МАЛИК ИБН ДИНАРДЫҢ ТУРА ЖОЛҒА ТҮСУІНЕ СЕБЕП БОЛҒАН КӨРГЕН ТҮСІ

17 ақпан 2025 313 0
Оқу режимі

      Мәлік Динардан қалай сен тәубаңа келдің деп сұраған кезде ол:

“Бір уақыттарда мен ішкілікті көп ішетінмін. Кейін мен өзіме қатты ұнаған бір қымбат күңді сатып алдым. Ол маған бір қыз туып берді, мен ол қызымды өте жақсы көрдім.

       Қызым еңбектей бастаған кезінде мен оны бұрынғыдан да жақсы көріп, оған әбден байланып қалдым. Мен шарабымды ішейін деп алдыма қойғанымда, қызым еңбектеп кеп мені тартатын да, шарап киіміме төгілетін. Не керек, қызым екіге толғанында шетінеп кетті де, оған қатты қайғырдым.

Бірде, шағбан айының ортасында, бұл жұма күні болатын, мен шарапты әбден ішіп, құптан намазымды оқымастан, мас боп ұйықтап қалыппын. Түсімде Қиямет күні боп жатыр екен, Исрафил періште Сүр үрледі де, қабірлер ашылып, адамдар тіріліп, қабірден шыға бастады.

Мен де сол адамдардың арасындамын, артымнан ысылдаған дауыс естілді. Артыма бұрылып қарасам алып бір жылан ысылдап, аузын ашып, тура маған қарай өрмелеп келе жатыр. Мен одан тұра қаштым да әдемі киінген, үстінен әдемі иіс шыққан бір қарияға жолығып қалдым.

Мен ол ақсақалмен амандастым, ол кісі сәлемімді қабыл алды. Мен ол кісіге қарап: “Ақсақал, мына жыланнан құтқарыңызшы, сонда Алла Тағала сізді де қорғар,”-дедім. Қария жылап жіберді ле маған қарап: “Мен өте әлсізбін, ал бұл жылан менен әлдеқайда мықты, сондықтан оған шамам жетпейді. Сен ары қарай, тезірек қаша бер, мүмкін Ұлық Алла саған одан құтқаратын біреуді жіберер,”-деді.

Мен одан ары қашып, бір биік төбеге көтерілдім, сол жерден Тозақтың барлық бөлімдері көрініп тұрды. Мен мына сұмдыққа қарап тұрып, жыланнан қорыққаным сонша тозақ отына түсіп кете жаздадым, сол кезде артымнан біреу: “Тоқта! Сен ол жерлік емессің!”-деген дауыс естілді.

Мен сол дауысқа сеніп, кері бұрылдым. Жылан ысылдап әлі артымнан өрмелеп келеді. Мен тағы да әлгі қарияны көріп, ол кісіге: “Ақсақал, мені құтқарыңызшы деп едім ара түспедіңіз,”-дедім. Қария қайтадан жылап жіберді де: “Ол жыланмен алысуға менің шамам жетпейді, бірақ сен ана тауға қарай жүгір, сонда мұсылмандардың сақтауға қалдырған нәрселері бар. Егер сен сонда өзіңдікін тапсаң, жыланды жеңесің,”-деді.

Мен ол кісі көрсеткен жаққа қарап едім терезелері перделермен жабылған дөңгелек күміс кесекті көрдім. Әр терезе сыртында асыл тастар, інжу-маржандармен көмкерілген екі қызыл алтыннан жапқыштар және жібек перделер тұр.

Мен сол күміс кесекке қарай жүрдім, жылан артымнан ерді. Мен оған жақындап қалғанымда періштелер: “Перделерді көтеріңдер, терезелерді ашыңдар да, қараңдаршы, бұл кісінің қалдырған ештеңесі жоқ па екен, мүмкін сол құтқарар,”-деп айқайлады.

Сол кезде перделер көтерілді де, терезелер айқара ашылып алдымнан әп-әдемі, жүздері айдай жарқыраған балалар қарсы шықты, артыма қарасам, жылан өрмелеп жақындап қалыпты. Мен сасқалақтап, не істерімді білмей тұрмын. Сол кезде бірнеше бала: “О қайғы! Қарасаңдаршы мында. Жауы жақындап қалыпты, топ-топ болып шығыңдар!”-деп дауыстады. Кенет мен балалар арасында өзімнің қайтыс болған қызымды байқап қалдым. Қызым да басқа балалармен бірге алға, маған қарай шықты.

Мені көрген қызым жылап жіберіп: “Әкешім менің!”-деді. Алланың атымен ант етемін, мен осы кезде садақтан атылған жебедей боп нұр ошағына секірдім. Сосын қызым алдыма тұрып алып, сол қолын маған, оң қолын жыланға қарай созды. Жылан дереу теріс айналды да тұра қашты.

Осыдан кейін қызым мені отырғызды да, өзі алдыма отырып ап, оң қолымен менің сақалымнан ұрып: “Әкешім! “Иман келтірген адамдардың жүректері Алланы еске алған кезде тағзым етіп, діріл қағатын, жұмсарып, қалтқысыз мойынсұнатын уақыт болған жоқ па?” (Әл-Хадид сүресі: 16 аят)-деді.

Мен жылап жібердім де, қызыма қарап: “Қызым! Сен Құранды білесің бе?”-дедім. Ол: “Иә, біз сіздерден жақсы білеміз,”-деді. “Онда маған мені шағып, өлтірмекші болған жылан жайлы айтып берші,”-дедім. Ол: “Ол сіздің жасаған барлық жаман амалдарыңыз, кезінде сіз оны қолдап, күшейткеніңіз сонша, олар сізді Тозақ отына тұншықтырғысы келді,”-деді.

Сосын мен одан: “Ана мен жанынан өткен қария жайлы айтып берші,”-дедім. Ол айтты: “О әке, ол сіздің жасаған жақсы амалдарыңыз, оның әлсіздігі сонша, ол сіздің жасаған жамандықтарыңызға қарсы тұра алмады,”-деді.

Сосын мен одан: Қызым, бұл тауда не істеп жүрсіңдер бәрің?”-деп сұрадым. “Біз мұсылмандардың балаларымыз, мұнда Қиямет күніне дейін боламыз. Біз осында сіздерге шапағат жасау үшін күтіп отырамыз,-деді.

Осыдан соң мен оянып кеттім. Таң атқан соң мен ішілмеген шараптың бәрін төгіп тастап, ыдыстардың бәрін қираттым, сосын шын ниетіммен тәубе қылып, күнәларыма өкіндім. Міне мен солай тура жолға түстім.”

 

аударған Жүрсін КӘРІМ

Пікірлер Кіру