ОТБАСЫ

Отбасы – шағын мемлекет. Ер мен әйелдің одағы, берік қамал. Әр отбасының өзіне тән дәстүрі, салты, сыртқа көп дабыра қылмайтын ішкі құпиялары болуы тиіс. Оған сырттан келіп ешкімнің ши жүгіртіп, қол сұғуға құқы жоқ. Өкінішке орай біз отбасы мәселесіне жиі араласатын болып кеттік. Теледидардан көрсетіліп жатқан түрлі деңгейдегі ток шоулар, әлеуметтік желідегі талқылар. Бұл сырттан жұққан дерт. Біздің ұлттық менталитетімізге жат әрі ерсі дүние.
Ол аздай тұс-тұстан келіп жатқан түрлі шетелдік ұйымдардың да біздің отбасылық құндылықтарымызға қол сұға бастауы алаңдатады. Бұған абай болып, жол бермеуіміз керек.
Отбасы – әркімнің интимдік ішкі мәселесі, оған сырт көз былай тұрсын жақын туыстары да кірісе бермеген.
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны тағы рас.
Ертеде қыз-күйеуінің жанжалының үстінен түскен қайын атасы:
- Балам, қызыма неге ұрсасың? – дейді ғой.
Күйеу баласы:
- Ақсақал, сізден кеткен, бізге жеткен. Ұрыссам өз қатыным, сынса өз табағым...
Сонда атасы:
- Қап, кәрі қақпас, өзіме де обал жоқ. Сауап болды, - деп теріс бұрылып жүріп кетіпті.
Бұған күлмей керісінше ғибрат алуымыз керек.
Иә, ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі. Осыны айтқан біздің бабаларымыз – данышпан!