ӨМІРГЕ ҚАЙТА ӘКЕЛГЕН РАМАЗАН...

19 сәуір 2022 5331 0
Оқу режимі

Жаратқан бізді жарылқап, шұғыласын шашқан таңның атқанын көруді,  өмір сүруді нәсіп етіпті. Алланың осындай шексіз нығметтерін көзбен көруді нәсіп еткеніне шексіз шүкірліктер айтып, табиғатты тамашалағанға не жетсін.

Жаз мезгілі серуендеп жаяу жүруге өте оңтайлы мезгіл болғандықтан, әдеттегідей жол бойындағы саябақтардың біріне келіп, қаз-қатар тізілген орындықтардың біріне жайғастым. Бұл саябақтың ашылғанына аса көп уақыт болмағандығы ағаштарының аласалығынан аңғарылып тұр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың бойында бір сапқа бой түзеген ағаштардың ішінен кесілген ағаштың орыны байқалды. Байқасам жас ағаш түбінен кесілген екен. Кесілген ағаштың жанынан жас шыбық бой көтеріп келеді. Бозарып атып келе жатқан күннің шұғыласы жас шыбықтың нәзік жапырақтарына қуат бергендей жалт-жұлт етеді. Әлгі шыбық күннен шексіз қуат алып, жанындағы ағаштарға жетіп алсам деп тұрғандай. Осы көрініске қызыға қарағанымды байқап келе жатқан бейтаныс жолаушы жаныма келіп тоқтады да: «Мен бұл жас шыбықтан өзімді көріп тұрғандаймын», – деді. Әлгі жолаушының түсініксіз сөзі мені қызықтыра түсті. Сол сәтте таңқалысымды аңғарған бейтаныс жолаушы, әңгімесін былай өрбітті.

– Әлгі кесілген ағаштың жанынан өсіп келе жатқан жас шыбықты көріп өзімді сол жас шыбықтай сезініп тұрмын. Бұл кесілген ағаштың көлеміне қарап терең тамыр жаймағанын, аса алып ағаш болып үлгермегенін аңғарасың. Бәлкім діңгегіне құрт түсіп қурады ма әлде қандай да бір ауруға ұшырағандықтан, жанындағыларға зияны тимесін деп кесіп тастады ма кім білсін? Дегенмен кесілген ағаштың түбінен өсіп шыққан жас шыбық, бұл ағаштың ғұмырын қайта жалғады емес пе?

Мен де тұлға болып қалыптасуға тырыстым, өсіп жетілмек болдым. Алайда, бағытымды дұрыс таңдамаған екенмін. Мен мұны өткен жылдың Рамазан айында түсіндім...

Ауқатты отбасында дүниеге келдім. Еш уақыт қаражаттан таршылық көріп, әлеуметтік мәселелерге бас қатырмаған едім. Бірге оқыған сыныптастарым мен жоғары оқу орынындағы әлсіз, жағдайы төмен құрдастарымды мүлдем менсінбеуші едім. Тіпті оларды адам құрлы көрмеген екенмін. Тәкәппарлығымның шектен шыққаны соншалық, қолын созып амандасқысы келгендердің қолын қағып, өздерін соғып өткен кездерім де болды. Түскі үзілісте сыныптастарыммен бірге асханаға баратынмын, тапсырысты артығымен беріп асқазаным ауырғанша тоя жедім. Артығымен алған тағамдардан артылып қалып ысырап еттім. Артылып қалғанын біле тұра қасымдағы жолдастарыма бермеуші едім. Көкейімде «мен сатып алған астан неге өзгелер дәм татуы керек, қажет болса өздері сатып алсын» деуші едім. Ер жетіп, бозбала болдым. Түнделетіп қыдыруды әдетке айналдырдым. Нәпсінің жетегіне еріп арсыз әрекеттерге бардым. Арақ-шарапты азсынып, түрлі бас айналдырар шөптер мен дәрілерді тұтындым. Бірте-бірте сол дәрілерге тәуелділікті аңғардым. Солай бола тұра өзімді нәпсінің құлы болғанымды мойындамадым. Ата-анамды жиі ренжітіп, көңілдерін қалдырдым. Өмірдің мен көретін қызығы қалмағандай болды, бәрінен жалықтым. Сол сәтте қасиетті Рамазан айы таяп қалған болатын. Ата-анам ниет етіп ауыз бекітуімді өтінді. Мен келістім, себебі оразаны да жаңа ермек, қызық ретінде есептедім. Алғаш рет таңертең сәресіне оянып, дәрет алдым, ата-анаммен бір дастарханда отырып таңғы сәресін іштім. Күні бойы аш жүргендіктен болар, ауызашар уақытын тағатсыздына күттім. Алғаш рет жай қара судың осыншалықты дәмді боларын түсіндім. Кешкілік ауызашар уақытында тағы да отбасымызбен бір дастарханның басында отырып ас іштік. Сол кезде соңғы рет қашан отбасымызбен бір дастарханның басында отырғанымызды есіме түсіре алмадым. Әрқашан ата-анамды жалғыз қалдырып, достарыммен сауық құрып кететінмін. Ата-анаммен бір дастарханда отырып тамақтануды баланың ісі деп санайтын кездерім есіме түсіп, қатты ұялдым, басым төмен түсіп, жүздеріне қарауға бата алмадым. Іштей «анашым, әкетайым кешіріңдерші» деумен болдым. Сол күннен бастап әрбір ауызашар кешінде өз үйімде ата-анаммен бірге ас іштім, бірте-бірте үйімнің берекесін келтіргендей болдым. Ағайын-туыс, дос-жарандар мені ауызашарға шақырып, қонақ етті. Көптен хал сұраспаған туыстарымның қолын алып, жанашырлығын сезіндім. Дастархан басынан қартайған ата-әжелерімізді көріп, жастарына қарамай ауыз бекітіп, сауап жинап жүгенін көріп үлгі тұттым. Орнымен айтылған ұлағатты әңгімелерін есітіп, ғибрат алдым.

Отыз күн оразада балағат сөздерден аузымды, жиіркенішті көріністерден көзімді, арсыз нәпсіден өзімді тыйдым. Бір қалыпты тамақтанғандықтан болар артық салмақтан арылып, тұла бойым тазарғандай болды. Ілгері өз жасымнан әлдеқайда үлкен көрінуші едім, ал ораза уақытында сымбатымды қайта қалпына келтіріп, бой түзедім. Шындығында бойымда күш-қуат, өмірге деген махаббат, алға жүрсем деген талпыныс пайда болды. Ауыз бекіте жүріп, ішерге ас таппай қиналған жандардың халін түсіндім, тәубеме келдім. Міне осылай мен де әлгі жас шыбықтай өмірге қайта келдім, – деп әңгімесін тәмамдады.

Расында Рамазан айы – Алла Тағаланның мұсылман қауымына жасаған ұлы тартуы. Пенделік әрекеттерден арылып, барынша рухани кемелденетін, ішіп-жеуден уақытша тыйылып, нәпсісін жүгендейтін мүбәрак ай. Айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі. Пенденің шын ықыласпен тәубеге келіп, Жаратқанға қайта бет бұру айы. Жыл бойы кір шалып, тот басуға шақ қалған жүректі тазартатын рахман айы.

Алла барша мұсылман қауымының жасаған құлшылығын қабыл, ұстаған оразаларын сауаптан жазсын.

Серікбаева Гүлмира Иманалықызы,
Астана қаласы әкімдігі, Дін проблемаларын
зерттеу орталығының маманы

 

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру