НАМАЗДАН КЕЙІН «ҚАБЫЛ БОЛСЫН!» ДЕП АЙТУ БИДҒАТ ПА?

30 қазан 2023 5240 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда бірнеше адамдардан: «Намаздан кейін бір-біріне «Алла қабыл қылсын!» деп айту бидғат, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) заманында мұндай амал жасалмаған» деп, айтып жүргенін естиміз.

Шариғатымызда сәлем беріп амандасып, бауырына жақсы сөздермен дұға қылу құпталған іс екені баршамызға мәлім. Ендеше осыған қатысты сахабалардың амалына қарайық: Жубайр ибн Нуфайр (Алла одан разы болсын) есімді сахабадан:

كان أصحاب رسول الله صلى الله عليه و سلم إذا التقوا يوم العيد يقول بعضهم لبعض تقبل الله منا و منك

«Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары айт күні (айт намазына) жиналған уақытта кейбірі кейбіріне: «Алла бізден және сізден қабыл етсін!» деп айтатын[1]» деген хадис риуаят етілді. Демек, ардақты сахабалардың (Алла олардан разы болсын) кейбірі кейбіріне осындай сөзді айтқан болса, қазіргі таңда олардың артынан ілесуші біздерге ол сөзді айту жақсы іс екендігі меңзеледі. Сондай-ақ, белгілі ғалым Али Жумға бұл мәселеге қатысты өзінің «Фатауа ғасрия» еңбегінде имам Табаридің (Алла оны мейіріміне алсын): «Намаздардан кейін әсіресе екінті және ақшам намазынан соң жамағаттардың қатар тұрып қол алып амандасуларында тәбәррук, өзара сүйіспеншілік сияқты ізгі ниеттер көзделсе, көңіл толарлық іс» деп айтқандығын жазған.

Қорытынды: Осы айтылған дәлелдердің негізінде мұсылманның мұсылман бауырымен  кездескен уақытында бір-біріне сәлем беріп амандасуы және көріскен уақытта бір-біріне жақсы сөздерді айтуымен қатар дұға қылуы жақсы амал екендігін, сондай-ақ күнәлар кешірілуіне себеп болатын істерден екендігін білеміз. Сондықтан да, осындай жақсылыққа себеп болатын амалдарды «бидағат»  деп айтудан сақтанған жөн. Керісінше намаздан кейін осындай сөздерді айту арқылы жамағаттың ортасында ауызбіршілік және махаббат  пайда болары және де мұсылмандардың бір-біріне дұға қылуға деген құштарлықтары артары сөзсіз. Дұрысын Алла біледі!

Асхат СӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ

AL-FATTAH мешітінің ұстазы

 

[1] Ибн Хажар, «Фатхул Бари» 2-ші том, 517-ші хадис

 

 

Пікірлер Кіру