МЕН ЖЕМЕГЕН БАЛМҰЗДАҚ

11 қыркүйек 2021 7363 0
Оқу режимі

Бірде жаздыгүні әкеммен ілесіп ауылдан қалаға келген болатынмын. Шіркін, сол кездегі ауыл балаларының бір арманы – қалаға барып балмұздақ дәмін көру болатын. Менің де бар ойым балмұздақ жеу еді. Бұл туралы әкем де білетін. Әкем екеуіміз базардан үйге керек-жарақты алып болған соң, балмұздақ сататын апайға кезекке тұрдық. Алдымызда бала-шағасын ілестірген ығы-жығы халық. Сәлден соң балмұздақ сататын апай мен біздің арамызда бір ғана жанұя қалды.

Бұл жанұя маған үлкен әсер қалдырды. Қатарда жасы 5-12 аралығындағы 5 бала болды. Олардың түріне қарасаң, бай жанұядан еместігін бірден білуге болады. Киімдері арзан көрінгенімен, тап-таза. Барлығыда тәртіппен бірінің артына бірі кезекке тұрып, әкесі мен анасының қолынан қысып ұстауда. Балалар бір-біріне балмұздақ жейтіндерін айтып, мәз-мейрам. Әкесі мен анасының да көңілдері биік. Екеуі бір-біріне дән риза. Анасының балаларының алдында әкелерін жоғары қоятыны байқалып-ақ тұр. Менің көз алдымда нағыз бақытты отбасы тұрды.

Содан сатушы апай қанша балмұздақ керектігін сұрады. Жанұя әкесі әйелі мен балаларына қарап: «Жетеу» деді анық дауыспен. Сатушы апай жалпы жеті балмұздақтың бағасын айтты. Бағаны естіген әйелі күйеуінің қолын жіберіп, басы төмен түсіп сатушыдан бағаны қайта сұрады. Сатушы жалпы бағасын қайталады. Ақшаларының жетпейтіндігі жүздерінен анық байқалды. Көңілдері әп-сәтте бұзылған әке мен ана бес баласына ақшамыз жоқ деп қалай айтсын?!

Бұл оқиғаны басынан бақылап тұрған әкем қалтасынан қалған жүз теңгесін алып, жерге түсіріп жіберді (бізде жағдайы шалқыған отбасы емес едік). Содан соң 100 теңгені алып, әлгі жанұя әкесінің иығын қағып: «Кешіріңіз, мынау сіздің қалтаңыздан түсіп қалды», – деді. Әкесі бәрін түсінді. Ол әкемнің көзіне тіке қарап, қолын 100 теңгемен бірге қысты да, көзіне жас алып: «Рахмет, рахмет сізге! Расымен де, бұл – менің жанұям үшін үлкен маңызға ие!» – деді.

Әкем екеуміз үйге алған керек-жарақтарымызбен ауылға қайттық. Бұл күні мен балмұздақ жей алмадым, дегенмен, бақыттың дәмін таттым.

Бұл оқиға есімнен әлі күнге дейін кетер емес. Сол күні мен сәбилік көңілмен әкеме аз да болсада ренжігендей болып едім. Ал,  қазір ойласам әкемнің сондай ақылгөй, жүрегі жылуға толы жан болғанын мақтан тұтамын. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыныны да осыдан. Ұрпағын жақсы істерге баулыған асыл әкелеріміз аман болсын!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру