МАЗАР – ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХИ САНАСЫНЫҢ МӘНІ

08 қазан 2024 666 0
Оқу режимі

Адам – жолаушы. Мына дүниедегі адамды қоршаған әлемнің бәрі оған жол көрсетеді. Адамды бақытқа, сенімге, кемелдікке, мендігі мен еркіндігіне апаратын жолдар тіл, дүниетаным, әдет, құқық, мораль, фалсафа, экономика, өнер, музыка т.б. болып кете береді. Бұл қабаттарды біз мәдениет қабаттары дейміз. Бұл қабаттардың барлығы дін исламмен өрілген. Сондықтан қазақ болмысының мәні исламда дейміз.

Дін жолы Қазақстанда бар. Жол демекші, жол үстіндегі мазарлардың жанынан өткенде қазақтар «бет сипап» өтетін болған. Егер осы мазарларды «неосалафилер» айтқандай жермен жексен қылып тастасаңыз, қазақ тарихын түп-тұқиянынан құртқысы келіп жүрген сыртқы күштерге керемет орай болады екен. Бет сипарлар елі емес, тамыры жоқ ел болып шыға келесің.

Мазар – қазақтың тарихи санасының мәні. Ол физикалық және метафизикалық тарихи ойлау жүйемізді тұтастандырып тұрған темірқазық сияқты. Бұл сананы археологтар жақсы сезеді. Мазар көріп отырсыздар «функция культивирование» деген рөлді атқарып отыр. Мына қазақтың кеңістігін мазарларсыз елестетсеңіз, бұл жер менікі деп айта алмайтындай боласыз.

Дін феноменологиясы деген ғылым саласы бар. Сол сала бойынша діни ғимараттар ол мазар, мешіт, шіркеу болсын сол елдің рухани тарихы әрі тұратын ареалын көрсететін бірден бір көрсеткіш. Мысалы шіркеу православия үшін сол елдің шекарасын білдіретін символ. Кеше Патшалы Ресей жаулап алғанда алдымен крепость салды ортасына да шіркеу.

Сондықтан мазар, мешіт ол рухани тұғыр. Ол туралы ғылыми таныммен қараған жөн. Бұрын қазақтар «молалы жерде су болар, сулы жерде ел болар деп» өлшеген. Мазар, ел, су бұлар геополитика. Кеше де солай болған, бүгін де солай жалғасып кете береді.

Dosay Kenjetay

 

Пікірлер Кіру