ЛУДОМАНИЯ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЖҰМСАҒАН

25 қараша 2024 34 0
Оқу режимі

Лудомания – XXI ғасырдың дерті. Себебі, қазіргі таңда әлемде құмар ойындардан 350 миллион адам зардап шегіп отыр. ДДҰ-ның мәліметінше, жер жаһанда өмір сүретін ересектердің 3%-ы лудоман. Ал, елімізде бүгін 36 мыңнан астам адам аталған психологиялық дертке шалдыққан. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда құмар ойынның кесірінен 735 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Отбасының ойран болып, ажырасуға алып келетін негізгі факторлардың бірі де – лудомания. Себебі, еліміздегі ажырасқан әрбір үшінші отбасы құмар ойынның салдарынан болып отыр. Ең сорақысы қазақстандықтар соңғы үш жылда  XXI ғасырдың дертіне айналған дүние үшін триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Қалай адамдар лудомандарға айналады? Құмар ойынмен күресу жолы қандай? Толығырақ, материалда.

«Лудомания» дегеніміз не?

Лудомания – сөзін тікелей аударғанда «ақылы ауысқанша ойнау» деген мағынаны білдіреді. Кейде, мұны «құмар ойынға потологиялық тәуелділік» деп те атайды. Адамның психологиялық жағдайын айқындауға арналған медицинада қолданылатын термин. Аталған дертке шалдыққан адам өз-өзін басқара алмайды. Қолындағы соңғы ақшасына дейін ойынға тігіп жіберуге дайын тұрады. Салдарынан адам тек қаржылық қиындықтар ғана емес, психологиялық проблемаларға душар болады.

Лудоман адамды көп жағдайда қалың депрессияға батып жүргенінен, жиі мазасының болмауынан және өмір сүруге деген құштарлығының жоқтығынан тануға болады. Әсіресе, бұл белгілер үлкен соммадағы қаражатты құмар ойынға жеңілгенінен кейін байқалады. Мамандардың мәліметінше, дертке шалдыққандар өздерінің лудоман екенін жасырады. Есепсіз шығындары мен белшеден батқан қарыздарын жасыру үшін жақындарына жиі өтірік айтады. Шарасыздық шеңберінен шығатын жол таба алмағандар ақыр соңында өзіне қол жұмсайды. 2022 жылғы ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 735 адам құмар ойынның кесіренен өз өміріне балта шапқан.

ДДҰ 2018 жылы құмар ойынға деген тәуелділікті екі санатқа бөлді. Оның алғашқысы – Gaming Disorder (онлайн ойындарға тәуелділік). Бұл – компьютер, гаджет немесе бейне ойындарға деген тәуелділік. Ал, екіншісі - Gambling Disorder. Бұны ғалымдар онлайн автоматтарға деген құштарлық, спорттық жарысқа тігілетін ставкалар, қомақты қаржыға бәс тігу және казино мен құмар ойындар деп түсіндірді.

 

Лудоманиядан зардап шегетіндердің басым көпшілі кімдер?

Жалпы, әртүрлі эпидемиологиялық зерттеулерге сәйкес, жер шарында мекен ететін әрбір сегізінші ересек адам құмар ойын ойнайды. Ал, ДДҰ-ның мәліметінше, әлемде өмір сүретін ересектердің 3%-ы лудоман. Яғни, 350 миллионнан астам адам аталған психологиялық ауытқудан зардап шегеді. 2021 жылғы сандарды есепке алсақ, құмар ойынның шырмауына кеткен ересектердің 68%-ы ер адам болса, қалған 32%-ы әйелдер екен.

Оған қоса, орта жастағыларға қарағанда, лудоманияға шалдықандар арасында жастардың қарасы көп. Психологтардың зерттеуінше, отбасы немесе ағайын туыстардың ішінде лудоманның болуы өте қауіпті. Себебі, ол өзінің дертін келесі жақынына жұқтыруы мүмкін. Құмар ойынға кірген адам жанындағы адамды тек зиянды әдеттерге ғана емес, психологиялық ауруларға қоса шалдықтырады. Өйткені, жоғарыда айтып өткендей, лудоманиямен сырқаттанғанның жаны қалың депрессия мен мазасыздыққа душар болады.

Ұрпағымызды қалай сақтаймыз?

Қуанышқа орай кәмелет жасқа толмаған балалардың лудоманияға шалдығуы туралы ресми дерек жоқ. Алайда, бұл жағдай алдағы уақытта бірден өзгеріп сала беруі әбден мүмкін. Жоғарыда айтып өткендей, жастар арасында «Gaming Disorder» қатты белең алған. Кәмелетке толмағандар компьютерлік, мобильді онлайн ойындарға әуес. Интернеттің арқасында ойынның түрлі ассортиментін иеленген жастар уақытының басым бөлігін гаджеттің алдында өткізеді. Егер, ата-аналар ойынға әуес балаларын уақытында қадағаламаса, олардан болашақ лудомандар шығу ықтималдылығы жоғары, - дейді мамандар.

Іс насырға шапса, ата-аналар не істейді? Психологтардың кеңесі бойынша, бала жиі жалғыз қалып, қоғамнан оқшауланып, уақытының көп бөлігін гаджетте өткізсе, қадағалауды бастаңыз. Ал, бұл әрекеттерінің салдары кәмелетке толмаған адамның қарыздарының көбеюіне немесе үлкен соммада белгісіз жерден пайда болған қаражатқа әкеп соқтырса, онда өкінішке қарай балаңызда лудоманияның алғашқы себептері пайда болғандығын білдіреді. Бірақ, бас салмаңыз. Ашық диалог пен түсіндірме жұмыстарын жүргізгеннен кейін, бар өз орнына келеді. Ең болмағанда психологтың кеңесіне жүгініңіз, - дейді мамандар.

Не үшін лудомания қауіпті?

Біріншіден, лудомания – психологиялық ауытқу. Адам өміріне үлкен қауіп төндіретін дерттердің бірі. Лудоманияға шалдыққан адамдар алкогольді ішімдік пен есірткіге тәуелді болып қалуы ықтимал. Себебі, түсінікті. Қарызға белшесінен батқан адам басына түскен бәлені бөлісуге ұялып іштей тынып, ақыр соңында зиянды заттарға жүгінеді. Ал, іс насырға шапса, мұның арты тіпті суицидке де апарады.

Екіншіден, лудомания қоғамға қауіпті. Бұл дертпен ауыратын жан Тһтапқан таянғаны былай тұрсын, жанұясының аузынан жырып құмар ойынға бар қаражатын жұмсайды. Салдарынан отбасы ойран болады. Жақындарымен қарым-қатынасы нашарлайды. Бір сөзбен айтқанда қоғамнан қол үзіп қалады. Лудомания – ем шараларын қажет ететін психикалық ауру екенін естен шығармау керек. Құмар ойынға құмары қанбайтын адам неғұрлым көмек қолын созуды тезірек сұраса, оның жақсарып, жазылу мүмкіндігі соғұрлым жоғары.

Ауытқудан қалай арылуға болады?

Қазіргі уақытта емдеудің ең тиімді әдісі - кешенді әлеуметтік-медициналық оңалту болып табылады. Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерде оңалтуды дамытуды ерекше бақылауда ұстап, жыл сайын орталықтарды көбейтуде. Мысалы, өткен жылы 1 қыркүйекте лудомандарды емдейтін бөлімшелер тек алты өңірде ғана жұмыс істесе, қазір оңалту орталықтары тұрақты жұмыс істейтін аймақ саны 14-ке жетті.

Психолог мамандардың мәлімдеуінше, лудоманияны емдеу көп күш жұмсайды қажет ететін процесс. Ең бірінші, науқас өзінің дертке шалдыққанын мойындауы қажет. Одан кейін, арнайы психолог маманның көмегіне жүгіну керек. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі психикалық денсаулық орталықтарында психиатрлар, психотерапевтер қабылдау жүргізеді.

Дереккөз: Ел.кз

Пікірлер Кіру