Олар – жәннаттың көбелектері

09 қыркүйек 2020 17697 0
Оқу режимі

Расында біз Алла Тағалаға тиесіліміз әрі Оған қайтарыламыз!

Балалы болу ата-ана үшін ең үлкен бақыт. Иә, олар өсіп-жетілгенше біраз әуре-сарсаңға түсетініміз, үнемі олар үшін уайымдайтынымыз рас. Алайда, баланың дүниеге келуімен үйіміз жылылыққа, шаттық пен берекеге, қуанышқа толады. Жұбайлар арасында жауапкершілік, сыйластық сезімі арта түседі.  Үй ішін қуанышқа толтырып, ата-анасын ең бақытты жан еткен сол балапанымыз Алладан аманат болып келіп, өмірінің жаңа беттерін ашып үлгерместен, Алланың тарапына ерте қайтып жатса не істейміз?

Уақыт бәріне емші

Өлім – шарасыз құбылыс. Өлімнен ешкім сақтандырылмаған, мейлі олар пайғамбарлар (а.с.) болсын, ізгі адамдар болсын, періште сәбилер болсын. Кез келген адам өлімнің дәмін татады. Баланың өлімі ең алдымен ата-ана үшін қиын сынақ әрі ауыртпалық. Бұл біз қаласақ та, қаламасақ та үлкен сабыр мен шыдамдылықты, Аллаға бойсұнуды және тағдырдың жазуына көнуді талап ететін сынақ. Алланың бұл әмірін әр отбасы әр түрлі қабылдауы мүмкін. Осы тұста ата-ананың сабыры мен иманы қатты сыналады. Бұл әрине, қиын жағдай, дегенмен, Алланың тарапынан келгенімізді, әрі ерте ме, кеш пе Аллаға қайта оралатынымызды жете түсінсек қана, бұл ауыртпалықты біраз жеңілдете аламыз. Әке  мен ананың көзі тірісінде бауыр еті  баласынан айырылуы айтпаса да ауыр қайғы. Дана қазақ осы жәйттің ауырлығын «Аталатсаң аталат, боталатпа» деп бір ауыз сөзбен түйіндеп қойған.  

Әрине, егер ол сіз көптен күткен сәби болса, бұл сынақ сізді есеңгіретіп қоятыны сөзсіз.  Бұл айырылысу жүрегіңізге сызат түсіріп, жаныңызды жегідей жейді, бұл істе кез келген ата-ана шарасыз. Осындай сәттерде тек уақыт қана сіздің серігіңіз бола алады.

Көптеген бағдарламалардан баланың өлімі отбасының бұзылуына алып келеді дегенді жиі естиміз. Ерлі-зайыптылар басқа түскен осы сынақты бірлесе жеңудің орнына, бір-біріне кінә артып, бір-бірінен алыстап, әр қайсысы өз естеліктерімен,  уайымымен жүріп, соңы ажырасумен аяқталып жатады. Ал, Алланың бұйрығы мен тиымдары бірінші орында тұратын,  қамқор отбасында мұндай жағдайлар болмайды, болмауы тиіс. Керісінше, басқа түскен сол қайғы «жақында Алла бізге тағы да сәби беріп, қуаныш сыйлайды» деген үміт отын жағып,  ерлі-зайыптылар мен туыстарды  бір-біріне жақындатады.

Жәннаттың кілті

Көпшілігіміз мұсылманша құрылған және соған сай өткен тіршіліктің, бала-шаға сүюдің  бұл дүниедегі пайдасына ғана назар аударып жатамыз. Ал негізінде, жақсы жанұя мен ізгі перзенттердің пайдасы бұл дүниемен шектелмейді. Сондықтан мұсылманша отбасын құрып, перзентті болудың ақыретте де тиетін үш түрлі пайдасы бар.

Соның бірі балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған баланың ақыретте әке-шешесіне тигізетін пайдасы. Қалай дейсіз бе? Бұл дүниеде ата-анасының мейірім құшағына қана алмаған бала, ақыретте қатты жылайды екен. Сонда Алла Тағала періштелеріне: Бұл бала не үшін жылап жатыр? – дейді. Баланы жұбата алмаған періштелер: Әке-шешесі күнәһар еді. Ал бұл бала болса, әке-шешесіне барғысы келеді – дейді. Әділетті, мейірімді Алла бейкүнә балаларды ата-анасымен бірге азаптамайтыны анық. Балалар болса әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннатқа кіргізбейінше жібермейтіні туралы сүйінші хабарлар келген[1]. Соның бірі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала балиғат жасына жетпей үш баласы шетінеген әр мұсылманды, балаларға болған мейірім, рахымымен жәннатқа кіргізеді»[2], десе, басқа бір риуаятта: «Екі баласы шетінеген адам» – деген. Яғни, баласының өліміне сабыр еткен адам үшін бір баласы шетінесе де Алланың қалауымен шапағатшы болады. 

Әбу Хассан былай деп баяндаған: «Бірде Әбу Һурайраға: «Менің екі балам шетінеп кетті. Алла елшісінен естігеніңді бізге айтып бермейсіз бе?! Қайтыс болғандарымызға байланысты жүрегіміз тынышталсын!» - дедім. Сонда Әбу Һурайра былай деді: «Иә, Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деді: «Сендердің балаларың — Жәннаттың көбелектері. Ата-анасының біреуін немесе ата-анасының екеуінің де киімін ұстап алып, мен сенің киіміңді ұстап тұрғаным сияқты ұстап алады да, Алла ата-анасын Жәннатқа кіргізбейінше олардың киімін жібермей ұстап жүреді!»[3]

Тарихта сабырлылығымен танымал болған Хазірет Үмму Сүйләйім деген сахаба әйел туралы мына оқиғаны естіген боларсыз?

Хазірет Үмму Сүйләйім ары таза, тәрбиелі, иманы берік әйел болатын. Құшағындағы баласы дүние салғанда, асқан бір сабырлылық танытып мәйітті өзі жауып, кебіндеген соң, үйдің бір тұсына  апарып қойған күйі көршілерге қарап:

Әзірге әкесіне хабар бермеңдер! - деп қатаң табыстады. Әкесі Әбу Талха кеш бата үйге келіп, ауырып жатқан баласының жағдайын сұрайды. «Сен кетердегіден әлдеқайда тәуір», - деп жауап берді әйел. Екеуі бірге ас ішті. Әңгімелесіп отырғанда хазірет Үммү Сүләйім күйеуінен: «Әбу Талха», -  деді көзіне көзін қадаған күйі, – Қарызға алған нәрсені қайтарған жөн бе, жөн емес пе?

– О не дегенің? Әрине, қарызды міндетті түрде қайтару қажет.

– Олай болса, Алла Тағала саған аманаттаған ұлын өзі қайтарып алды!

Бұл сөзді естіп күрсінген Әбу Талха бар-жоғы: Бәріміз Алла Тағала үшін жаратылдық. Ерте ме, кеш пе түбінде соған қайтамыз, - деп Жаратушының ісіне ризашылықпен мойынұсынып, көнгеннен басқа артық қылық жасамады.

Таң атқанда мән-жайды Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып баяндады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолын жайып: «Уа, Жаратқан! Әбу Талханың осы бір өнегелі ісін оған екі есе қылып қайтара гөр!» – деп дұға етті.

Айтқандай-ақ, тоғыз ай он күн өткенде Әбу Талханың үйі шаттыққа бөленіп, әйелі шекесі торсықтай ұл тапты. Атын «Абдуллаһ» деп қойды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесін алып өскен Абдуллаһ кейіннен Исламға аянбай қызмет еткен ұлы тұлғалардың біріне айналды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қандай да бір пенденің басына бір қиыншылық келсе: «Барлығы Алладан келді және Аллаға қайта оралады. Уа, Алла Тағалам, бұл тартқан қиыншылығым үшін маған мол сауап жаза гөр! Соңын қайырлы ете гөр!» десе, Алла Тағала оның бұл қиыншылығы үшін мол сауап жазып, соңын қайырлы етеді» деген.

Қайбір жылы бір ұстазымыздың тоғыз айлық егіз ұлдары араға апта салып бірінен соң бірі қайтыс болды.  Көңіл айтуға барар жолда: «Қазір не деп көңіл айтсам екен, қалай жанының жарасына жеңілдік сыйласам екен?» деген ой мазалап, ақыры сол үйге келдік.  Бар көңілімізбен жұбатуға сөздерін айттық. Жер қойнына екі егіз ұлын тапсырып отырған ұстазымыздың сондағы айтқаны: «Ғұмырлары қысқа екен. Ішімде тоғыз ай, сыртымда тоғыз ай... Аллаға шүкір жәннатта екі балам бар». Міне, осы сөздер мені тамсандырып қойды. Әр әйел адамда осындай сабыр мен иман  болса...

Иә, беретін де Алла, алатын да  Алла ғой... Усама ибн Зәйд былай дейді: «Алла елшісінің немересі Мұхсиннің науқасы артқан кезде хазіреті Зейнеп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) хабар бергізіп үйіне шақырды. Хақ елшісі (с.ғ.с.) жанына бірнеше сахабаларды ертіп келді. Пайғамбар (с.ғ.с.) қызын жұбатып: «Алланың бергені де, алғаны да Алла Тағаланың өзіне тиесілі. Әрбір тірі жанның бір өмірі бар. Сабырлы бол! Сауабыңды Алладан күт!» - деді. Сосын немересін алдырып құшағына басты. Мұхсиннің жүрегінің қатты соғып жатқанын естігендей болдым. Оның жағдайын көрген Алла елшісі көз жасына ие бола алмады. Сол кезде бір сахаба:  «Пайғамбарым! Сіз де жылайсыз ба?» - деп қалды. Сол сәтте Алла Елшісі (с.ғ.с.)  жауап қайырып: «Алла Тағала рақымшыл құлдарына ғана рақым етеді», - деді[4].

Дұға – мұсылманның қаруы. Ол «қару» бізде үнемі қолданыста болуы керек. Сіз дұға етіп, сұраудан жалықпасаңыз, Ол дұғаңызды қабыл етіп, сұрағаныңызды беруден әсте «жалықпайды». Есіңізде болсын, Алла Тағала әр адамға өзі көтере алатын ғана  қиындық береді және «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар. Ендеше босай қалсаң және тырыс. Раббыңа ғана бел байла»[5], - деген аяттар арқылы сол қиындықтардың артынан жеңілдіктер мен жақсылықтар да келетінін ұмытпауды бұйырады.

Алланың бергені де, алғаны да Өзіне тиесілі. Сабырлы болып, сауабын Алладан күтіңіз! Алла біздерді бауыр етіміз балаларымыздан айырмасын!

Лаура Қанатқызы


[1] Жамиғус-сағир, 3/2364
[2] Бухари, Муслим
[3] Муслим
[4] Бухари, Муслим
[5] «Инширах» сүресі, 5-8 – аяттар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру