Осындай әйелден еркек разы

27 сәуір 2021 6912 0
Оқу режимі

Халифа Омардың (р.а.) кезінде қазылық қылған Шүрайх есімді мәшһүр бір қазы болған екен. Бір күні Шүрайхқа бір жас жігіт келіп, үйленгісі келетінін, үйленетін қыздың да оқу көрген, қалада туып-өскен біреу болғанын қалайтынын жеткізіп, осыған қатысты бір насихат айтуын сұрайды. Қазы Шүрайх та мұсылманның үйі жәннат екенін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да осылай дегенін айтып, басынан кешкен мына бір оқиғаны айтып береді:

– Жас жігіт шағым еді. Үйленетін уақыт келіп, отау тігуді ойлай бастадым. Бір күні Бәни Махзум руының қоныс тепкен жерінен өтіп бара жатып бір қызға көзім түсті. Сөйттім де әлгі қызға құда түсе бардық. Қыздың әкесі де біз жайлы сұрастыра келіп, аз уақыттың ішінде разылығын білдіріп, келісімін берді.

Көп ұзамай той да атқарылды, дұға-тілектер де айтылды. Осылайша ерлі-зайыпты екеу болып, отбасылық өмірге алғашқы қадамымызды бастық. Алайда, көп ұзамай бойымды бір өкініш сезім билей бастады. «Бұл қала көрмеген ауылдың қызы, оның үстіне оқу-тоқу көрмеген біреу, мұнымен қалай өмір сүремін» деген ойлар жайлап, бұл қабылдаған шешіміме қатты өкіне бастадым.

Арадан көп уақыт өтпей бір күні үйдегі келіншек келіп былай деді:

– Мырзам! Сіз болсаңыз бір ғалым адамсыз, ел арасындағы атақ-абыройыңыз да асқақтаған біреусіз. Ал, мен болсам, қырда өскен, қала өмірінен бейхабар бір ауыл қызымын. Асылында, «тең теңімен, тезек қабымен» болып, сіз өз теңіңізбен, мен өз жөніммен кетуім керек еді. Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ. Тағдыр төскейдегі басымызды төсекте қосты. Алла Тағала мен секілді ауылдың бір қызын сіз секілді даңқты ғалымға нәсіп етті. Енді сіз маған менің білмеген тұстарымды түсіндіріңіз, мен де соларға бойұсынайын. Мәселен, сіздің үйіңізге менің туғандарымнан кімдер келе алады, сіздің ағайындарыңыздан кімді қонақ қылайын. Кімдерге суық қабақ танытып, кімдерден алыс жүрейін, кімдерді үйге алмайын? – деді.

Әйелімнің бұл сөздерінен кейін оны бағаламаған ойларымнан өзім ұялып, өкініп, оған былай дедім:
– Бәйбіше, егер бұл сөздеріңе берік болып, орындай білсең, онда мені бақытты қылғаның... – дедім де мыналарды айттым:
– Діндар болмаған ешкімді үйге кіргізбейсің, діндар болса да сенің туғандарың үйге өте көп келе бермесін. Ал, менің туғандарымнан болса, мына-мына адамдар келмесін, ал мына адамдар тіпті кірмесін деп керекті дүниелердің бәрін айтып бердім. Арадан тура бір жыл өтті. Үйден шынының сыңғыры да естілмеді. Бір күні қызмет орнымнан, пәтуа мекемесінен шығып, үйге келсем, үйде барынша жамылған бір әйел отыр екен. Келіншегімнен кім екенін сұрадым. Ол да анасы екенін айтты. Қайын енем екенін білгеннен кейін қолымнан келгенше құрметімді көрсетіп, жақсылап күттім. Біраз уақыттан кейін енем маған:
– Ұлым, келіншегіңе разымысың? – деді. Мен де:
– Алла сізге разы болсын! Қызыңызға өте разымын. Бұл уақытқа дейін ешбір шағымым болған емес, – деп ризашылығымды білдірдім. Сонда енем тұрып:
– Ұлым, қызыма,әрине, разы боласың. Себебі, біз оны жәннатта өсірдік. Үйіміз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдіргендей, бір жәннат еді. Оған Құран ахлағынан басқа ештеңе үйретпедік. Десек те, сен билік тізгініне берік бол! Өйткені, әйелдер екі себептен тез еркінсіп, есіріп кетеді. Біріншісі – оған деген махаббатыңды жүзіне айтқан кезде. Екіншісі – қайырлы бір ұрпақ дүниеге әкелген кезде, – деді.

Міне, осы бір оқиғаның өзі түсінген адамға тұнған насихат пен толған ғибрат. Ендеше сіздермен сол насихат пен ғибратқа ой жүгіртіп көрейік.

Жалпы, кез-келген адам үйлену шағына келген кезде өзіне жақсы жар боларлық адам қарастыра бастайды. Еркек те, әйел де. Екеуінің де өзіндік бір есебі болады. Біреуі сұлулығына қарайды, біреуі байлығына қарайды, енді біреуі тегіне қарайды, ал есебінде ұтылып қалуды қаламайтындар қыздың діндарлығына қарайды. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі жарды діндарлығына қарап таңдағандар ұтылмайтынын айтқан. Ал біз – мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзіне имандай сенеміз. Өйткені, бұл – иманның бір шарты. Міне, сондықтан да, әркім есебіне қарай үйленеді.

Үйленген соң көптеген еркек пен әйелдің бойында түсініксіз бір өкініш пайда болайды.  «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дей бастайды. Дұрысын айтсақ, мұны Ібіліс дегізе бастайды. Сөйтіп, опық жегізе бастайды. Өйткені, Ібіліс үйленбеген, некесіз жандардың көзін матап, бір-бірінің кемшілігін көрсетпей, некесіз жақындасуға, зина жасауға итермелейді. Ал, некесін қиып, үйленген соң, Ібілістің бұл әрекеті, керісінше, терісінен кетеді. Бұл кезде ол қосылған екі жасты ажырастыруға талақ айтқызуға әрекет етеді. Ерлі-зайыпты бір-бірінің бойынан бұрын көрінбеген кемшіліктер көре бастайды. Ібіліс те кемшіліксіз пенденің кішкентай кемшілігін баттитып көрсетеді. Ақыры, көзге ұрып тұрғандай көрінген кемшілікті қосылған екі жарты бір бүтін бір-бірінің жүзіне ұра бастайды. Не керек, ақыры шайтан Ислам атты қорғанның бір-бір кірпіші болған мұсылман отбасыларын бұзып, қорған қабырғасын біртіндеп сөге бастайды. Себебі, оның мақсаты – Ислам қоғамының шаңырағын шайқап, ортасына түсіру, керегесін бұзу.  Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйелдің кемшілігін болмысынан деп біліп, оған көз жұма қараңдар», – дейді. Әйтпесе, Ібілістің қақпанына түсіп қалу қаупіміз бар. Сол үшін бұл жағдайда еркек пен әйелге тақуалық қажет. Әсіресе әйелдің тақуалығы басым рөл атқарады. Әйел тақуалық танытып, күйеуіне толықтай бойұсынған жағдайда ғана отбасында береке-бірлік орнайды. Әйел ендігі Жәннаты күйеуінің қабағына байланысты екенін жақсы білуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  егер адамға сәжде етуге рұқсат берілген жағдайда әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір ететіндігін айтқан.

Әйел тақуалық танытқан кезде, күйеуіне толықтай бойұсынған кезде кеудеде пайда болған өкініш те ортадан кете бастайды. Міне, сол кезде бақыт табалдырығыңа өзі-ақ келіп, есігіңді қағады.

«Ал, тақуалықты қайдан табамыз?» деген де сұрақ туындауы мүмкін. Тақуалықты Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен іздейміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең қайырлыларың – әйелімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың. Ал мен отбасыммен ең жақсы болғандарыңнанмын», – дейді. Сол себепті, отбасылық мәселелерде бізге Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) асқан үлгі жоқ. Сондықтан да, бақытқа, шаттыққа толы шаңырақ құруды қаласақ, ардақты, сүйікті Пайғамбарымыздың өмірбаянына үңілуіміз керек. Қыздарымызды да соған тәрбиелеуіміз керек.

Салтан Сайранұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру