ИМАН

15 сәуір 2025 351 0
Оқу режимі

Дүниедегі ең бақытты адамдар - мұсылмандар. Себебі, Аллаға сенеді. Сіз Аллаға сенудің қандай бақыт екенін білесіз бе? Егер білсеңіз бар ғой, жоқ олай емес, егер сенсеңіз бар ғой, өмірде сізді бұғаулаған, құрсаулаған, аяғыңызға тұсау болған, басыңызды ауыртып, балтырыңызды сыздатқан мәселелердің бәрі жоқ болып кетеді. Тек сеніңіз.

Ол сенімнің қандай сенім екендігі туралы сәл-пәл түсінік. Жалпы мына өмірдің өзі жалған, тұрақсыз сенімдерден тұрады. Адам баласы сол сенімдерге үміт артып өмір сүреді. Мәселен біреу - жоғары шенді танысына, тағы біреу - қомақты қаржысына, біреу - ақылына, тағы бірі - талантына сенеді. Күшіне сенетіндер де аз емес. Қыз-қырқындар болса да ажарына сенеді. Мұндай сенім мемлекеттерге де тән. Алайда бұл сенімдердің ешқайсысы түптеп келгенде ешкімге опа бермеген. Себебі ол сенім иманды ұрлайды. Байыбына барсақ, біз тізбелеген "сенімдердің" қай-қайсысы да Аллаға деген сенімге көлеңке түсіреді. Біз "көлеңке" деп сыпайылап айттық. Болмаса ол бар ғой...

Сонымен сенім де әрқилы болады екен. Біз өзі кешегі күні КСРО идеологиясына, коммунистік партияға сенім артқан халықтың өкіліміз. Соған орай жалпы сенімнің бәрі баянды бола бермейтінін ептеп білеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірден дінге сенім артқанымыз да сондықтан. Бірақ сол діннің де ұшпаққа шығарып жатқаны шамалы. Себебі, қанша сенім артсақ та, тіпті жұма сайын мешітке бас сұқсақ та көсегеміз көгермей-ақ қойды.

Мынандай бір тәмсіл бар. Бір адам өзінің Аллаға деген ғибадатына жүдә қатты сенім артады екен. Сенім артатын да жөні бар. Оған Алла да ғұмырды берген екен. Сол ұзақ, 500 жылдық ғұмырында Аллаға тапжылмай құлшылық жасапты. Құлшылық жасағанда, күндіз-түні намаздан бас көтермейді екен. Сол ғибадатына орай Алла да оның дәл қасынан бір құрма (анар деп те айтылады) ағашын өсіріп қойыпты. Әлгі діндәр сол ағаш жемісін жеп жан шақырған соң ғибадатын қайта жасайды екен. Өмірінің соңында ол: "О, Алла! Менің жанымды Өзіңе сәжде жасап жатқан кезде ал", - деп дұға жасапты.

Дұғасы қабыл болады. Алла алдына барғанда Жаратушы иеміз періштелерге: "Мынаны менің рахымыммен жәннатқа кіргізіңдер", - деп әмір етеді. Сонда әлгі діндәр: "Жоқ, мен жәннатқа өзім жасаған ғибадатым арқасында кіремін", - дейді. Алла Тағала оны қайта алдырып, 500 жыл жасаған ғибадаты сауабын таразының бір басына қойып, екінші басына екі көзінің бірін қойғанда, таразы басы теңеседі. Оның сонша жыл тоқтаусыз жасаған ғибадаты адам баласына Алла берген бір ғана жанардың қызметіне тең болады. Өз қателігін түсінген діндәр тәубаға келіп, Алла рахымына қайта қауышады.

Сонымен құлшылық, ғибадаттың да жайы белгілі болды. Алайда хакім Абай: "Өзіңе сен", - дейді. Алайда ол сөзге де шамалы тәпсір керек. Ол тәпсір хакім Абай тілінде "Мен" және "Меніңкі" делінеді. Біз хакім Абай "Мен"-ін "Ол" дегенбіз. Ал Ол дегеніміз - Алла. Сонда хакім Абайдың айтқаны да Аллаға деген сенім екендігі мәлім болады.

Әуелі сауал. Біз Аллаға не үшін сеніп, не үшін иман келтіреміз? Бұл сауалға біз: "Тозақтан қорыққаннан", не болмаса: "Жәннатқа қызыққаннан", - десек, онда онымыз біз келтірген иман мәнін жете түсінбегендік болып шығады. Сондықтан кімге де болсын әуелі өзі келтірген иманның мәнін жете түсініп алғаны жөн. Себебі, қай сенім де иман. Соған орай хакім Абай айтпақшы, қай жүректе де екі қуаныш, екі қайғы бірдей болмайды. Иман да сол тәрізді. Ақиқат бой көрсеткен жерде жалғанға орын қалмайды. Ал ақиқат дегеніміз - Алла.

Ұғынықтылық үшін айтайық, адам дүниеден озған кезде онда тек иман ғана қалады. Иман - Аллаға деген сенім. Сенім - Алла. Одан басқа ешнәрсе жоқ. Егер сенім кәміл болса, әр мұсылманда осы дүниенің өзінде сол иманнан басқа ешнәрсе болмайды. Сондықтан да оны мына жалған әлемнің қуанышы да, қайғысы да, одан өзге әшекей-үшекейлері де баурай алмайды. Тіпті ол өзіне әсер ететін Алладан өзге бірнәрсе бар деп те білмейді. Біздің: "Ең бақытты адамдар - мұсылмандар", - деуіміз сондықтан.

Сонымен иман дегеніміз, Алладан өзге барлық нәрсені жоқ ету деген сөз екен. Біз соған, яғни иманға иелік еткенде өзіміз де Аллалық болмысқа енеміз. Себебі біз Одан өзгенің бәрін жоқ ете алдық қой. Міне енді сол адам тозақтан қорқа ма? Сондай-ақ сол адамды жәннаттың өзімен, не ондағы хор қыздарымен қызықтыруға бола ма? Байыбына барсақ, ол адам бүкіл жаратылыстардан биік тұрады. Ал жәннаттық нығметтер оған көрсетілетін сый-сияпат қана.

Тап сол сияқты мына әлемнің де өзіне тән сый-сияпаттары бар. Ол сый-сияпатқа осы өмірге байланған адамдар қол жеткізеді. Және де олар сол сый-сияпаттар ләззатынан ешқашан ажырағысы келмейді. Сонымен қатар олар жәннатты да өздерінің сол материялдық танымы тұрғысынан бағалайды. Мұндай түсінік кей діндәрларға да тән. Олардың өз уағыздары барысында хор қыздарын қаперге ала беретіндері сондықтан. Байыбына барсақ, жәннат нығметтерін хор қыздары төңірегіндегі әңгімелермен ғана бағалау, Алла мүмкіндігіне шектеу қойғандық болып табылады. Шынтуайтына келгенде ол мүмкіндік иесі Аллаға иман келтірген мұсылман адамның өзі. Хакім Абайша айтсақ, ол - "Мен" де, ал жәннаттық нығметтер - "Меніңкі". Нақтыласақ, сеніңкі. Егер иман келтірсең.

 

Құдияр БІЛӘЛ

 

Пікірлер Кіру