ОРАЗА ҰСТАМАҒАНДАРҒА АЙТЫЛАТЫН ОРЫНСЫЗ СӨЗДЕР

14 наурыз 2024 1904 0
Оқу режимі

Мұсылмандар арасында  әйгілі хадис бар. Онда иманы кәміл адам өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласпайтын адам екендігі айтылады. Алайда, бұл ізгі қағиданы бәрі ұстана бермейтіндіктен, олар өзгелердің шаруасына араласқанды жақсы көреді. Атап айтқанда, біздің көпшілігіміз қандай да бір себеппен Рамазан оразасын ұстай алмаған адамды көргенде оған ыңғайсыз сұрақтар қойып, орынсыз ақыл-кеңес айтып, көргенсіздік танытуымыз мүмкін. Аталмыш мақалада адамдардың сондай жағдайларда қоятын сұрақтары мен ақыл-кеңестерін келтіріп, олардың не себепті жаңсақ және қисынсыз екенін түсіндіріп өтеміз.

Құранда, хадистерде және мұсылман ғұламалардың еңбектерінде Рамазан айының оразасынан қандай адамдар босатылатыны сипатталған болса да, көптеген мұсылмандар оларды ораза ұстауға итермелеген болып, керісінше, қысым көрсетіп жатады.

Жақсылық ойлаушылар діндес бауырларының құлшылығы мен рухани ахуалына шын жандары ашып, жай ғана «ақыл-кеңес беріп жатқандарын» айтса да, ондай «ақыл-кеңестер», көбінесе, дұрыс берілмейді. Ондай «кеңесшілердің» әдетте медициналық білімі де, дін бойынша қажетті білімі де болмайды, оған қоса, бөтен адам біреудің ахуалы мен жағдайын түсініп, елестете алмайды.

Сонымен қатар, біз оразадан бас тарту адамның өзіне де қиын соғатындығын есімізде сақтауымыз қажет. Ол ораза ұстайтындарға уәде етілген көптеген игіліктер мен сауаптан құр қалатынын және күнделікті ораза ұстау қуанышын басқа мұсылмандармен бөлісе алмайтынын ойлап, қынжылады (кейбіреулер ойлағандай, парыз етілген құлшылықтан жалтаруды көздемейді). Сондықтан, онсыз да жабыққан адамның көңілін орынсыз және дөрекі ақыл-кеңестермен, сөздермен түсірмеген жөн.

Ары қарай біз мұсылман бауырларымыз бен әпке-қарындастарымызға айтпағанымыз жөн болатын ақыл-кеңестер мен орынсыз сұрақтарды келтіреміз:

1. «Саған ораза ұстамау үшін мұсылман дәрігер рұқсат берді ме?»

Мұсылман дәрігермен ақылдасуға мүмкіндік бола бермейді. Оның үстіне, егер адам ауырып, өзін жайсыз сезініп тұрса, оның халі ешқандай медициналық кеңессіз-ақ белгілі болады.

2. «Бұл туралы имаммен / ғұламамен сөйлестің бе? / Саған ораза ұстамауға ғұлама рұқсат етті ме?»

Басына түскен жағдайды қалай шешетіндігін ғұламалардан сұрамай, білгенін істеп жатыр деп, діндес бауырың жайлы жаман ойламағаның дұрыс.

3. «Күйеуің ораза ұстамауыңа рұқсат етті ме?»

Егер әйел адам науқас болғандығы себепті немесе медициналық себептермен (мәселен, аяғы ауыр болса немесе бала емізетін болса) ораза ұстамаса, күйеуі оған күштеп ораза тұтқыза алмайды. Денсаулықты сақтау – әр адамның құқығы және ол жұбайыңның еркіне тәуелді емес.

4. «Сапарға дәл осы кезде шықпауың керек еді, Рамазан аяқталғанша күте тұрсаң болар еді» (жолда ораза ұстаудан бас тартатын жолаушы жайлы айтылып тұр).

Сіз істің толық мән-жайын, не үшін ол адамның дәл қазір жолға шыққанын білмейсіз. Бәлкім, ол сапарын кейінге қалдыра алмайтындай жағдайда болған шығар.

5. «Сәресіде тұрып, тамақты тойып ішіп көрмедің бе? Мүмкін, сәресіде көбірек жеуің керек шығар»

Науқастың мәселесі сәресіде көбірек тамақ жеумен шешіле бермейді. Көбінесе, ауырғанда бірнеше сағат сайын бірдеңе жеп тұру керек болады, ал ұзақ уақыт бойы ештеңе жемей қою зиян болады.

6. «Дәрі ішіп жүрген болсаң, таңертең таң атқанша немесе кешкісін аузыңды ашқаннан кейін ішсең де болады ғой».

Бұл – өте зиянды «медициналық кеңес». Мұндай ақылды, көбінесе, медицинадан мүлде хабары жоқ адамдар айтады. Көптеген дәрілерді белгілі бір уақытта және күніне екі реттен жиі ішу керек.

7. «Мүмкін, сәресіде немесе ауызашарда көбірек су ішуің керек шығар?»

Суды көп ішудің де науқасқа әрдайым көмегі тие бермейді.

8. «Біз өте көп тамақ жейміз. Сен аздау жеп үйренсең болады, сахабалар солай істеген».

Ораза ұстамаған адам Рамазан кезінде көбірек тамақ жеп қалу үшін ғана ораза ұстамай қалмайды. Мәселен, ас қорыту жүйесінің әр түрлі ауруларымен (немесе диабетпен) ауыратын адамдар үнемі қатаң диетамен жүруі және аз-аздан, жиі-жиі бірдеңе жеп отыруы тиіс.

9. «Өткен аптада /кеше / өткен жылы ораза ұстадың ғой. Неге енді ұстай алмайтын болып қалдың?»

Адамның қандай да бір созылмалы ауруы асқынып кеткен болуы мүмкін. Ол бір ай бойы шыдай тұрамын деп ойлап, бірақ, аяқ астынан өзін жайсыз сезінген болуы ықтимал (Өткен жылы ол өзін жақсы сезінгенімен, биыл ораза ұстай алмайтындай ауыр сырқатқа ұшыраған болуы мүмкін).

Бұл сұрақ, әсіресе, жай ғана етеккірі басталып кеткен әйелге қойылса, мүлде орынсыз.

10. «Менде де сондай мәселе бар / дәл сондай ауруым бар, бірақ, ораза ұстап жатырмын ғой».

Әр адамның жағдайы дербес, сол себепті, өзіңді біреумен салыстыруға келе бермейді. Бәлкім, ол ондай аурудың ауыр түріне шалдыққан шығар сіздің денсаулығыңыз оған қарағанда мықтылау шығар, сондықтан, ұзақ уақыт бойы ештеңе ішпей-жемей жүре алатын шығарсыз.

11. «Бұл (ораза ұстау) бастапқы бірнеше күнде ғана қиын болады».

Иә, ол рас. Бірақ, адам басқа тамақтану режиміне ауысу қиын болғандықтан ғана оразадан бас тартпайды.

12. «Менің (баламның, әйелімнің, анамның, досымның, көршімнің) дәл сондай ауруы бар, бірақ, ол ораза ұстайды».

10-шы тармақты қараңыз: әр адамның ағзасы мен жағдайы әр түрлі болады.

13. «Ең болмаса, бір күн ораза ұстап көрдің бе?»

Кейбір жағдайларда бір күн ораза ұстаудың өзі (әсіресе, ораза ұстайтын күндер ұзаққа созылатын қазіргі кезде) денсаулыққа қауіпті. Оған қоса, ол адам ораза ұстауға тырысып көрді ме, жоқ па, ұстаса, қалай болды, ол жайлы сізге есеп беруге міндетті емес.

14. «Ораза ұстай алмайтыныңа шынымен де сенімдісің бе?»

Адам жағдайын өзі біле ме, әлде оны, бірінші рет көріп тұрған сіз білесіз бе, қалай ойлайсыз?

15. «Жүктілік кезінде, бала емізіп жүргенде, ауырғанда ұстамай қалған күндеріңді кейін өтеу қиын болады. Одан да қазір ұстап таста».

Жоғарыда айтылып кеткендей, ол адам алдымен оразаны ұстаймын ба, ұстамаймын ба деп көп ойланған болар. Ақыр соңында одан бас тартса, демек, олай істеуге белгілі себебі бар деген сөз.

16. «Бұрын (алдыңғы жүктілігіңе, өткен жылы ауырғаныңа байланысты) ұстамай қалған оразаңды ұстадың ба?»

Кешіріңіз, бірақ, мұнда ешкімнің шаруасы болмауы тиіс. Сіз сот төрешісі немесе тергеуші емессіз, ал, қасыңыздағы адам сізге есеп беретіндей сотталушы емес.

17. «Тіпті Рамазан кезінде алда-жалда қайтыс болып кетсең де, қаншама игілік пен сауапқа кенелетініңді білесің бе?»

Жоқ, бәрінен де Алланың әмірін орындайтын адам мол сауапқа лайық. Ал, Алла: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер», - деген және өз денсаулығыңа залал келтіруге рұқсат бермеген. Оның үстіне, мұсылман үшін Алланың сыйына кенелудің мүмкіндіктері өте көп. Басқа да діни міндеттеріңді орындау, әр түрлі игі істер жасау, адамдарға қол ұшын беру. Тіліңді артық сөздерден тыйып, өзіңе қатысы жоқ нәрсеге араласпау да мақтауға лайық амалдардан.

Сонымен қатар, біз мына нәрсені жадымызда тұтуымыз қажет, ораза – бұрынғыдан жақсырақ болудың, өміріңді өзгертудің, мінезіңді жақсартудың амалы. Ал, мұндай нәрселерге ораза ұстаған да, ұстамаған да адам қол жеткізе алады.

 

 

 

Пікірлер Кіру