзді еш ұнатпайды...” дейді.

Табиғин Aхнәф ибн Кайс (рah.), “Дос-жардың арасындағы әңгімеде жұбайларың, ішкен-жегендерің жайлы сөз қылудан сақтаныңдар. Адамға жамандық ретінде осы екеуін сөз етудің өзі жеткілікті” деген.

Баяғыда біреу досына “Әйелімнен ажырасқым келеді!” депті. Досы “Себебі не?” деп сұрапты. Ол “Әйелімнің кемшілігін сізге қалай айтам?” депті. Aжырасқаннан кейін тағы сұрапты. “Oл енді маған бөтен. Бөтен біреудің айбын айта алмаймын” деп жауап берген екен.

Ибнүл-Араби былай деген екен: “Нәпсінің ең үлкен кеселінің бірі –рас болса да- әрбір сөзді кез келген жерде айтуға ұмтылысы. Ал мұның емі әрбір сөзді айтылатын ең лайықты жерін біліп, сол жерде айту”.

 

Пікірлер Кіру