КӘМІЛ МҰСЫЛМАН ТҰЛҒАСЫ

18 қараша 2022 4862 0
Оқу режимі

Ми адам ТҰЛҒАСЫН ҚОРҒАУ ҮШІН  оны алдайды. Өмір сүру барысында оның өтірігіне алданып қалмау керек. Ол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстанған жолды ұстансақ та жетіп жатыр.

Адамдардың көпшілігі мақсатқа жету жолында қиындықтарға шыдамай, беріліп қояды. Алайда, мәселе сол сәттегі қиындықта емес, қиындықты мидың қалай қабылдайтынында. Мұсылман әрбір қиындықты Алладан келген сынақ деп қарастырады.

Сынақ дегеніміз не? Аллаға оралуға арналған құрал.  Яғни, қиындық деп тұрғаныңыздың өзін мақсатқа жету жолындағы көмекші құралға айналдыруға болады. Алла сынақ әлемі ретінде дүниеде әр адамның алдына нәпсі бөгетін қойып, адамды нәпсіден туындайтын қиыншылықтарды жеңіп, абыройлы түрде өзіне оралуға міндетті қылған.  Ол жөнінде айтпас бұрын, мидың қалай ойланатынына тоқталайық.

Адамдардың миын екіге бөліп қарастыруға болады: «өшетін ми» және «өсетін ми». Американдық психолог Кэрол Дуэк Стэнфорд университетінде қызмет етіп жүрген жылдары студенттердің ойлау дағдысына эксперимент жүргізеді. Эксперимент нәтижесі бойынша студенттердің көпшілігі тұрақты ойлау дағдысына ие болса, бір бөлігі ойлау дағдысында «өзгеріске» сенеді.  Анығырақ айтар болсақ, тұрақты ойлау дағдысына ие жандар белгілі бір жетістікке жету үшін тума талант болу керек деп ойласа, екінші бөлігі жетістікке ұмтылуда «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген қағидаға сүйенеді.  (Яғни, біз мұның біріншісін «өшетін ми», екіншісін «өсетін ми» деп атауды жөн көрдік).  Мидың бұл түрлері отбасы тәрбиесінде, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста қалыптасады. Мәселен, балаңыз қиын жұмбақтың шешімін тапса, сіз оған екі түрлі реакция білдіруіңіз мүмкін: (1)«Жарайсың, балам! Сен сондай ақылдысың, жұмбақ шешудің шеберісің!» немесе (2) «Жарайсың, балам! Сен бұл жұмбақты шешуде жақсы жұмыс жасадың (көп күш жұмсадың)». Байқасаңыз, екеуінде де балаңызды мақтап, оған қолдау білдіргіңіз келді, айырмашылық жоқ секілді. Алайда, бірінші

нұсқадағыдай оның «ақылды» екенін растасаңыз, балада «өшетін ми» қалыптастырасыз. Біріншіден, ол сіздің мақтауыңызға қарай отырып, бір сәттік жеңіс сыйлаған «ақылдылықты» жоғары құндылық деп бағалайды. Екіншіден, өзінің ақылды екеніне СЕНІП, өзін басқалардан жоғары қоя бастайды. Нәтижесінде, ары қарай дамуға ұмтылмайды және өзгелер жетістікке жеткенде көреалмаушылық туындайды. Түсінгеніміздей, бала қандай да бір жетістікке жеткенде оның тұлғасын емес, іс-әрекетін мақтап, еңбек етуге бағыттау қажет. Себебі, екінші нұсқадағыдай  баланың жұмысын бағаласаңыз, оған «еңбектің» жоғары құндылық екенін дәлелдейсіз. Нәтижесінде, ол үнемі еңбек етуге баса мән береді және өзін басқалардан жоғары санап дандайсымайды.

Жеміс өсімдігін суарғанда топырақты тесіп, тамырына зақым келтірмеу үшін мұқият болатыныңыз секілді, баламен мәміле жасауда да сондай ықтияттылық танытудың маңыздылығы түсінікті болды  деп ойлаймыз.  

Өшетін ми қателесуден қорқады. Себебі, олар сәтсіздікке тап болсам, қорланып, менің «ақылдылығыма» нұқсан  келеді деп ойлайды. Олар өздерінің ақылдылығын, дарындылығын растап отыруды қалайды. Басқа адамдар растамаған жағдайда, «өшетін» ми иесін ақтап, кінәні басқалардан іздей бастайды. Мәселен, ҰБТ-дан төмен нәтиже алып қалған оқушы, өзінің ауылда тұратынын, басқа оқушыларға қарағанда дайындалуға мүмкіндігі аз болғанын, егер қалада оқығанда жақсы нәтиже көрсететінін айтып ақталады немесе тест нәтижелерін шығаруда әділетсіздік орын алған деп мойындамайды. Тіпті болмаса, өзінен  төмен нәтиже алған оқушылармен  салыстыра отырып өзін жұбатады, ақылдылығын растайды.

Ал «өсетін» ми қателесуден үйренеді. Сәтсіздіктер туындаса, кінәні өзінен көріп, кемшілігін дұрыстауға тырысады. ҰБТ-дан төмен нәтиже алса, өзінің дұрыс дайындалмағанына өкініп, келесі жолы мұндай қателікті қайталамауға тырысады.

Байқағанымыздай, өсетін мидың бір артықшылығы – қателік пен кемшілікті мойындай білуінде. Өз қателігі мен кемшілігін мойындай білу, тек сабақ болып қана қоймайды, сол сәттегі мәселені шешуге де жол көрсетуі мүмкін. Мысалы, Ахмет ағылшын тілін үйрену үшін топтық курсқа жазылды делік. Бірақ  курс сабақтары ол үшін ауырға соғып, курсты тастауға тура келеді. Ахмет курстан бас тартатынын қалай жеткізеді? Ол өз деңгейінің  топтастарының деңгейіне сай емес екенін айтып, өз кемшілігін мойындайды немесе өзін ақтап, кемшілікті мұғалімдерінен іздейді.  Бірінші жағдайда, курс иелері мәселені шешіп, сабақты басқа тәсілмен өтуді ұсынуы мүмкін. Ал екінші жағдайда «өшетін» ми өтірігінің әсерінен мәселені шешудің ешқандай жолы қалмайды.

Көріп отырғанымыздай, адам бойындағы жағымсыз қасиеттер, тәкаппарлық, көреалмаушылық, конфликт жасаудың барлығы мидың өтірігіне алданып қалуымыздан туындайды екен. Мүмкін сіз бала кезде алған тәрбиеңізге байланысты «өшетін мидың» «құрбаны» болып жүрген шығарсыз. Алайда, ұмытпаңыз: сіз қазір саналы тұлғасыз, сіз қазір таңдау жасай аласыз! 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген қиындыққа біреуді кінәлауды құптамаған.

Абай атамыз: «Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым» дегендей басқа келген қиындықтың бәрін біреуден көрмей, өз жанымызбен жұмыс жасау – ең абзалы.

Алла Тағала Құранда: «Өздеріңді ұнатып, ақтамаңдар. Ол, жамандықтан сақтанушының кім екендігін өте жақсы біледі» (Нәжм сүресі, 32-аят) - деп ескертеді. Сондай-ақ, тағы бір аятта Алла Тағала: «Өздерін ақтағандарды көрмедің бе? Керісінше, қалаған адамын Алла өзі пәк етеді» (Ниса сүресі, 49-аят) - деп пәктеудің Өз қолында екенін ескертеді.

Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Я, Аллам! Нәпсіме тақуақық беріп, оны тазартқайсың! Сен оны тазартушылардың ең қайырлысысың. Сен оның қожайыны әрі жаратушысысың» (Мүслим, Зікір 73) – деп дұға ететін.

 

Жанның тазаруы нәтижесінде жүрек сау халге жетіп, шынайы жүрекке айналады. Сау жүрек сатысында мынадай үш жағдай байқалады:

1. Ешкімді ренжітпейді. Бұл – тақуа кісінің жағдайы. Жүрек нәпсінің құмарлығынан бойын аулақ ұстайды. Осылайша көркем мінез-құлық пайда болады.

2. Ешкімге ренжімейді. Бұл – махаббат иесінің жағдайы. Күн сәулесіне кедергі болудан яғни пәнилік мадақ пен өзгенің жамандағанынан ешқандай әсер алмайды, ол үшін ешқандай мәні де жоқ.

3. Дүние пайдасымен ақырет сауабы қарсыласқанда, ақыретті таңдап, Алла разылығы мен дидарын мақсат етеді.

Нәпсі жақсылыққа да, жамандыққа да апаруға қабілеті бар көлік сияқты дәнекер. Сондықтан ол – табыс көзі, соңына ерсең, түпсіз құдыққа түсесің. Нәпсіні тазартудың берекеті – дүниеде ештеңе тең келмейтін жоғары дәрежеде көрініс табады.

Алла баршамызды жүректі тазалап, құтылушылардан болуымызды нәсіп еткей!

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру