ОРАЗА – ШЫНАЙЫ ЕМ ЖОЛЫ

21 наурыз 2024 2175 0
Оқу режимі

Негізінде Украинаның тумасы, Түркияға жолдасы екеуі көшіп келген марқұм, доктор Айдын Салих ханым артынан көпшілік қауым сүйіп оқитын “Gerçek tip” (“Шынайы медицина”) атты үлкен еңбек жазып қалдырды. Бүкіл өмірін медицина саласына арнаған доктор Айдын ханым, нағыз емнің исламдағы оразада екенін тапқан. Жазылудан үміті үзілген ауруларға сумен ораза ұстау жолдарын көрсетті. Түркияның барлық жеріне барып дәріс жүргізді. Халықпен жүздескенде мұсылман медицинасы жөнінде сөз қозғап, былай деді:

“Қазіргі кезде медицина дамып, аурухана, дәріханалар қаншалықты көбейсе де, адамдар көптеген ауру түріне қарсы адамдар ем таба алмай жатыр. Не себепті? Өйткені, біз дінімізде ол жөнінде толық айтылғанын дұрыс білмейміз. Бізде бір қате пікір бар, Алла ауруды сүйген құлына береді деген, бірақ сахабалар дәуірінде олай болмағанын байқаймыз. Мысыр патшасы Мұқайқыстың бұйрығы бойынша​ Мәдина қаласына жіберілген емші екі жыл бойы бірде-бір адам ауырмаған соң, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) оның мәнісін сұрағанда:

“Біз қарнымыз ашқанша дастарханға отырмайтын, ал ас ішкенде тоймай аяқтайтын қауымбыз” – деп жауап берген екен. Осы хадистен мұсылман үмбеті дұрыс тамақтану мен ораза ұстау арқылы ешқандай ауруға ұшырамағанын көреміз. Айша (р.а.) анамыз айтпақшы, Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден озған соң, ең алғашқы бидғаттардың (жаңалықтардың) бірі – тоя тамақ жеу болыпты.

Қазіргі күні біз емделеміз деп, бір дәрімен бастап, соңында ем таба алмай, көп дәріге тәуелді болып жатырмыз. Бұл жағдайдан қалай шығамыз? Осы жөнінде сөз қозғайық… Ең әуелі Сіздерге деніміздің сау болуы не нәрсе, ауру болуы не нәрсе екенін айтпақшымын. Алла Тағала адамзатты жаратып, мына дүниеге емтихан үшін жіберді. Бұл дүниеде ең бірінші тамақтануды үйреніп, кейін танып-білуді үйренуіміз керек еді, бірақ біз дұрыс тамақтану жолын ұмыттық. Біз неліктен тамақ жеуіміз керек? Алла Тағала Құранда: “Ал енді Алланың сендерге берген ризығының халал, тазасынан жеңдер” (Нахыл:115), деп бұйырған.

 Ең алғашқы жұтқан тамағымыз ауыздан кіріп, асқазанда, кейін ішектерде қорытылады. Содан кейін бауырда қорытылудың екінші кезеңінен өтіп, қанға барып, қанда үшінші кезең қорытылады. Қан арқылы клеткаларға барып, төртінші кезең митохондрияларда, электр толқындар – биоэнергия бөледі деп биологтар айтады.

Ал, дінімізде Алланы зікір етеді делінеді. Азықтың адал не арам болуы өте маңызды. Өйткені адал ас ауыздан кіріп, төрт жерде қорытылғанша, Алланы зікір етеді. Ал, арам ас ішсек не болады? Солай болған кезде, клеткаларда, митохондрияларда зікір бұзылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Дәйләмидің ибн Мәсғудтан (р.а) жеткізген хадисінде: «Асқазанына харам ас түскен адамның қырық күн бойғы жасаған түнгі құлшылығы, қырық күн бойы таңғы уақыттағы дұғасы қабыл болмайды…” деп бұйырған. (Ахмед ибн Ханбал, Мүснад) Сондықтан дініміздің қағидасына сәйкес, азықтың қайдан келгені жайлы, кім жасағаны жайлы, бисмиллә айтылуы жайлы сұрастырумыз қажет. Енді деніміздің саулығы не екенін түсінсек болады, біз адал ас ішіп-жейтін болсақ, клеткаларымыз зікір етіп, деніміз сау болады. Ал, керісінше болса, клеткалардағы зікір бұзылып, денсаулығымыз нашарлайды. Клеткалардың зікір бөлу үшін, зікірді қорғау үшін, Алла Тағала иммундық жүйені құрған.

Иммунды жүйе әскерлерінің қызметі – осы екі міндет. Басында айтқанымыздай, ең алғашқы бидғат тойып тамақтану болса, кейін аралас тамақ жеу болды. Ал, қазір синтетикалық тамақ. Синтетикалық тамақ – негізінде тамақ емес. Ол ағзаларда қорытылмайды. Бүгін адамдар синтетикалық тамаққа үйреніп, қораптағы ішіп-жейтін тамақтар, рафинадталған майлар пайдаланып жатыр. Синтетикалық тағамдар адал болуы мүмкін емес.

 Қазір иммундық жүйе зікірді қорғау қызметімен емес, бұзылған тағамдармен шұғылданып жатыр. Сондықтан, иммундық жүйеде ауытқу пайда болады. Бұдан түсінетініміз, тамақтануымызды​ дұрыс жолға қойып, синтетикалық тамақ қолданбауымыз қажет. Өйткені, ол барлық ауруларға себеп. Біз табиғи азық-түлікке көшуіміз керек. Асты аз ішіп жүрсек болды, ауырмаймыз. Осылайша, жеп-жеңіл жол. Аурулар жөнінде сөз қозғағанды жақсы көрмеймін. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 “Барлық дерттің себебі – көп тамақ жеу. Ал, барлық дерттің емі – аш болу” деп бұйырған”.

 

Дайындаған Қ.Қабдолда

 

 

Дереккөз: Kazislam.kz

Пікірлер Кіру