МАҒЖАН ӨЛЕҢІНІҢ МӘНІ

15 сәуір 2025 338 0
Оқу режимі

Бір-біріне қарсы қойылатын символикалық ұғымдар бар. Мәселен, күн мен түн; жан мен тән; ақ пен қара... Мағжанның "Пайғамбар" атты өлеңінде осы үш ұғым да қабат өріледі.

Мәселен, адам баласы тура жолдан тайды делік. Әрине, тура жолдан тайған соң адасады. Ол адасушылық Мағжанның "Пайғамбар" атты өлеңінде түнге баланады. Ал адасушылықтың бастау алатын жері - Батыс. Өлеңнің өзі де:

"Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Күнi батып, жаңа таңы атпаған.

Түнерiп жүр түннен туған перiлер,

Тәңiрiсiн табанына таптаған", - деп басталады. Қараңғылықтың басу себебін өлеңнің келесі шумағы ашып тұр. Оқып көрелік:

"Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.

Бiлген емес иман деген не нәрсе,

“Қарын” деген сөздi ғана жаттаған".

Ұғынықтылық үшін ақын тілге тиек еткен екі ұғымды шендестіріп көрелік. Олар: иман мен қарын.

Осы жерде материя бірінші ме, жоқ әлде сана бірінші ме деген мәңгілік сауал алға шығады. Ал Батыс болса материяны, яғни қарынды таңдаған. Қараңғылықта қалу себебі сол. Бұл ой ақын өлеңінде былайша ашылады:

"Түн баласы өмiрiнде арзан таңменен,

Қабыл ұлы ауызданған қанменен.

Табынатын құр денеге жануар,

Болған емес жұмысы оның жанменен".

Ал жан - иман. Ол - күн, ол - ақ түс. Ол - пайғамбарлар жолы. Күншығыста осы тура жолдан айнымаған бір ұлыс бар. Ол ұлыс... Ақынға жүгінелік:

"Ерте күнде отты Күннен Гун туған,

Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.

Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi,

Туа сала жалынменен мен жуғам".

Ақын - сол ұлыстың өкілі. Ол - Күн, ол - нұр, ол - пайғамбар. Егер, Абайша айтсақ, халқы надан болып тумағанда, Мағжан өзін Алламын дер еді. Алайда ол пайғамбарлықпен шектеледі. Соған орай тек:

"Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.

Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар", - дейді.

Бұл жердегі "Күн ұлын" арғы тек деп қабылдасақ, қазақ халқының әу бастан тура жолдан айнымағандығын бағамдайсың. Көздегі "Күн нұры" - сол иман. Ал ол ешқашан өзгермейді. Ол нұрдың иесі - Алла. Әкелуші - пайғамбар. Соған орай ол өзін пайғамбарға балайды. Шындығы да сол. Алайда бұл ұғымды діндәрлардың дені қабылдай алмайды. Себебі олар да жанның мәнін ашып бере алмайды. Ал жан мәнін түйсінгендер пайғамбарды былай қойғанда, Мансур Халлаж сынды: "Мен Алламын" деп айта алады. Бұл ұғым діни тілде ақида делінеді. Біз айтқан түсінік - Матуриди ақидасы. Соған орай Мағжан өлеңін де осы ақида негізінде қабыл алған жөн. Сонда барлығы өз жайына келеді.

 

Құдияр БІЛӘЛ

 

Пікірлер Кіру