ОРАЗА ТУРАЛЫ САХИХ ХАДИСТЕР ТОПТАМАСЫ

13 наурыз 2024 2370 0
Оқу режимі

Оразаның артықшылықтары

«Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Жәннатта Раййан деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкім кірмейді. Қиямет күні: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады. Ораза ұстағандар тұрып, сол қақпадан кіреді. Олар кіріп болған соң, қақпа жабылып, одан басқа ешкім кірмейді».

(Хадисті Сәһл ибн Саъдтан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Расулулла (с.ғ.с.): «Қиямет күні Алла Тағала жолына екі нәрсені жұмсаған адамды жәннаттың бір есігінен: «Ей, Алланың құлы! Бұл – жақсылық», – деп шақырылады. Намаз оқығанды «намаз» есігінен, Алла Тағала жолында соғысқанды «жиһад» есігінен, ораза ұстағандарды «Раййан» есігінен, ал садақа бергендерді «садақа» есігінен шақырады», – деп айтқан уақытта Әбу Бәкір (р.а.): «Бұл есіктерден шақырылғандарға не қам, не қайғы? Алайда, осы есіктің барлығынан бірдей шақырылатын пенде бола ма?», – деп сұрады. Расулулла (с.ғ.с.): «Иә, болады. Мен Алла Тағаладан Сізді солардың бірі болуыңызды тілеймін», – деп жауап берді».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Мен Расулуллаға (с.ғ.с.) барып: «Маған бір амал бұйырыңыз. Мен сол амалды орындайын», – деп айтқанымда, ол (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Себебі, онымен тең келетін амал жоқ», – деп жауап берді».

(Хадисті Әбу Умамадан (р.а.) имам Нәсәи риуаят етті.)

«Қайсыбір пенде Алла Тағала жолында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала сол күн үшін оның жүзін тозақ отынан жетпіс жылға ұзақ етеді».

(Хадисті Әбу Сағид Әл-Худриден (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Рамазан келгенде жәннаттың есігі ашылып, тозақ есігі жабылады, шайтандар кісенделеді».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

Оразада жаман сөз айтудан және жаман жаман істен тыйылу

«Сіздерден біріңіз ораза ұстаса, жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балағаттаса немесе дауласса, ол: «Мен оразамын», – деп айтсын».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Кім жалған айтудан және жалғандыққа барудан тыйылмаса, Алла Тағала оның ішпей-жемей жүргенін қажет етпейді».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари риуаят етті.)

Сәресін ішудің пайдасы

«Сәресін ішіңіздер, өйткені сәресінде береке бар».

(Хадисті Әнас ибн Мәліктен (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Біз бен кітап иелерінің (Таурат, Забур, Інжіл иелерінің) оразаларындағы айырмашылық – сәресі ішу».

(Хадисті Амр ибн Астан (р.а.) имам Мүслім риуаят етті.)

Ауыз ашуға асығу

«Алла Тағала: «Құлдарымның ішінде Мен үшін ең сүйіктілері – ауыз ашуға асығатындары», – деп айтады».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Тирмизи риуаят етті.)

«Адамдардың ауыз ашуды кешіктірмеуімен амандыққа ке-нелуі жалғасады. Ауыз ашуды кешіктірмеңдер! Себебі, яһудилер ауыз ашуды кешіктіретін еді».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Ибн Мажәһ риуаят етті.)

«Біз Расулулламен (с.ғ.с.) бірге сапарда едік. Күн батқаннан кейін Расулулла (с.ғ.с.) Біләлға (р.а.): «Ей, Біләл! Түсіп бізге тамақ әзірле», – деп айтқанда, Біләл (р.а.): «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Қараңғы болуын күтпейсіз бе?», – деп жауап берді.

– Түсіп бізге тамақ әзірле.

– Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Сіз күні бойы ораза ұстамайсыз ба?

– Түсіп бізге тамақ әзірле.

Осыдан соң Біләл (р.а.) түсіп тамақ әзірледі. Расулулла (с.ғ.с.) оны ішті, кейін шығыс жақты саусағымен көрсетіп: «Мына жақтан түннің келгенін көрсеңдер, ораза ұстаушы ауызын ашатын уақыт болғаны», – деп айтты».

(Хадисті Абдулла ибн Әбу Ауфадан (р.а.) имам Бұхари, имам Мүслім және имам Әбу Дәуіт риуаят етті.

Оразаны немен ашады?

«Кімде-кім ауыз ашса, құрма-мен ашсын! Құрма таппаса, сумен ашсын, өйткені су пәк нәрсе».

(Хадисті Салман ибн Амирден (р.а.) имам Әбу Дәуіт және имам Тирмизи риуаят етті.)

«Расулулла (с.ғ.с.) үнемі намаз оқудан бұрын аузын жаңа үзілген құрмамен ашатын. Жаңа үзілген құрма болмаса, кептірілген құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бірнеше ұрттам су ішетін».

 (Хадисті Әнас ибн Мәліктен (р.а.) имам Әбу Дәуіт және имам Тирмизи риуаят етті.)

Ауызашар берудің артықшылығы

«Ораза ұстағанды тамақ-тандырған, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, әрі ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді».

(Хадисті Зайд ибн Хәлид Әл-Жуһаниден (р.а.) имам Тирмизи риуаят етті.)

«Нәби (с.ғ.с.) Умму Ъамараға (р.а.) кіргенінде, ол Нәбиге (с.ғ.с.) тамақ ұсынды. Нәби (с.ғ.с.): «Сен де алып же», – деп айтқанында Умму Ъамара (р.а.): «Мен оразамын», – деді.

– Расында, ораза ұстағанның қолынан біреулер тамақтанып жатқан уақытта, періштелер ораза ұстаған адамға игілік тілеп тұрады, – деді».

(Хадисті Умму Ъумара Әл-Ансариден (р.а.) имам Тирмизи риуаят етті.)

Рамазанның соңғы он күндігінің қасиеті

«Рамазан айының соңғы он күндігі кіргенде Расулулла (с.ғ.с.) түні бойы намаз оқитын, отбасын оятып, құлшылыққа ерекше ыждағаттылық білдіретін».

(Хадисті Айша анамыздан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Расулулла (с.ғ.с.) Рамазанның соңғы он күндігін мешітте өткізіп: «Қадыр түнін Рамазан айының соңғы он күндігінен іздеңдер», – деп айтатын».

 (Хадисті Айша анамыздан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Расулулла (с.ғ.с.) айлардың ішінде Рамазан айында, әрі Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылыққа ерекше ыждағаттылық білдіретін».

(Хадисті Айша анамыздан (р.а.) имам Мүслім риуаят етті.)

Қадір түнінің артықшылығы

«Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадір түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі».

(Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Нәсәи риуаят етті.)

«Сахабалардың бір тобына түстерінде Қадір түні көрсетіліп, ол Рамазан айының соңғы жеті түннің бірінде болатыны аят етілгеннен кейін Расулулла (с.ғ.с.): «Мен сендердің көргендерің Рамазан айының соңғы жеті түнінде ұштасатынын көріп тұрмын. Сондықтан, Қадір түнін іздеген адам, оны Рамазан айының соңғы жеті күнінен іздесін», – деп айтты».

 (Хадисті Ибн Омардан (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят етті.)

«Мен: «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Мен Қадір түні болғанын білсем, не деп айтамын?», – деп сұрағаным-да, Ол (с.ғ.с.): «Я, Тәңірім! Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені ғафу ет!», – деп тіле», – деді».

 (Хадисті Айша анамыздан (р.а.) имам Тирмизи риуаят етті.)

 

Араб тілінен аударғандар:
Абдуссамад МАХАТ,
Жалғас САНДЫБАЕВ

Пікірлер Кіру